Жаңалықтар

Алматыда Абай күніне арналған концерт-спектакль өтті

Алматыда Абай күніне арналған концерт-спектакль өтті
Фото: Алматы қалалық әкімдігі 12.08.2024 17:21 407

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында қазақ ойшылы және ақыны Абай Құнанбаевтың туған күніне арналған «Абай әлемі» концерт-спектаклі өтті. Көрермендер әр нөмір сайын шабыттана қол соғып, әртістерге ризашылығын білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық әкімдік мәліметінше, Абайдың жас, дана және күрескер кезеңдерін еліміздің танымал актерлері Ернат Күншібаев, Болат Әбділманов және Ерлан Біләл сомдады.

Спектакльде Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының хоры мен SteppeSons аспаптық тобы Абайдың әндерін орындап, қойылым мазмұнын терең ашты.

Сонымен қатар, мектеп оқушылары ақынның төрт мезгіл туралы өлеңдерін оқып, халық ықыласына бөленді. Сахнаны кітап бетіне ұқсас экран толықтырды, онда көрермендерге Абайдың қара сөздері көрсетілді.

Бағдарламаның музыкалық бөлігінде «МузАРТ» тобы мен Ерден Жақсыбек әдемі әуенге толы әндер орындады. Спектакль-концерт «IL CANTO» вокалдық квартетінің орындауындағы Абай әндерінен құралған попурримен аяқталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға