Алматы облысында екі күн бұрын жоғалып кеткен балықшы табылды
Алматы облысында ТЖМ құтқарушылары 1947 жылы туған ер адамды құтқару бойынша іздестіру жұмыстарын аяқтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ТЖМ мәліметінше, 2024 жылдың 8 маусымында 77 жастағы ер адам Балқаш ауданы Қараой ауылының маңындағы Іле өзеніне балық аулауға шығып, сол күйі оралмаған.
Екі тәулік бойы құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен азамат жоғалған жерден 7 шақырым радиуста аэровизуалды іздестіру жүргізді. Жер үсті жұмыстары да жүргізілді. Қараой ауылынан оңтүстік-батыс бағытында 30 шақырымнан астам жолды жаяу патруль аралады. Ер адамды тапқан кезде, ол әлсіреп өзен жағалауында жатқан болатын. Ол адасып кеткен екен, - делінген мәліметте.
Оқиға орнына келген құтқарушылар балықшыға алғашқы көмек көрсетіп, елді мекенге жеткізді.