Алматының тарихы мың жылмен шектеле ме?
Тарихқа көз жүгіртсек, қалалар тарихы кез-келген елде мемлекетттің негізгі қозғаушы күштерінің бірі саналады. Табиғаты таңғажайып әсем Алатаудың бөктеріндегі көрікті Алматының тарихында да бұл жағдайдың қайталанғанын аңғаруға болады. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Алматы – қазақ мемлекеттігінің алтын бесігі. Бұл біздің тәуелсіздігіміз қанат қаққан және Қазақстанды бүкіл әлемдік қауымдастыққа танымал еткен ұя» дегенді жайдан-жай айтқан жоқ.
Өткен жылы Алматы қаласының әкімдігі шаһардың мыңжылдығын мерейтойлық бағдарламамен атап өтті. Онда ғалымдардың Алатаудың бөктеріндегі бұл шаһардың тарихы бір емес, бірнеше мыңжылдық тарихы бар деген ұйғарымдары ескерілген жоқ. Археологиялық қазбалардың, жазба және нумизматикалық дерек көздерінің материалдары бойынша ғалымдардың ғылыми, әдеби және энциклопедиялық анықтамалардағы мәліметтері елеусіз қалғандай болды. Мәселен, «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» (Алматы: «Аруана Ltd» ЖШС, 2006) деп аталатын энциклопедиялық анықтамалықта: «Алматы қаласының 2,5 мың жылдық тарихы бар. Қала тұрған жерді ежелден қазақ ұлтын құраған тайпалар мекен еткен. Іле Алатауының етегіндегі Алмату қаласы туралы алғашқы жазба деректер Рашид-ад-Диннің шығармаларында кездеседі. Бабыр Шыңғыс хан шапқыншылығынан қираған Алмалық, Алмату қалалары туралы жазады. Археологиялық зерттеулер қазіргі Алматының орнында ертеректе сақтар, кейінірек үйсін, орта ғасырларда дулат тайпалары өмір кешкен елді мекендер мен Алмалық пен Алмату қалалары (екеуі екі басқа қала) болғандығын дәлелдеп отыр. Бұл қалалардың қираған құрылыстарын 1251-59 ж. Француз королі Людовик ІХ-ның елшісі және Қытай саяхатшысы Чжан Да өз көздерімен көргендіктерін жазған» (145 бет). Бұған дейін бұл деректер «Түркістан» халықаралық энциклопедиясында (Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 2000, 58-бет) да жарияланған болатын.
Орта ғасырларда түркі тілінің оғыз тобындағылар өз тілдеріне бейімдеп Алмату деп атаған Алматы орта ғасырларда гүлденген, көрікті де көргем шаһардың бірі болған. Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін ол ұзақ уақыт бойы қайта қалпына келе алмаған. Оны кейін оның аумағында бой көтерген шағын елдімекендерде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерден айқын аңғаруға болады. Ал ХІХ ғасырда патшалық Ресей өлкені өз бақылауына алғаннан кейін, осындай елдімекендердің бірінде алдымен әскери бекініс орнын тұрғызады. Ол 1854 жылы Верный деген атауға ие болады. 10 мың тұрғыны бар оның атауы 1857 жылы Алматы бекінісі деп өзгертілгенімен, 11 сәуірде қала мәртебесіне ие болып Верный қаласы деп атала бастайды. Орыс ғалымы А.Ф. Голубев «Орта Азияға – Іле өлкесіне саяхаттан үзінді» деген жолжазбасында: «1859 жылғы сәуірде мен Верный бекінісіне келдім. Верныйды Алматы деп те атайды; бұл қазақтың Алма-тау деген сөзі», – дейді.
1862 жылы Алатау округінің орталығы осында ауыстырылып, округтің бас әкімшісі ресми түрде «Алатау округі мен Үлкен орда қырғыздарының (қазақтарының) бастығы деп аталды. Қала тұрғындарының саны 1863 жылы 6 104, 1870 жылы 12 673, 1883 жылы 18 040, 1885 жылы 21 521, 1904 жылы 26 943, 1911 жылы 35,5 мыңнан асады. Ал ХХ ғасырдың аяқ шенінде ол 1,5 млн. адамға жуықтап, жаңа ғасырдың алғашқы ширегінде қала тұрғындарының саны бейресми дерек көздеріне қарағанда 2 миллиондық межеден асып-жығылды.
Осы арада қала атауына қатысты мына деректерді де айтпай кетуге болмайды. 1921 жылы 5 ақпанда облревкомның жарлығы бойынша қалаға «Алма-Ата» (Алматы) атауы беріліп, 14 наурызда Түркістан Орталық Атқару комитеті бұл шешімді бекітті. 1927 жылы сәуірде VI Жалпықазақ кеңестерінің съезі республика астанасын Қызылордадан Алматыға көшіруге шешім қабылдап, ол екі жылдан кейін 1929 жылы іске асырылды. Ал 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы қаланың орысша бұрмаланған атауы Алма-Атаны – тарихи атауына сәйкестендіріп, Алматы деп түзетті. 1998 жылы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңы қабылданды. Онда Алматының ғылыми, мәдени, тарихи, қаржы, экономикалық және өндіріс орталығы ретіндегі ерекше статусы айқындалды және республикалық дәрежедегі қала ретінде келешек дамуына кепілдік берілді.