Алла Платонова: Біз үшін қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы тиіс
Бүгінгідей әлемдегі геосаяси ахуал асқынып тұрған кезеңде татулықтың, тыныштықтың қадірін білген жөн. Дегенмен ел болғаннан кейін арасынан арандатушылар да шығады. Басқа елдермен салыстырғанда елімізде өзге ұлттардың құқығы мен тілі, мәдениеті мен дәстүрі сақталған. Олардың еркін жүріп-тұруына, қай тілде сөйлейтініне еш шектеу жоқ. Бірақ ұлт арасына іріткі салушылар да шығып жатады. Оны әлеуметтік желілерден байқап та жүрміз. Осы тақырып төңірегінде өзі өзге ұлт өкілі болса да, қазақ тілін жетік меңгерген Алла Платоновамен El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі әңгіме өрбітті.
Бүгінде Алла - тележүргізуші және «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК ресми өкілі. «Шапағат», «Мейірім» медальдарының және «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерейтойлық төсбелгісінің иегері. Алла Сергейқызы мемлекеттік тіл саясатын дамытып, жастар арасында қазақ тілінің мәртебесін арттырып, тіл тазалығын сақтауға ерекше мән беріп жүрген жалынды жастың бірі.
Ол қазақ тілін жетік меңгерген. Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілін меңгеруі тиіс деп есептейді. Қазіргі уақытта маңызды мәселелердің бірі өскелең ұрпақтың, соның ішінде жастардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын арттыру маңызды деп санайды. Өзі соған алаңдаулы екенін айтады.
Осы жайында талай рет айтып та, жазып та жүрмін. Жастарымыздың ана тіліне деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын арттыру мәселесі мені көбірек алаңдатады. Балабақшаларда оқыту тілі қазақша болса жақсы болар еді. Сол сияқты баннерлердегі жарнама, ғимараттардағы жазу, барлық автобустардағы аудио хабарламалар тек мемлекеттік тілде жазылып, айтылса, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады деп ойлаймын, – дейді ол.
Сондай-ақ Алланың қазақ тілін жетік меңгергеніне көпшілік таңырқай және тамсана қарайды. Қазақ тілді жетік меңгергеніне таң қалатындар Алланы ренжітеді. Себебі, оның ойынша, «Қазақстанның әрбір азаматы, ұлтына қарамастан, мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс».
Әсіресе адамдармен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер. Оқу барысында мен бірнеше рет шетелге шықтым. Ресейде болдым. Онда барлығы орыс тілінде, Испанияда испан тілінде сөйлейді және бұған ешкім таң қалмайды. Біз өз тілімізді қолдауымыз және қорғауымыз керек. Біз үшін қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы тиіс. Кейде мен біреудің тек тіл үйрететін адамға күлетінін байқаймын. Бұл дұрыс емес. Біз бір-бірімізді қолдап, бірге нәтижеге жетуіміз керек. Көп тілді білу жақсы. Бірақ Қазақстан азаматы үшін басымдық қазақ тілі болуы тиіс, – дейді Алла Платонова.
Ел болғаннан кейін арасынан арандатушылар да шығады. Бүгінде Ресей мен Украина арасындағы геосаяси жағдайдан кейін ақпараттық соғыстың ызғары күшейе түсті. Қоғамда түрлі пікір қалыптаса бастады. Әсіресе ұлт арасына іріткі салушылар көбейді. Оны әлеуметтік желілерден байқап та жүрміз. Осындай кезде «Қазақстанда русофобия күшейіп тұр» деп отқа май құюшылар кездесіп жатады. Осы тақырып төңірегінде Алланың ойын сұрадық.
Бұл – өте өзекті тақырып. Менің қазақ, кәріс, шешен, афроамерикалық, француз, бербер, орыс, украин достарым бар. Олармен жақсы қарым-қатынастамыз. Қазақстанға қонаққа келгенде табиғатымызға, салт-дәстүрімізге, халқымыздың қонақжайлылығына, еліміздің көп ұлттылығына, татулығы мен бірлігіне ерекше тамсанып кетеді. Мен үшін жаман ұлт жоқ, тек жаман адамдар болады, – дейді.
Ол бүкіл әлемде бейбітшілік болғанын қалайды және жер бетіндегі барлық адам бақытты болуға лайықты деп санайды. «Құдайдың алдында бәріміз теңбіз. Сол себепті жат дүниелермен айналыспай, қамшының сабындай қысқа ғана өмірде сыйласып өткенге жетер ештеңе жоқ» дейді кейіпкеріміз.
Алла Платонова Қостанай облысы Амангелді ауданының Тасты кентінде дүниеге келген. Оның ата-анасы Молдавиядан көшіп келген. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне ықпал етіп, өз пайдасын тигізгісі келетінін айтты.
Мен Қостанай облысында дүниеге келдім. Арғы аталарым қиын-қыстау заманда қазақ даласына қоныс аударды. Ата-анам шаруаның адамы болған соң, таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыста жүретін. Мен мектептің бастауышын орыс сыныбында оқыдым. Бұл уақытта ауылымызда орыс пен украин, басқа да ұлт өкілдері тұратын. Айрандай ұйыған, татту-тәтті ел едік. Кішкентайымнан әлі күнге дейін қазақ жері бірлік пен татулықтың мекені болды. Солай болып қалады. Молдаван болсам да, өзімді «қазақстандықпын» деп санаймын. Анам молдаван халқының ұлттық дәстүрін бойына сіңірген. Маған үйреткен дүниесі көп, – дейді.
Десе де Алла өзі үшін соның барлығынан қазақ тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін жоғары қоятынын тілге тиек етті. «Себебі Молдовада емес, Қазақстанда тудым. Осы елде тұрамын және қызмет етемін. Өз еліме ықпалымды, пайдамды тигізгім келеді», - деді Алла Платонова.