Жаңалықтар

Алматыда артық майдан арылмақ болған әйел отадан соң көз жұмды

Алматыда артық майдан арылмақ болған әйел отадан соң көз жұмды
Фото: Видеодан кадр 11.07.2024 09:50 2085

Алматыда артық салмақтан арылу үшін липосакция жасатқан 47 жастағы әйел қайтыс болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Марқұм қаладағы мақтаулы пластикалық хирург қызметіне жүгінген. Алайда беліндегі майды алдыртқаннан кейін жағдайы нашарлап, беті бері қарамапты. Құралай Батырханованың жақындары науқасқа отадан кейін дұрыс күтім жасалмаған деп күдіктенеді әрі кінәлілер жазадан сытылып кетпесе деп отыр.

47 жастағы Құралай Батырханованың туыстарының айтуынша, марқұм әрдайым көңілді, ашық-жарқын мінезді болған. Ауру-сырқауды білмеген. Тек артық салмақтан арылып, салауатты өмір салтын ұстанғысы келіпті. Осылайша Алматыдағы атағы жер жаратын жекеменшік клиникаға жүгініп, ота арқылы денесіндегі майды алдыруды жөн санапты. Бұл үшін 2 миллион теңге де төлеп, 5 шілдеде ота жасатуға кеткен екен.

Әйел сол күні отадан кейін көз жұмған екен. 8 шілдеде туған күнін атап өткісі келген марқұм қуанышына бір тәулік жетпей жер қойнына тапсырылды. Артында 3 баласы қалды. 

Қара жамылған отбасы жекеменшік клиника ота жайында толық мәлімет бермеді, отадан кейін дұрыс күтім жасамады деп шағымдануда. Науқастың көз жұмғаны да бірден хабарланбады дейді. 

Мәйітке жасалған сараптаманың алдын ала қорытындысына сәйкес,  47 жастағы әйел инфаркттан кеткен. Десе де жақындары бұған сенбейді. Сараптаманың нақты қорытындысы бір айдан соң шығады. Марқұмның жақындары дәрігерлер жауапкершіліктен сытылып кете ме деп қорқып отыр. Сондықтан  олар істің әділ өтуін сұрауда.

47 жастағы бастауыш сынып мұғалімі. Ұстаздың  артында үш баласы қалған. Қазір қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Липосакцияны жасаған пластикалық хирургтың кінәсі дәлелденсе, 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға