ҚР ТЖМ

Алматы тауларында туристерге құтқарушылар көмекке келді

11.07.2025 05:23

Фурманов шыңына таңертең көтерілген екі қыздың өз бетінше төмен түсе алмай қалғаны туралы ТЖД-ға ақпарат түсті. Олардың ұялы телефоны сөндірулі болған, геолокациясы анықталмаған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

ТЖМ мәліметінше, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы жолға шықты. Құтқарушылар Кимасар шатқалынан жаяу көтеріліп, қыздардың болжамды орналасқан жеріне бағыт алды.

Энтузиастар алаңында 2007 және 2006 жылдары туған азаматшалар табылды. Тауда жауған нөсер жаңбыр салдарынан олар қозғалысты жалғастыра алмаған. Оларға медициналық көмек қажет болмады. Құтқарушылар оларды төмен түсірді. ҚР ТЖМ РЖҚЖ құтқарушыларының жедел әрі үйлесімді іс-әрекетінің арқасында операция сәтті аяқталды, - делінген мәліметте.