Жаңалықтар

Алматы облысында «Жолан жүйрігі» бәйгесі өтті

Алматы облысында «Жолан жүйрігі»  бәйгесі өтті
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 24.07.2023 18:00 2291

Алматы облысы Райымбек ауданының Шәлкөде жайлауында ұлттық ат спорты түрлерінен «Жолан жүйрігі» республикалық ат жарысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елімізегі барша атбегіні елең еткізген айтулы шараның өтуіне Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Райымбек ауданының әкімдігі, Алматы облыстық бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізу орталығы, Ұлттық ат спорты түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы, Алматы облыстық «Бәйге» федерациясы қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.

Бұл дүбірлі доданың негізгі мақсаты – ұлттық спортты насихаттау, жастардың ұлттық ат спортына қызығушылығын арттыру, өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу, дәстүрлі ат бәйгесінің деңгейін көтеру.

Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев ұйымдастырушылардың атынан сөз сөйледі.

Алматы облысында «Жолан жүйрігі»  бәйгесі өтті

Бұл бәйге Жолан Омаровтың «Жолан жүйрігі» атты жүлдесі болып саналады. Десек те «Жолан жүйрігі» жарысы «Ұлы Дала жорығы» атты республикалық бәйгеге облыстан баратын жүйріктер мен ұзақ қашықтыққа шабатын шабандоздарымызды іріктеу турнирі десек те болады. Бұл сәйгүліктер сайысына Жолан марқұмның ағасының демеушілігімен екі автокөлік және облыс әкімі Марат Елеусізұлының қолдауымен арнайы жүлде қоры тігіліп осы бәйге ұйымдастырылып жатыр, - деп шараның маңыздылығын атап өтті.

Биылғы ұлы аламанға еліміздің түпкір-түпкірінен және Қырғыз Республикасынан жүйрік деген 170-тен аса тұлпар мен шабандоз қатысты. Бұл жөнінде Райымбек аудандық ат спорты федерациясының басшысы Ержан Молдахметов былай деді:

Алматы облысында «Жолан жүйрігі»  бәйгесі өтті

«Жолан жорығы» супер аламанына 21 ат тіркелді. Олар Кегеннің жанындағы Түменбай ауылынан бастап Қарасаз бен Шәлкөде ауылының ортасындағы М. Мақатаев атындағы атшабарға дейін 75 шақырымды шауып өтті. Бұл аттардың бәрі қазақи, жергілікті, қазақтың мәртебесін көтеретін жүйріктер. Алдағы уақытта өзіміздің өнімді, яғни осындай ұзақ шақырымға шабатын, таза қанды қазақи аттарды көбірек насихаттаса жөн болар еді. Бәйге таңғы сағат 08:08 бастап, 10:27 минутта мәре сызығын қиды. Бірінші болып Қарасаздық Жабықбай Қарақұловтың торысы келіп, Бас жүлдеге тігілген 1 миллион теңгені қанжығасына байлады - деп, супер аламан жарысы жайлы нақтылап өтті.

Сонымен қатар Шәлкөде жазығындағы атшабарда шашасына шаң жұқпаған сәйгүліктер мынадай көрсеткіштерді көрсетті: 10 шақырымдық құнан бәйгеде: 3 орын - «Тамирлан» сәйгүлігі, ат иесі Мұрат Құдайбергенов (200 000 тг ақшалай сыйақы, қола медаль), 2 орын - «Айғаным» сәйгүлігі, ат иесі Нұрай шаруашылығы (1 000 000 тг ақшалай сыйақы, күміс медаль), 1 орын - «Маржан» сәйгүлігі, ат иесі Қайсар Шымырбай (2 000 000 тг ақшалай сыйақы, Алтын медаль, кубок, 1-дәрежелі грамота және Жолан Омаров атындағы «Алатау арғымағы» атты арнайы жабу),

20 шақырымдық топ бәйгеде: 3 орын - «Ақмаңдай» сәйгүлігі, ат иесі Танқаман шаруа қожалығы (500 000 тг ақшалай сыйақы, қола медаль), 2 орын - «Секрет» сәйгүлігі, ат иесі Қайрат Алтынбеков (1 500 000 тг ақшалай сыйақы, күміс медаль), 1 орын - «Секрет» сәйгүлігі Жамбыл ауданы, ат иесі Еділ Таймерденов (Нива автокөлігі, Алтын медаль, кубок, 1-дәрежелі грамота және Жолан Омаров атындағы «Алатау арғымағы» атты арнайы жабу)

35 шақырымдық аламан бәйгеде: 3 орын - «Басбермес» сәйгүлігі Жамбыл облысы (Қордай ауданы), ат иесі Жандос Нартбай (500 000 тг ақшалай сыйақы, қола медаль), 2 орын - «Волчок» сәйгүлігі Жетісу облысы, ат иесі Айқымбек Беркімбаев (2 000 000 тг ақшалай сыйақы, күміс медаль), 1 орын - «Сайгон» сәйгүлігі Жамбыл ауданы, ат иесі Ұлан Омаров (Шевроле автокөлігі, Алтын медаль, кубок, 1-дәрежелі грамота және Жолан Омаров атындағы «Алатау арғымағы» атты арнайы жабу) жеңімпаз атанды.

Бас жүлдеге берілген автокөліктің кілтін Жоланның әкесі Ыбырайақын ақсақал немересі Сұлтан Жоланұлына тапсырып, ұрпақтар сабақтастығының әдемі көрінісін көрсетті. Жоланның әкесі Ыбырайақын Омаров бүгінгі шара жайында:

Алматы облысында «Жолан жүйрігі»  бәйгесі өтті

Бұл бәйгені Жолан осы Райымбек ауданына әкім болып келгенде «Әке деді, осы ауданда «Жетісу жүйрігі» деген ат жарысын шығарсам қалай қарасайсыз?» деп сұраған. Мен оған аудан, облыс басшылары қолдаса көресің ғой дегенмін. Содан келесі жылы Жолан бұл жобаны қолға алып ұйымдастырып бастап еді. Міне содан бері 4-5 жыл болды ғой. Осыны қолдап, «Жетісу жүйрігін» Жоланның атына беріп жатқаны үшін Нарынқол ауданының халқына, аудан әкімдері мен облыс әкімдігіне мың да бір рахмет айтамын, - деп баршаға ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, 12 киіз үй тігілген айтулы шараның сахнасында танымал әншілер әннен шашу шашып, көрерменнің көңілін көтерсе, ұлттық ат үсті ойындары - теңге ілу, жамбы ату, қыз қуу, аударыспаққа қатысқан қыз-жігіттер өз күштері мен ептіліктерін көрсетіп, жеңімпаздары арнайы сый-сияпаттармен марапатталды.

Қазіргі кезде мұндай жарыстар көптеп ұйымдастырылып жатыр. Ат спорты түрлерінен аударыспақ, теңге ілу, көкпар басқа аудандарда жақсы өткізіліп жатыр. Бұл дегеніміз өзіміздің қазақи спортымызды қолдау. Мемлекет басшысынан бастап, облыс әкімдігі әрқашан көңіл бөліп, қазіргі кезде халық арасында жақсы дамып келеді» - деді Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев.

«Халқымның бағы - өз бағым» деген қазақтың біртуар ұлы, өмірден мезгілсіз өткен осы өңірдің атақты тумасы, кезінде Райымбек, Талғар аудандарының әкімі болып елдің есінде қалған Жолан Омаровтың келмеске кеткен жолы ұзарып бара жатса да, ер есімі қашан да ел есінде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға