Жаңалықтар

Алматы әкімі қоғамдық көлікті жарты сағат күткенін айтты

Әкім мегаполисте қоғамдық көліктің қоры жоқ екенін атап өтті
Алматы әкімі қоғамдық көлікті жарты сағат күткенін айтты
Фото: exk.kz 03.11.2022 12:10 1477

Келесі жылы 300 жаңа автобус пен 100 троллейбус сатып алынады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды El.kz

«Мен өзім BRT жолымен жүріп көрдім. Жобаны іске асырудың бес жылы босқа кетті деуге болмас, алайда, мәселелер бар. Себебі, бес жыл болды, жоба аяқталмаған. Егер BRT іске қосылса, тиісті интервал, жылжымалы құрам, басқа да дүниелер болуы керек еді. Қазір оның ешқайсысы жоқ. Мен жол бойында 32-ші автобусты 33 минут күттім. Себебі, 4 автобус жолға шықпай қалған. Бізде қоғамдық көліктің қоры жоқ екен. Сондықтан келесі жылы қосымша 300 жаңа автобус пен 100 троллейбус сатып аламыз. Осы арқылы қозғалыс интервалын қысқартамыз. Бұл қоғамдық көлікпен байланысты мәселенің шешілуіне аз да болса үлес қосады», - деді қала әкімі.

Ерболат Досаев BRT-ны салу жұмыстары соңына дейін жеткізілетінін айтты.

«Егер байқасаңыздар, классикалық BRT Тимирязев пен Байтұрсынов көшелерінің қиылысынан басталып, белгіленген жолаққа дейін жетеді. Ал жолақтың оң жағында бүгінде бағдаршам сайын көліктердің кептелісі пайда болып отыр. Мәселелер бар және оны бәріміз бірлесе отырып шешетін боламыз. Шын мәнінде, ешкім де басталған жұмысты тастағалы отырған жоқ. BRT-ны салып бітіреміз. Бірақ, алдымен оның тиімді жолын анықтап алуымыз керек», - деді Ерболат Досаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға