Жаңалықтар

Алматыда Абайдың 179 жылдығы аталып өтті

Алматыда Абайдың 179 жылдығы аталып өтті
Фото: Алматы қалалық әкімдігі 09.08.2024 21:43 503

Алматыда Республика Сарайы алдында ұлы қазақ ойшылы әрі ақыны Абай Құнанбаевтың 179 жылдығына орай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкімдік мәліметінше, іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Алматыдағы Қытай Халық Республикасының Бас консулы Цзян Вэй, жазушылар, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, студенттер және қала қонақтары қатысты.

Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туған күні – еліміз үшін ерекше күн, оның шығармашылығымен бірнеше ұрпақ сусындап өсті. Абайдың есімі қазақ халқына ғана емес, бүкіл әлемге мәшһүр. Болашақ ұрпақтың осындай кездесуді жиі өткізіп, Абайды еске алып отыруы өте маңызды. Студенттердің оның өлеңдерін жатқа оқуы, ақынға деген сүйіспеншілігі қуантады, – деді Қасымхан Бегманов.

Бұдан кейін «Адамзаттың Абайы» атты жыр мүшәйрасы өтіп, Абай Құнанбаевтың ең танымал әрі қазақстандықтар сүйіп оқитын шығармаларынан үзінділер оқылды, сондай-ақ кітаптар мен этноөнімдер көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Абай Құнанбаев – Қазақстанның көрнекті ақыны, жазушысы, ойшылы және философы. Оның дәл әрі көркем тілі философиялық ойға толы, шығармаларында қазақ халқының рухы мен күшін бейнелейді. Абай қазақ халқының мақтанышы ғана емес, бүкіл әлемде жоғары беделге ие. Бейжіңде де Абайға ескерткіш қойылған. Ақынды осылайша бірге қастерлеу Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара түсіністікті нығайтатын маңызды мәдени көпір қалыптастырады, – деді Цзян Вэй.

Бұған қоса, Абайдың туған күніне орай «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Абай әлемі» атты концерт-спектакль өтеді. Режиссер Фархад Молдағалидің басшылығымен Болат Әбділманов, Ерлан Біләл, Нүркен Өтеуіл сынды танымал актерлер ұлы ақынның өмірінен сыр шертіп, Абай шығармашылығындағы жаһандық тақырыптарды қозғайды. Сонымен қатар, «Музарт» тобы, Ерден Жақсыбек, IL Canto тобы, Steppe Sons тобы, Ернар Амандық және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының хоры өнер көрсетеді.

Қаланың оқу орталықтары мен кітапханаларында Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқу байқаулары өтіп жатыр.

Жалпы, Алматыда 7-10 тамыз аралығында Абай күніне орай 20-дан астам іс-шара өткізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Абай күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылы 4 тамыздағы қаулысына сәйкес мерекелік датаға айналды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға