Жаңалықтар

Әлия Жақыпбекова: «Музей ісінде менеджмент мәселелерін қолға алу қажет»

Туристерді тартуда музейлердің үлесі зор
Әлия Жақыпбекова: «Музей ісінде менеджмент мәселелерін қолға алу қажет»
26.04.2019 18:19 5761

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Тарихи сананы жаңғырту мақсатында музейлерді құру туралы ерекше атап өткен болатын. Осы мақала аясында Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбековамен әңгімеміз өңірдің тарихи-мәдени нысандары мен музей саласы жайлы тақырыптар төңірегінде өрбіді.

 

– Музей саласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында қандай жобаларды іске асырып жатырсыздар?

– Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы  ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017-2018 жылдары халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде 54 ірі жоба жүзеге асырды. Оның  11 жобасы ұзақ мерзімді, олар 2020 жылға дейін жалғасатын болады.

Жалпы облыс бойынша мәдениет мекемелерінде 2017, 2018 жылдары 1764 кездесу, 1612 дөңгелек үстел, 1342 көрме және 132 қайырымдылық шаралары өткізілді.    

2018 жылы аталмыш бағдарлама аясында үш жаңа музей салынды. Олар: Қарасай ауданында бой көтерген «Батыр бабалар» мемориалды музейі, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы  және Талғар қаласы Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі. Сонымен қатар Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына орай Панфилов ауданы Жаркент қаласында биіктігі 18 метр «Ұлы жебе» мемориалды кешені тұрғызылды.

Сондай-ақ,  мәдениет үйлері мен клубтардың құрылысын, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын көздейтін «Еңселі ауыл - ертеңім» жобасы іске асырылуда. 2017 жылы 2 жаңа мәдениет үйі соғылып, 6 мәдениет үйіне  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 8 жобалық-сметалық құжаттама жасалды. 2018 жылы 5 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтсе, 9 мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды.

Үстіміздегі жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында 27 ірі жоба бекітіліп, жоспарға енгізілді. Бүгінгі күні 3 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтуде. 16 сәуірден бастап барлық ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарда «Ауылым алтын бесігім» облыстық байқауы өтуде. Байқау нәтижесінде 10 мәдениет үйіне 300 мың теңге ақшалай көлемде сыйлық және дыбыс аппаратурасы, 10 мәдениет үйіне дыбыс аппаратурасы және 10 мәдениет үйіне компьютерлер табысталады.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша, 2018 жылы М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі, Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі және Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейінің экспонаттары 3D форматқа көшіріліп, келушілер назарына ұсынылды. Қазіргі таңда осы бастама бойынша қалған музейлердің экспонаттары мен құжаттары әзірленуде.

2019 жылдың сәуір айынан бастап «Жетісудың жауһарлары» жобасы басталды. Жобаның мақсаты – өлкеміздің көрікті табиғи-тарихи жерлері мен музейлеріне саяхатқа шығу, тарих пен мәдениетке, келешек ұрпақтың рухани дамуы мен оның туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру және музей мен қоғам арасындағы байланысты қалыптастыру. Жобаның ауқымы – студенттер, оқушылар, қала тұрғындары және музей қызметкерлері. Жоба 2019-2020 жылдар аралығында жүзеге асады.

 

– Өңіріңіздің мәдениет және архивтер саласында мұралардың зерттелуі мен олардың сақталуы қандай деңгейде?

– Қазіргі таңда Алматы облысы бойынша мұражайлардағы музейлік жәдігерлердің және архивтердегі құжаттардың сақталуы қанағаттанарлық деңгейде. Дейтұрғанымен, музейдің қор бөлмелерінде  ауаның ылғалдылығы мен температурасын өлшейтін және оны бір қалыпта ұстап тұруды қамтамасыз ететін құралдар мен құрылғылар (психрометр, гигрометр, термометр және т.б.) жаңартуды қажет етіп отыр. Сол мәселеге байланысты кезекті мәслихат отырысына ұсыныс берілді.

 

– Әлия Әлімжанқызы, жақында Сіз әріптестеріңізбен Қазақстан Республикасының Ұлттық Мұражайының тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында бауырлас Түркия елінің тарихи-мәдени нысандары мен музейлерінің жұмысымен танысып қайттыңыз, ол елдегі музей жұмысы туралы айта кетсеңіз?

– Ия, бауырлас Түркия елінің музейлерінің жұмысымен таныстық. Түркияда музей ісіне өте қатты көңіл бөлетінін байқадым. Туризмді дамытудың негізгі нысаны музейлер. Онда келген әр турист музей тарихымен танысып болған соң, сол музейдің тарихына байланысты жасалған дүниелерді сатып ала алады. Осылайша, музейлердің ақылы қызметі жақсы жолға қойылған. Әр музейдің өз ғылыми зертханалары, эксперттері мен лобаранттары бар. Түрік елі музейлерінің алаңдары өте үлкен. Өйткені, тарихи орындарды көздің қарашығындай өте жақсы сақталып қалған. Музей жұмыстары негізінде өз елінің тарихын насихаттау арқылы туристердің санын көбейтіп әрі елдің экономикасын көтеруге ықпал жасап отыр. Онда, әсіресе, археологиялық музейлері өте көп.

Фото: Каппадокия жерасты керамика музейінде

Түркияның озық музейлерімен танысып, тәжірибе алмасып қайтуға мұрындық болған Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі және ТİKA Халықаралық ұйымына алғысымды білдіремін!

Облыстық археологиялық музей салу қажеттігі туындап отыр

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында елімізде археологиялық музейлер салу, музейлер жанынан тарихи-археологиялық топтар құрып, олардың жүйелі жұмыс жасауы қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Жетісу өңірі киелі жерлерге бай, табиғаты керемет, тарихи өлке. Қазіргі таңда туризмді дамытып, экономикамыздың дамуына үлес қосу үшін облыстық археологиялық музей салу қажеттігі туындап отыр. Музей ісінің менеджмент мәселелерін де қолға алу қажет.

 

– Алматы облысы мұражайларының құнды жәдігерлердің ғылыми тұрғыдан зерттелуі қандай деңгейде?

– Музей ісінің негізгі бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу және жинау жұмысы болып саналады. Біздің музей қорына келіп түскен кез-келген экспонат міндетті түрде ғылыми тұрғыда зерттеліп, қажет болған жағдайда ғылыми-зерттеу орталықтарында  сараптамадан өтеді.

Түркия елінің музейлерінде ғылыми-зерттеу жұмысы жақсы жолға қойылғанын байқадым. Музей ішінде өз зертханалары бар. Еліміздің музейлерінде археолог, эксперт, зертханашы деген штаттық бірліктер қарастырылмаған. Зертханамыздың болмауына байланысты жеке зертханаларға тапсырыс беріп жатамыз. Әрине, бұл үлкен қиындық туғызып отыр. Келесі кезекте М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінде мамандандырылған ғылыми-зерттеу зертханасы мен реставрациялау шеберханасын ашуды және археолог, эксперт, зертханашы штаттық бірліктерін қарастыруды көздеп отырмыз.

 

– Алматы облысы музей саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

– 2017-2019 жылдар аралығында ҚР Ұлттық музейі және ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде 13 музей қызметкері кәсіби біліктілігін жетілдірді. Ал облыс көлемінде жыл сайын «Үздік экскурсовод» облыстық байқауы өткізіледі. Бұл байқауда экскурсовод Алматы облысындағы барлық музейлер тарихын және ондағы жәдігерлер туралы баяндап береді. Сондай-ақ, өзі қызмет ететін музей туралы фильм түсіреді әрі музей ісін жетілдіру бойынша ұсыныстарын ортаға салады. Сол себептен, экскурсоводтың біліктілігі, сөйлеу мәдениеті, көрермен алдында өзін ұстау мен кәсіби шеберлігі анықталады.

М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінде жыл сайын барлық музей қызметкерлеріне «Музей ісі» атты облыстық семинар-кеңестер өткізіліп отырады.

– Соңғы жылдары елімізде тарихи-мәдени нысандар жайлы бірқатар жобалар атқарылып келеді. Осы басқарма басшысының орынбасары ретінде қандай қиындықтарға кез болдыңыз?

