GOV.kz

Алматыда 180 мың литр алкоголь және 1 млн қорап темекі тәркіленді

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті акциздік тауарлардың заңсыз айналымын анықтау және тоқтату бағытындағы жұмыстарды күшейтуде, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ведомствоның мәлімдеуінше, 2025 жылдың 10 айында алкоголь, темекі және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты бірқатар ірі құқықбұзушылықтар тіркелген. Тексеру шараларының нәтижесінде қала аумағында заңсыз айналымнан алынған тауарлардың көлемі айтарлықтай үлкен:

  • 180 мың литрден астам алкоголь өнімдері
  • 1 миллионнан астам темекі қорабы
  • 10 мың тоннадан астам мұнай өнімдері

Негізгі анықталған заңбұзушылықтар:

  • Алкогольге қатысты: лицензиясыз қызмет және тауарға қатысты ілеспе құжаттардың болмауы
  • Темекі бойынша: маркаланбаған темекі өнімдерін сату
  • Мұнай өнімдері бойынша: ілеспе құжаттарсыз айналымға шығару

Департамент заңсыз өнімдерді анықтауды мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтерді талдау арқылы жүргізеді. Сонымен қатар құқық қорғау органдарымен бірлескен рейдтер мен қала тұрғындары және қоғамдық ұйымдардан келіп түскен өтініштер де маңызды рөл атқарады.

Акциздік тауарлардың көлеңкелі айналымы мемлекет пен адал кәсіпкерлерге зиян келтіріп қана қоймай, халық денсаулығына қауіп төндіретіні атап өтілді. Жоғарыда аталған өнімдердің түпнұсқалығын тексеру үшін тұрғындарға «e-Sapa» және «NAQTY ONIM» мобильді қосымшаларын пайдалану ұсынылады.