Алматы облысында биыл 60 мыңнан астам адам ЖРВИ мен тұмауға шалдыққан
ЖРВИ – жедел респираторлық-вирустық инфекция жұқпалы аурулардың барлық түрін салыстырғанда сырқаттану жағынан әлем бойынша бірінші орында. Мәселен, бір ғана эпидемиологиялық маусымда дүниежүзінде бір млрд-қа дейін адам ЖРВИ және тұмаумен ауырады екен. Ал Алматы облысында биылғы эпидмаусымда 60 мыңнан астам тұрғын аталған ауру белгілерімен медициналық көмекке жүгінген. Жыл сайын өңірде бұл ауруларға шалдығудың 500 мыңға жуық жағдайы тіркеледі. Бұл туралы Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Марат Исмаилов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, биыл ЖРВИ мен тұмауға байланысты эпидемиологиялық маусым жылдағыдан ерте басталған. Мәселен, облыста қыркүйек-қазан айларының басында аптасына сырқаттанушылықтың 5 мың жағдайы тіркелген болса, қазіргі уақытта аптасына 10 мыңға жуық адам ЖРВИ белгілерімен медициналық көмекке жүгініп жатыр екен.
Барлық инфекциялық аурулардың түрін салыстырғанда дүниежүзі бойынша 1 млрд адам ЖРВИ мен тұмауға шалдығады екен. Оның 400-650 мың жағдайы адам өлімімен аяқталады. ЖРВИ мен тұмаудың адам денсаулығы үшін ең үлкен қаупі – асқынулары. Біздің Алматы облысының статистикасына келетін болсақ, жалпы бір эпидемиологиялық маусымда облыста осы ауру белгілері бар 500 мыңға жуық науқас көмекке жүгінеді. Ал күні бүгінге дейін өңірде 60 мыңнан астам адам ЖРВИ және тұмау белгілерімен медициналық көмекке жүгінген. Олардың 63%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Ал былтыр тиісті кезеңмен салыстыратын болсақ, 71 мың адам ауырған. Яғни, биыл сырқаттанушылық 18 пайызға төмендеп отыр. Бірақ осы жылдың ерекшелігіне тоқталатын болсақ, былтыр эпидемиологиялық маусым қазан айында басталды. Ал биыл қыркүйектен басталып кетті. Сондықтан бұл маусым созылмалы түрде болады деп болжануда. Ең бастысы, биыл бірнеше типті тұмау вирусының арасында А типі (H1N1 және H3N2) бар. Ол жиі кездеседі және тез таралады. Сонымен қатар оның асқыну қаупі жоғары болатынын ескерген жөн. Сол үшін де биылғы эпидемиологиялық маусымда тұмаудың А типі 90 пайыздай болады да, соңынан Б типі қосылады деген болжам бар,-деді облыстың бас санитар дәрігері өңірде өткен брифингте.
Спикердің айтуынша, жалпы Алматы облысы бойынша халық көп шоғырланған Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Іле аудандары мен Қонаев қаласы тұрғындарының арасында тұмау мен жедел респираторлық-вирустық инфкция аурушаңдығы өсіп отыр. Жалпы өңірде барлық жұқпалы аурулардың 80 пайызы ЖРВИ мен тұмаудың үлесінде екен.
(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)
Облыстың бас санитар дәрігері өз сөзінде вирустық инфекцияның таралу жолдарына да тоқталып өтті. Оның сөзінше, үй-жайлар мен жабық ғимараттарда вирустың таралу қаупі жоғары. Сырқаттанған адамның жөтелуі немесе түшкіруі кезінде вирус лезде таралады. Бұл кезде тіпті сілекей тамшылары 1-2 метрге дейін тарайды.
Сондықтан тұрғындарға профилактикалық шаралар ретінде бірнеше кеңестерді ұсынуға болады. Ең біріншісі: жеке гигенаны сақтау. Әсіресе эпимдемиологиялық маусым кезінде қолдарыңызды жиі жуып тұрыңыздар. Сонымен қатар үй ішін ылғалды тазалап отыру қажет. Есік-терезелерді ашып, бөлмені желдетіп тұрыңыздар. Дезинфекциялық шараларды ұмытпаған абзал. Бұдан өзге үйде қолданылатын сүлгі, ыдыс-аяқ секілді ортақ қолданатын заттарды жекеге ауыстыру керек. Екіншісі: дұрыс тамақтану. С дәрумені бар жеміс-жидектерді көбірек жеуге кеңес беремін. Сонымен қатар арнайы дәрумендерді ішуге болады. Себебі дәрумен адам иммунитетін көтереді. Үшіншіден: қоғамдық орындарда сақтық шараларын сақтау. Мұндай жерлерде бетперде киіп жүруді әдетке айналдырғаныңыз жөн. Егер мүкін болса, адам көп шоғырланатын орындарға бармауға тырысыңыздар,-деді облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.
Марат Исмаилов өз сөзінде тұмаудың асқынуы қандай жағдайға әкеп соғатынын да ескертті. Бұл әсіресе балалар үшін аса қауіпті.