– «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы аясында 2017-2018 жылдары әр өңірдің қасиетті, киелі жерлердің тізімі мен олардың аңыз-әңгімелерін, суретін, тарихы мен архивтік деректерін жинадық. Облыстағы 17 киелі нысан «Қазақстанның киелі нысандары» жалпыұлттық тізіміне енсе, 41 нысаны өңірлік тізіміне енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыс барысында талдау, зерттеу жұмыстарына жоғарғы оқу орындары ғалымдарын, тарихшылар мен өлкетанушыларды тартып, экспедицияға шықтық. Қаржы жағынан қиындықтар туындайды. Мәселен, ғалымдар, өлкетанушылар мен тарихшылар мәдениет саласында жұмыс істемегендіктен, оларға іс-сапар шығындары біздің тарапымыздан қарастырылмауы және олардың басшылығы тарапынан экспедицияға жіберіп-жібермеуі, экспедицияға қаржының аз бөлінуі – осының бәрі жұмысымыздың кең көлемде атқарылуына кедергі келтіреді. Бірақ, «Көш жүре түзеледі» демекші, жылдан-жылға реттеліп келеді...

Түркия музейлерімен байланысты нығайтуды көздеп отырмыз

– Алматы облысы мәдениет және музей саласы бойынша қай елдермен байланыс орнатылған?

– 2018 жылы Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» музейінде «Қазақстан Республикасының рухани жаңғыруындағы музейлердің әлеуметтік-мәдени рөлі: Ортаазиялық және отандық тәжірибе» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен Халықаралық музейлер комитетінің мүшелері қатысты. Сондай-ақ, музей саласында тәжірибе алмасу бойынша меморандумға қол қойылды. Ендігі кезекте Түркия музейлерімен байланысты нығайтуды көздеп отырмыз.

 

– Өңіріңіздің музей саласындағы маркетингтік және менеджерлік мәселелері қалай шешіліп жатыр? Жетілдіруді қажет ете ме?

– Алматы облысында 25 музей халыққа қызмет көрсетіп келеді. Музейлерде жылжымалы және тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып, түрлі шаралар өткізіледі. Сондай-ақ, жазғы балалар демалысында оқушылармен, балабақша тәрбиеленушілерімен түрлі қызықты шаралар ұйымдастырылады. Музейлерде балалар үйінің тәрбиеленушілері және мүгедек балаларға арналған ақысыз экскурсиялар, қызықты ойын шараларын өткізу жақсы жолға қойылған.

Елімізге туристерді тарту мен экономикамызды көтеру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып саналады. Бұл бағытта музейлердің рөлі өте күшті. Кез-келген турист барған елдің тарихы мен киелі жерлерімен танысады, музейлеріне де барғысы келеді. Сондықтан, музейлерді насихаттауда маркетингтік және менеджерлік қызметті де дамытуымыз қажет. Музейлерді әлеуметтік желі арқылы насихаттау, қызықты тарихи мақалалар мен посттар жазу, сапалы суреттер мен бару-келу бағытын орналастыру, кітапшалар шығару т.б. Сондықтан, музейдің тарихына байланысты заттардың, кәде сыйлардың сатылуын қамтамасыз етуде барлығын үйлестіре отырып, жүйелі түрде жұмыс жүргізуіміз қажет.

 

– Балаларыңызды қаншалықты мәдениетке, тарихқа баулып келесіз?

– Екі қызым бар. Екеуінің де балалық кезеңінен тарихқа қызығушылықтары өте басым. Үлкен қызым әлемнің 11 мемлекетінде, ал кіші қызым 4 мемлекетте болды. Олар барған жерлерінің тарихымен танысып, музей, галерея, театрларға барып, өнерлерімен танысып жүреді. Шетелдерде еліміздің тарихын мақтанышпен жеткізіп, таныстырып жүреді. Олар әрдайым Қазақстанның көк туын өздерімен бірге алып жүретін отансүйгіш жандар.

 

– Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасарысыз. Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Мен мемлекеттік қызметкермін. Сондықтан мемлекет саясатын жүзеге асыруда жұмысымды жалғастыра беремін. Мәдениет саласы бойынша қазіргі жоспарым – облысымызда археологиялық музейлер ашу, музей ісін ілгерілету, филармония, музей, театр жұмыстары арқылы тарихымызды, салт-дәстүрімізді, өнерімізді шетелдерге паш ету. Ұлттық құндылықтарымызды сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу бағытында жұмыстарды одан ары жандандыра беру. Ойымдағы барлық бағыттағы жобаларды жүзеге асыру...

– Әңгімеңізге рахмет. Сізге шығармашылық табыстар тілеймін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға