Алматы облысының жазғы лагерьлері оқушылардың рекордтық санын қабылдайды
Биыл жазда өңірде барлығы 30 балалар лагері жұмысын бастайды. Оның ішінде 1 мемлекеттік, 1 республикалық және 28 жекеменшік лагерь бар. Жалпы алғанда бұл демалыс орындары 6 мыңнан астам баланы қабылдауға дайын, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Облыстық әкімдік мәліметінше, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында облыс әкімдігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының бұйрығымен арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Нәтижесінде, биыл облыстағы 335 мыңнан астам оқушының 92% жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылады деп жоспарлануда.
Алматы облысы білім басқармасының қорғаншылық, қамқоршылық және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Айжан Ізбасардың айтуынша, мемлекет пен демеушілердің қолдауымен әлеуметтік осал топтағы балаларға ерекше көңіл бөлінуде.
Атап айтқанда, жетім балалар, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі оқушылар үшін арнайы жолдамалар бөлініп, олардың толыққанды демалысы қамтамасыз етіледі және «Қазақстан халқына» қорының есебінен мыңнан астам балаға лагерлерге жолдама беріледі.

