Жаңалықтар

Әлімжан Жұбатқанов, адвокат: Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды

Әлімжан Жұбатқанов, адвокат: Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды
Фото: Жеке мұрағаттан 30.04.2024 13:21 1156

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қоғамда Заң мен Тәртіп қатаң сақталуы керек. Сонда ғана еліміз өсіп-өркендейді. Бұл – мызғымас қағида», дей келе бір сөзінде «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын», ­– деп үнемі Заң үстемдігіне және тәртіпке басымдық берген болатын.

Дерекке сүйенсек, өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болып,  тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 99 мыңнан астам арыз түсіп, балаларға қатысты 2452 қылмыс жасалған екен. Осы ретте қазақстандықтар президентке ашық хат жазып, петиция жариялады. Онда әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтуды сұраған болатын. Бұл петиция 150 мыңнан астам қол жинаған.  Президент петиция ескерілетінін айтып,  жуырда жаңа заңға қол қойды. Енді зорлық зомбылық қатысты істер бойынша жаза қатаңдатылды. Осы ретте біз адвокат Әлімжан Жұбатқановпен бұл мәселе төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

El.kz: Әлімжан мырза, Президент қол қойған Заңға қандай өзгерістер енгізілді? Енді зәбір көрсететіндерге қолданылатын жаза қандай болмақ? Әңгімемізді осыдан бастасақ...

Әлімжан Жұбатқанов: 2022 жылдың қыркүйегінде Президент Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактілері үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма берген еді. Бұл мәселе мәжілістің талқылауынан өтіп, ақыры осы жылдың 15 сәуірінде Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Аталған заң 16 шілдеде күшіне енетін болады. Бұл жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Енді заңға қандай өзгерістер енгізілгеніне тоқталайық. Бұдан кейін сот отбасындағы тұрмыстық-қатынастарға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамға психологиялық көмек көрсету шарасын қолдана алады. Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейту мақсатында қылмыстық кодекстің 108-1 бабы қосылды, онда денсаулыққа  қасақана жеңіл зиян келтіру 200 айлық есептік көрсеткіш айыппұл қолданылады, болмаса дәл сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, яғни 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 50 күнге дейінгі мерзімге қамауға алынып жазаланады.  Бұл сот медициналық сараптамасына сәйкес анықталатын болады, адам денсаулығының қысқа мерзімді бұзылуына (21 тәуліктен аспайтын мерзімге) немесе жалпы еңбек қабілетінің шамалы тұрақты жоғалуына (10%) әкеп соқтырған денсаулыққа зиян келтіру. Сонымен қатар қылмыстық кодекстің 109-1 бабы қосылды ("Ұрып-соғу") – немесе Тән ауруына ұшырататын, бiрақ денсаулыққа жеңіл ауырлықтағы зиян келтiруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерiн жасау 80 айлық есептік көрсеткіш айыппұл немесе дәл сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, яғни 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, болмаса 25 күнге дейінгі мерзімге қамауға алынып жазаланады.  Аталған қылмыстық құқық бұзушылықтар татуласқаннан кейін бір жылдан кейін қайталап жасалған жағдайларда татуласуына жол берілмейді. Алайда, 2017 жылы бұл әрекет қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске ауыстырылған еді. Ал енді бұл норма қайтадан қылмыстық кодекске кіргізілді.

Қылмыстық Кодекстің 121-1 бабында 16 жасқа толмаған адамға нәпсіқұмарлық сипаттағы тиісу де қатаңдатылды. Ондай қылмыс үшін  200 АЕК мөлшердегі түзеу жұмыстарына, яғни 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға, 50 күнге дейінгі мерзімге қамауға және белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыратын болады. Сондай-ақ 313-1 бабы яғни  суцидті насихаттау да 200 АЕК айыппұл немесе дәл сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылатын болады. Жалпы жыл басынан бері 102 номеріне зорлық зомбылық бойынша 21 мыңнан астам адам хабарласқан екен.

El.kz: Қоғамда көп талқыланған жаңа заңның бір тұсы – ата-ананың жауапкершілігіне қатысты болды. Жаңа заңда бұған қандай өзгерістер енді?

Әлімжан Жұбатқанов: Иә, ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларының қауіпсіздігін қаматамасыз ету бойынша міндеттемесін орындамағаны үшін жауапкершілік те көзделді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 127-2 бабында кәмелет жасқа толмағанға қатысты буллинг, кибербуллинг жасап қорқыту жазасы енгізілді. Бастапқыда ескерту немесе 10 айлық есептік көрсеткіш, бұл 36 920 теңге айыппұл деген сөз. Бір жыл ішінде қайталанса 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 110 760 теңге болады. Егерде буллингті 12 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірім жасаса онда оның ата-анасына 10 АЕК айыппұл салынатын болады.

El.kz: Осы ретте буллинг ұғымына тоқталып кетсек. Буллингттің қандай түрлері бар және заңда оған қандай шаралар қарастырылған?

Әлімжан Жұбатқанов: Буллинг дегеніміз бұл психологиялық қысым көрсету. Бір баланың екіншіні әдейі кемсітуі, қорлауы, мазақ етуі. Ағылшын тілінен «bully» — қорқыту, психологиялық қысым және қорқыту; ұрып-соғу; жалған ақпарат, қауесет тарату, топтан шығару-елемеу т.б болуы мүмкін. Екі тараптың бірі (конфликті бастаған тарап) екіншісіне қарағанда моральді және физикалық тұрғыдан мықты болып келеді. Тіпті топтасып алып бір адамға тиісу де жиі кездеседі.   Қазір «кибербуллинг» деген ұғым пайда болды. Кибербуллинг — интернет, әлеуметтік желі, түрлі сайт арқылы қоқан-лоқы көрсету. Жәбірлеуші телефонмен хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып та адамды қорқыта алады. Сонымен қатар қысым көрсетушіні табу оңай емес. Сондықтан буллингте де, кибербуллинг жағдайында да жасөспірімдердің ұшырайтын психологиялық салдары депрессиядан, үрейдің күшеюіне және ауыр эмоционалды жарақатқа дейін жетуі мүмкін.

         16 жастан аспаған балаларды оның ата-анасының не заңды өкілінің еріп жүруінсіз қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіргендерге де 5 АЕК айыппұл 18 460 теңге шара қолданылады.     Себебі осындай жағдайлар жиі қайталанып тұрады. Есетеріңізде болса, Орал қаласында №2 автобустың кондукторы күннің қатты суық екеніне қарамастан, 8 жастағы баланы жол ақысын төлемегені үшін қоғамдық көліктен түсіріп жіберген еді. Осы жағдайдан кейін оқушы үйіне жылап келген. Оқиға №31 орта мектеп аялдамасында болған. Енді мұндай жағдайға жол берілмейтін болады.

El.kz: Суицид дегенде есімізге түсіп отыр, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде  «Көк Кит»,  «Тиxий Дом» деген жас өспірімдерді суицидке итермелейтін ойындар жайлы мәлімет көбейіп кеткен еді.

Әлімжан Жұбатқанов: Иә, меніңше бұл ойынды псиxикалық ауытқуы бар біреулер ойлап тауып, сонымен кең таралған болу керек. Алдымен Ресейде, қазір Қазақстан мен Қырғызстанда таралған. Ойынның барысы жас өспірімдер #явигре, #синийкит,#тиxийдом, #разбудименя  сияқты xештегтермен фото салады. Сосын оған кураторлар xабарласады. Осылай 50 тапсырманы жасөспірім орындап бастайды. Соңғы тапсырма «асылып өлесің бе, әлде секіріп өлесің бе» деген сұрақ болады. Бұндай сұрақты қоймас бұрын жас қатысушыға бір сілтеме жібереді. Сол сілтемеге кіргенде қатысушының IP адресі сақталып қалып, адресі және т.б. интернет орнатылған жердің мәліметтері шығады. «Сен жайлы барлық мәліметтерді білеміз» деп баланы қорқытып, «егер сен тапсырманы орындамасаң, туыстарыңды өлтіреміз» немесе «өзіңді әрдайым аңдып жүреміз» дейді. Бұндай қорқытудан соң, бала амал жоқ тапсырманы орындап, өз-өзіне қол жұмсайды. Баланың псиxикасында осы жолмен ата-анама, жақындарыма көмектесемін деген «ізгі ой» пайда болады.

El.kz: Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымына бүкіл ел болып біржолата  тосқауыл қою керектігін айтқан болатын. Осыған орай есірткі саудасы неге көбейді, мұнымен қалай күресуіміз керек?

Әлімжан Жұбатқанов: Ұлы Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген емес пе?!  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде  бұл кеселмен бүкіл ел болып күресіп, есірткіге біржола тосқауыл қою керектігін, тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталып, заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынғанын атап өтті. Бұл деген сөз елімізде тіркеліп отырған есірткі саудасы қылмыстары бойынша үлкен көрсеткіш деуге болады. Өкінішке қарай жастардың көбісі «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» оңай пайда тауып көп қаржыға кенелгісі келеді. Жұмыс іздеп жүріп әлеуметтік желілердегі қосымшалар арқылы курьер, яғни зат таситын жұмысқа шақыратын жарнамаларға кезігіп, есірткі саудасымен өздерінің қалай айналысып кеткендерін аңғармай қалады. Қай жерде ақша көбірек төлесе соған ұмтылыс көп екені айтпаса да түсінікті жағдай. Кейбірі өзінің қылмыстық жолмен айналысып жүргенін білсе де тәукелге бел буып барып жатады. Көбінесе жастардың сататын заңсыз есірткі айналымының саудасы синтетикалық мефедрон.  Оны өлшейтін электронды таразы, изолента болады, буып түйіп орап сатады.  Нарықтағы 1,0 граммының бағасы 15000 нан 20 000 теңге аралығына дейін барады.  Ал осыны тасымалдап сататындар осы мефедронды қаладағы әрбір үйдегі подъездер, саябақтар, т.б айтылған жерге 1 грамм буылған мефедрон есірткісін немесе өзге есірткі түрлерін апарып жасырып, оны суретке түсіріп, есеп береді. Мәселен бірреттік сатылым үшін 1500 теңге алып отырса, бір күнде 20-сын немесе одан да көп есірткі жасырса, аптасына 200 000 теңгеден 400 000 теңгеге дейін табыс табады деген сөз. Сонда айына тіпті 1 млн не одан да көп ақша табуы мүмкін. Ондай қомақты ақша тауып үйренген адам ештеңеден тайынбастан ақша үшін қорықпай заңсыз есірткі сатумен, тасымалдаумен емін-еркін айналыса беретіні анық. Осы жерде айта кететін жағдай, есірткі саудасы бойынша көп жағдайда ұйымдастырушы, өндірушілер жазадан құтылып кетіп отырады да, тек есірткіні тасымалдап жасырып жүрген адам ұсталып жатады. Өкінішке қарай қоғамда есірткі тұтынушылар мен сатушылар азаймай отыр. Сондықтан менің ұсынысым, есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет.

El.kz: Заңсыз есірткі айналымына қатысты қылмыстың жазасы қандай және есірткінің мөлшері қылмыстың жазасына қарай қалай сараланады?

Әлімжан Жұбатқанов: Біріншіден тергеушімен заңсыз айналымдағы есірткі заттары тәркіленіп алынған кезде, оған есірткі құралдарын, олардың аналогтары мен прекурсорларының психотроптық заттарына сот-сараптамалық зерттеуді тағайындау туралы қаулы шығарылып, сараптама орталығына жолданып, сұрақтары көрсетіледі. Сарапшыға зерттеуге ұсынылған заттар есіртікі болып табылама сол анықталады.  Егер есірткіге жатса, психотроптық па әлде сол тектестер ме? Қай түріне жатады? Салмақ массасы қандай? Міне, осындай және  өзге де  қажетті сұрақтар қойыла отырып анықталады.  Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімін, Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестені, Есірткі, психотроптық заттардың құрылымдық формулаларындағы сутегі, галогендер және (немесе) гидроксильді топтар атомдарын алмастырғыштар тізімін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 3 шілдедегі № 470 қаулысының кестесіне сәйкес шағын, ірі және аса ірі болып бөлінеуіне қарай анықталады. Мәселен гашиштың шағыны 0,5-5,0, ірі 5,0-200, аса ірі 200 болып көрсетілген. Мұндай жағдайда сараптама қорытындысына сәйкес осы көрсетілген мөлшерге сәйкес күдіктіге есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 297 бабы 3-бөлігі 3-тармағымен аса iрi мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге қатысты жасалған деген айып тағылады. Күдіктінің кінәсі дәлелденген жағдайда, сотпен мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Осындай жағдайда көптеген жастар 10 жыл бас бостандығынан айрылып жатыр.  Бұл, әрине, ұлтқа төнген үлкен қасірет. Ал енді осы баптың 4 бөлігіне сәйкес, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер, сол сияқты есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді бiлiм беру ұйымдарында не көрiнеу кәмелетке толмаған адамға өткізген жағдайда мүлкi тәркiленiп, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасы бойынша жазаланады.

El.kz: Ата-аналар жасөспірмдердің жасырын есірткі сатып жүргенін қалай анықтай алады? Осы жағдайда нені ескеру керек?

Әлімжан Жұбатқанов: Заңда есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталса, есірткіні  сататын болса 14 жастан жауапкершілік көзделген. Баланың есірткі сатушы не тасымалдаушы болып жұмыс істейтінін келесідей байқауға болады: Баланың телефонында кіреберістердің, аялдамалардың, үй қабырғаларының суреттері пайда болса; Жеке заттарының арасында  изолента, пакеттер, электронды таразы, таблетка немесе көзге арналған тамшыларға ұқсас заттар табылса; Араласатын ортасы өзгерсе; Бойында дөрекелік, ашушаң пайда болса, үйдегілермен бірге отырып сөйлескісі келмей қашып жүрсе; Оқуға, жұмысқа т.с.с ерте кетіп, кеш келіп жүрсе; Ең бастысы, ақша немесе жаңа заттар пайда болса және жасөспірім олардың қайдан келгенін түсіндіре алмаса. Мұндай жағдайда әрбір ата ана, бауырлары өзінің балаларын, бауырларын немен айналысып жүргеніне мұқият назар аударуы керек. Тіпті жұбайлары да қосылып есірткі сатумен айналысып, ұсталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылғандары да бар. Сондықтан мұндай қадамға баруға болмайды.

Есірткінің, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қатысты істер бойынша заңнаманы қолдану туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1998 жылғы 14 мамыр N 3 қаулысының 3 бөлігіне сәйкес, сол заттарды, сол тектестерді кінәлінің арнайы рұқсатсыз иелігінен (өзінен, жасырын жерден, үй-жайдан, көлік құралынан, басқада орындардан) тауып алумен байланысты кез-келген қасақана әрекет заңсыз сақтау болып табылады.

Өткізу мақсатында заңсыз сақтау пиғылымен жасалғандығы жөнінде мәселені шешу үшін, бұл заттар, сол тектестер анық өткізуге дайындалғандығын дәлелдейтін айғақтар жинағын арқау ету керек (мысалы, жоғарыда көрсетілген заттар, сол тектестер көп мөлшерде табылса, оларды өзі ғана қолданатынын жоққа шығаратын жағдайда, бөлшектеу, оларды дайындайтын және бөлуге арналған құралдар мен жабдықтардың болуы, кінәлінің өзі есірткіні қолданбайтындығы фактісі т.с.с.).

Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекснің 296-бабының санкциясында есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істегені үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көрсетілген. Бұл жерде есірткі сатушының пиғылы жазаны ауыр екенін біле отырып оны өзі өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындағанмен, басқа адамдардың қолымен өткізіп, өзі жазадан құтылып кетіп жатады. Ұсталған есірткі сатушылар бұларды айтпайды, «танымаймыз, білмейміз әлеуметтік желі арқылы жұмыс жасап, тапсырма алып отырдым» деп жауап беріп, өзі ғана бас бостандығынан айрылып жатады. Ал негізінде ар жағындағы бір топ есірткі өндірушілерді тауып жазаға тарту керек.

El.kz: Қоғамда жаңа заңдардың өзгеруінен хабарсыз болып жататындары да кездеседі. Жалпы құқықтық сауаттылыққа қалай жетеміз?

Әлімжан Жұбатқанов: Заңдардың өзгеріп жатқанын бір жағынан құқықтық ниглизмге жатқызсақ, екінші жағынан құқықтық мәдениеттің ақсап жатқандығынан көруге болады. Құқықтық нигилизм  “құқықтық немқұрайлылық” деп  қарастырылатын термин. Ол азаматтардың әлеуметтік өміріндегі заң мен құқықтардың маңызын теріске шығару дегенді білдіреді. Әсіресе, құқықтық актілерді білмеу, өзгерістерден хабарсыз болу, яки саналы түрде оларды бұзу сияқты жағдайларда көрініс табады.

Әсіресе ішімдік ішіп, есірткі тұтынатын, құмар ойындар ойнайтындар психологиялық тұрғыда ашушаң болып келеді. Көңіл-күйінде ауытқушылықтар пайда бола бастайды.  Олар адамды ұрып соғу әрекетіне дейін барып жатады. Сол уақытта осы отбасы зорлық-зомбылыққа қарсы қылмыстық кодексте жазалау шаралары көрсетілгенін біле бермейтін болуы да мүмкін. Отбасылық шиеленістердің негізгі себептері: маскүнемдік, лудомания, адамгершілік құндылықтардың төмендеуі, отбасы институтының жоғалуы. Бабаларымыз: «Ойынға ойсыз құмар», – деп текке айтпаса керек. Өткенімізге үңілсек, құмар ойнау деген атау қазақ ұғымында болған емес. Бұл – бүгінгі қоғам дерті. Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды.

El.kz: Әңгімеңізге рақмет!       

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға