Алматы әуежайы жаңарып жатыр: 2026 жылы қоғамдық көлікке жол ашылады
Алматы халықаралық әуежайының аумағында қоғамдық көлікке арналған аялдама қайта ашылады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаровтың айтуынша, қазіргі таңда әуежайдың автотұрағы мен кіреберіс жолдары толық қайта жаңғыртудан өтіп жатқандықтан, автобустар әлі де нысан аумағына кіре алмайды.
Әкімнің сөзінше, әуежайда ауқымды жұмыс жүргізілуде:
- жаңа халықаралық терминал іске қосылған;
- ішкі рейстерге арналған терминал жөнделіп жатыр;
- автотұрақ аймағы мен кіреберіс жолдары қайта салынуда.
Осы себепті уақытша автобус аялдамасы Майлин көшесіне көшірілген.
Бақытжан Ақжаров барлық құрылыс пен жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, аялдама 2026 жылы қайтадан әуежай аумағына орналастырылатынын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін әуежайдың операторы TAV Airports 2050 жылға дейінгі даму жоспарын ұсынған болатын. 2025-2028 жылдарды қамтитын алғашқы кезеңде инфрақұрылымды жетілдіруге 362 млн АҚШ доллары бағытталып, жалпы 130 жоба жүзеге асырылмақ.

