Алматы облысында таулы алқапта шыққан өрт сөндірілді
Алматы облысында Қарасай ауданының Шамалған ауылдық округінде таулы жердегі мемлекеттік жер қоры аумағынан шыққан өртті ТЖМ қызметкерлері дер кезінде сөндірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Төтенше жағдай кезінде өртті сөндіруге 147 адам мен 21 бірлік техника тартылып, ТЖМ "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағы 17 рет су шашып (51 тонна), 30 гектар алаңда тараған тілсіз жауға тосқауыл болды.
Сөндіру жердің тік рельефімен, биік өсімдіктермен, желдің екпінімен және кірме жолдардың болмауымен қиындай түскен. Құтқарушылар адамдарға қауіп төндірмеу және жабайы табиғатты аман қалдыру үшін күндіз-түні жұмыс істеді. Бұл ретте өңірдің ТЖД бастығы жеке өзі оқиға орнында болып, олардың іс-қимылдарын үйлестіруге жұмылды.
Қазіргі уақытта уақытта саралау жүргізіліп, жағдай бақылауға алынған. Ал сол маңға жақын елді мекендерге төнген қауіп жоғы белгілі болып отыр.