Ең алдымен балаларға келетін болсақ, өздеріңіз білетіндей кішкентай балалардың тыныс алу жүйелері дұрыс дамымаған. Сондықтан ең бірінші асқыну олардың тыныс алу жүйесіне беріледі. Оның алғашқылары ринит, синусит, бронхит болса, ең қауіптісі – пневмония, одан кейін асқыну ретінде отит қосылады. Егер вирустың вирулентті түрі пайда болған жағдайда пневмония тез асқынып, 3-4 күннің ішінде өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан осы жайтты ескеру керек. Ал ересек және қарт адамдарда тұмаудың асқынуы жүрек ауруларына әкеп соғуы мүмкін. Соның ішінде миокардит, перикардит аурулары қосылып, тұмаудың ауыр түріне әкеледі,-деді Марат Исмаилов.
Тұмаудың асқынуының тағы бір түрі – рея синдромы. Бұл тек балар арасында кездеседі және тұмауға қарсы салицил топтағы дәрілерді берген кезде асқынудың осы түрі пайда болуы мүмкін екен. Ол кезде баланың қатты құсу белгілері байқалады. Оның соңы бала миының ісінуімен байланысты комаған әкеп соғуы әбден мүмкін.
Брифинг соңында спикер вирусты инфекция жыл өткен сайын өршіп, адамдар арасында төзімділігі артып отырғанын еске салды. Сондықтан тұмау мен ЖРВИ-ден қорғанудың жалғыз жолы – вакцинация.
Тұмау вирусының ерекшелігі - оның белсенділігі және тұрақты өзгерістерге бейімделуінде. Нәтижесінде вирустың жаңа түрлері эпидемия мен пандемияның таралуына әкелуі мүмкін. Жыл өткен сайын вирус адамдардың арасында жүріп, өзінің қасиеттерін өзгерте отырып, төзімді болып келеді. Бұл ауруларды дер кезінде емдеп тастайтын спецификалық арнайы емі жоқ. Дене қызуының төмендеуіне, мұрын бітелу белгілерін жоюға көмектесетін симптоматикалық емдеу шаралары бар. Бірақ оның өзіне бірнеше күн уақыт кетеді. Ал асқынып кетсе, емдеу жолдары қиындай түседі. Сондықтан осы тұмау мен ЖРВИ-ден сақтанудың әрі асқынудың алдын алудың тек қана ең тиімді әдісі - ол вакцинация. Екпе салу науқаны жыл сайын өткізіледі. Ең бастысы, вакцинаны эпидемиологиялық маусым келер алдында, яғни қыркүйек-қазан айларында салдыру қажет. Ол кезде ұжымдық иммунитетіңіз ағзаңызда бір жылға дейін қалыптасады және де асқынулардың барлығын жеңілдетеді. Тұмауға шалдыққан күннің өзінде ауру жеңіл өтуге септігін тигізеді,-деді Марат Исмаилов.
(Фото: ©El.kz/Марат АМИРОВ)
Айта кетсек, Алматы облысында тұмау мен жедел респитарлық-вирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау науқаны 15 қыркүйекте басталған. Екпенің халыққа қолжетімділігі үшін облыстық денсаулық басқармасы тарапынан «Гриппол плюс» вакцинасының 160 мың дозасы алынған. Бұл өңірдегі жалпы халық санының 10 пайызын құрайды. Бүгінгі таңда қарттар үйінде жатқан 848 зейнеткер, жабық мекемелердегі бір мыңнан астам балалар, бес мыңнан астам жүкті әйелдер мен 15 мыңнан астам медицина қызметкері мен тағы өзгелері екпе салдырып үлгерген. Яғни, облысқа жеткізілген вакцина толықтай егіліп, оны қабылдаған адамдарда ұжымдық иммунитетін қалыптасқан.
Жалпы мамандардың айтуынша, тұмау мен жедел респираторлық-вирустық инфекцияға қарсы вакцинаның өз артықшылықтары бар. Мәселен, созылмалы өкпе мен жүрек аурулары бар науқастарда пневмонияның даму қаупін төмендетеді. Бұл дегеніміз мұндай сырқаты бар адамдарда ауруды жұқтырған күннің өзінде асқыну көрсеткіші төмен болады. Ал егде жастағы адамдар екпе салдырған болса, олардың арасында тұмауға шалдығу 50 пайызға, асқынулардың дамуы 80 пайызға төмендейді екен. Сонымен қатар пневмония сырқаттанушылығымен ауруханаға жататындар 40 пайызға азаяды. Ал балаларда тұмаудың жиі кездесетін асқынуы болып табылатын жедел отиттің жиілігі 70 пайызға дейін, созылмалы бронхиттің өршуі 20 пайызға төмендейді деген тұжырым жасалынған. Сондай-ақ зерттеулер бойынша екпе салдырғандар арасында бронх демікпесінің алдын алуға қатысты тиімділік анықталған. Онда аурудың өршу жиілігі 70 пайызға дейін төмендейді екен.
Бұған дейін мамандар тұмаудың асқынуы 5 жылдан бастап 25 жылға дейінгі аралықта өзге аурудың пайда болуына әкеп соғуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.