Жаңалықтар

Алматыда 980 орындық 3 заманауи жатақхана ашылды

Алматыда 980 орындық 3 заманауи жатақхана ашылды
Фото: gov.kz 25.08.2024 05:26 440

Жаңа оқу жылының қарсаңында жеке инвестиция есебінен 980 орындық 3 жатақхана салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, қоғам белсенділері мен қала жастары қатысты.

Жатақханалар барлық талапқа толықтай сай. Мұнда тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Корпуста студенттерге арналған коворкинг аймағы, асхана және конференц залы қарастырылған.

Бұған дейін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жатақхана мәселесі тікелей бақылауында екенін айтып, Алматыға оқуға келген студенттердің жоғары білім алумен қатар, жайлы жатақханада тұруларын қамтамасыз ету керектігін айтқан болатын.
Ашылу салтанатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың құттықтау сөзін оқыды:

Студенттер үйі – бұл Алматы картасындағы жай ғана жаңа нысан емес. Осындай жағдайда тұратын әрбір студент өзін үйіндегідей сезініп, жаңа ортаға оңай бейімделіп, сапалы білім алып, қаланың дамуына үлес қоса алады. Айта кетерлігі, бұл жатақханалар жеке қаражат есебінен салынды, бұл өз әлеуеті өзіне жететін мегаполис үшін жақсы тәжірибе, – деді мегаполис басшысы құттықтау сөзінде.

Сондай-ақ, Азамат Қалдыбеков Алматы әкімдігі қазақстандық және шетелдік студенттердің жайлы жағдайда өмір сүруі үшін студенттік жатақханалар құрылысын жалғастыруды көздеп отырғанын айтты. 2024 жылы 5025 орындық 10 нысанды, ал 2025-2026 жылдары 34 мыңнан астам орындық жатақханаларды пайдалануға беру жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, жатақхана құрылысын тиімді үйлестіру үшін студенттік жатақханалар салу жөніндегі жобалық кеңсе жұмыс істеп тұр. Жобалық кеңсенің негізгі міндеті – Алматы қаласының аумағында жатақханалар салу және студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау. Жобалық кеңсе ашылғалы бері 120 әлеуетті инвестор жүгінді, оның 67-і қазір жұмысқа кіріскен, бұл қолдау көрсету тетігінің тартымдылығын көрсетеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға