Жаңалықтар

Алматы облысындағы мектеп 15 миллион теңгеге сатылып кетті - депутат

Алматы облысындағы мектеп 15 миллион теңгеге сатылып кетті - депутат
Фото: t.me/mazhilis_kz 05.06.2023 11:46 2330

Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында 250 балаға арналған Ломоносов атындағы орта мектеп жекенің қолына 15 млн теңгеге сатылып кеткен. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ломоносов атындағы орта мектепке соңғы жылдары толығымен жөндеу жұмыстары жасалып, жаңадан спорт залын салып берді. Ауыл балалары қуанып жүргенде, мектепті жекенің қолына сатып жіберген. Кім сатады? Әрине, оны әкімдіктен басқа кім сатушы еді. Ол біреуден 15 млн теңгеге алып, одан тізбектеліп, әрі қарай 80 млн-ға басқа біреуге сатқан. Бұл мәселені прокуратураға айтып, қайда қарап отырғанын сұрадым. Олар «шамамыз келмейді» дейді. Сот біздің шағымымызды қабылдамайды деп отыр, - дейді депутат.

Ол Алматы облысының әкіміне жекенің қолына өткен мектепті тез арада мемлекетке қайтару керегін айтып, екі ай уақыт берді.

Ауылдағы құлайын деп тұрған үйдің өзі 17 млн теңге тұрады. Бір үлкен мектепті 15 млн теңгеге сатып жіберу деген сұмдық қой. Қай әкім тұсында қалай сатылғанын анықтау оңай емес, бәрін біліп отырмыз. Тез арада қайтарыңыздар, әйтпесе бүкіл фамилиясының соңына дейін жетемін, екі ай уақыт береміз, - деді Мақсат Толықбай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға