Алматы әлемдегі ең арзан қалалар қатарына енді
Әлемдегі ең қымбат қалалардың көшін Нью-Йорк пен Сингапур бастап тұр. Британдық Economist журналының талдау бөлімі өмір сүру ең қымбат қалалардың кезекті рейтингін жариялады, деп жазады El.kz ақпараттық агенттігі BBC сайтына сілтеме жасап.
Рейтингті әзірлеген Economist Intelligence Unit дерегінше, әлемдегі ең ірі 172 қалада бағалар соңғы жылы 8,1%-ға қымбаттаған. Бұл талдау жүргізілген соңғы 20 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Сарапшылардың пайымдауынша, Ресейдің Украинаға басқыншылығы, Қытайдағы ковидке қатысты үнемі енгізілетін шектеулер қымбатшылықтың негізгі себебі болып отыр. Өйткені, "бұл проблемалар жеткізу тізбегінің бұзылуы мен валюта құнының өсуіне, осылайша бүкіл әлемде бағалардың шарықтауына түрткі болды", деп есептейді зерттеу жұмысының жетекшісі Упасана Дутт.
Қымбат қалалардың рейтингін тұңғыш рет Нью-Йорк бастап тұр, бұл АҚШ-тағы инфляцияның өсуі мен доллар курсының шарықтауына байланысты. Өткен жылы бірінші орында тұрған Тель-Авив үшінші орынға тұрақтапты.
2022 жылғы әлемнің ең қымбат қалалары:
1. Нью-Йорк
2. Сингапур
3. Тель-Авив
4. Гонконг
5. Лос-Анджелес
6. Цюрих
7. Женева
8. Сан-Франциско
9. Париж
10. Сидней
10. Копенгаген
Ал, Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында өмір сүру құны қымбаттағаны сонша – олар бұл рейтингте ондаған позицияға жоғарылап кетті.
Баяндама авторларының дерегінше, капитал қозғалысын бақылау, импорттың шектелуі және газ үшін еуропалық төлемдердің рубльмен аударылуы Ресей валютасының нығаюына ықпал етті. Ал, Ресейде Украинаға жасаған басқыншылық кесірінен салынған санкцияларға орай баға шарықтап кетті. Зерттеу авторларының мәліметінше Мәскеуде өткен жылмен салыстырғанда инфляция 17%, Санкт-Петербургте - 19,4% көтерілген.
Ал, әлемнің ең арзан қалалары ливиялық Триполи мен Сирия астанасы Дамаск. Өмір сүру ең арзан он қаланың қатарында Алматы мен Өзбекстан астанасы Ташкент бар.