Алматы хореографиялық училищесінің студенттері халықаралық байқауда жеңімпазы атанды
Бішкекте А.Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театрында көрнекті қырғыз бишісі әрі балетмейстері Уран Сарбагышевтың 90 жылдығына арналған «Улуу-Элес» І Халықаралық балет әртістері байқауы өтіп, қазақстандық өнерпаздар жүлдегер атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өнер байқауына Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Жапония және Қырғызстаннан келген балет әртістері, хореографиялық оқу орындарының студенттері мен балетмейстерлері қатысты. Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің студенттері жоғары нәтижелер көрсетті.
Бұл сында Амина Батаева 1 орын иеленсе, Ақбота Абылқасенова 2 орын иеленді. Ал Томирис Ақын мен Алихан Нақысхожаев үшінші орынға қол жеткізді. Сондай-ақ, Ирина Беккер, Анастасия Петина, Алишер Қасымхан, Арсен Ермеков байқаудың дипломанты атанды.
Бұдан бөлек, ерекше марапат Роберт Уразғильдеев пен Инга Левченко атындағы жүлде, оны Бубусара Бейшеналиева атындағы Қырғыз мемлекеттік мәдениет және өнер университеті тағайындаған. Бұл жүлдені Ирина Беккер мен оқытушы – Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі Людмила Мунсекқызы Ли иеленді.
Байқау балет өнерін дамыту мен насихаттауға, дарынды орындаушыларды анықтап, қолдауға, балет әртістерінің кәсіби шеберлік деңгейін арттыруға, сондай-ақ балет саласындағы халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған.