Әлімханұлы – Лара айқасы: айла жеңе ме, күш пе?
6 желтоқсан қазақстандық жанкүйерлер тарихи жекпе-жектің куәсі болады. Бір кездері Геннадий Головкин үшін жексенбі күнгі таңғы ұйқысын қиып, теледидарға телміретін отандастарымыз бұл жолы сол қарқын мен сол дәстүрді үзбей жалғап келе жатқан Жәнібек Әлімханұлының үшінші чемпиондық атағына таласын тамашалайды. Иә, бұл – бір көзіміз сағатқа, бір көзіміз Сан-Антониоға ауатын таң.
Біз ғана емес, бұл айқасты Әлімханұлының өзі де ұзақ күтті. Жұрттың сынына да, басқа салмаққа ауысу туралы кеңесіне де құлақ асқан жоқ. Сөйтіп ақыры мақсатына жетті. Ұзақ келіссөз, тоқтап қалған мәміле, қайта басталған келісім... Бірақ жерлесіміз табандылық танытты. Осылайша, 32 жастағы қазақ чемпионының WBA белбеуінің иесі Эрисланди Ларамен шаршы алаңдағы кездесуіне де санаулы күн қалды. Бұл күні үш бірдей белбеу сарапқа салынса, соның екеуі – WBO мен IBF Жәнібекке тиесілі.
Лара – айла мен тәжірибе, Жәнібек – күш пен жаңа дәуір
42 жастағы кубалық Эрисланди Лараны әлем боксындағы техникасы мен тәжірибесі тамаша үйлесім тапқан былғары қолғап шебері деп айтуға болады. Оның «Америкалық арман» атануы да бекер емес: талай жыл бойы бірінші және орта салмақта менмін деген мықтылардың мысын басқан айлакер боксшы. Екінші нөмірмен жұмыс істеу, қарсыласын састыратын джебтері, қашықтықты керемет бақылау – мұның бәрі Лараның стиліндегі басты қаруы.
Бірақ бұл жолы ол мүлде өзге мектеп өкілімен жұдырықтасады. 32 жастағы Жәнібектің боксынан агрессия, қысым, жылдамдық, орта қашықтықтағы толассыз шабуылды көруге болады. Boxing-data басылымы айтулы айқас алдында Qazaq Style-ға былай деп баға берген еді:
Әлімханұлы – тоқтаусыз қысым, агрессия және 71% нокаут көрсеткішімен қарсыласын еш қиындықсыз жеңе алатын күш иесі.
Бұл кездесу – екі стильдің қақтығысы ғана емес, екі дәуірдің айқасы. Сарапшылар да солай дейді.
ESPN журналисі Бернардо Пилатти:
Егер Жәнібек орталықты бақылауында ұстаса, онда нокаутпен жеңуге де қауқарлы. Ал егер жекпе-жек ырғағын Лара орнатса, айқас іш пыстырарлық, сөйте тұра Әлімханұлы үшін қиын өтеді, - деп пікір білдірді.
Жәнібек нокауттан басқасына көңілі толмайтынын талайдан бері дәлелдеп келеді. Тіпті соңғы екі кездесуінде де қарсыластарын тырп еткізбеді. Былтыр Сиднейде Жаңа Зеландия өкілі Андрей Михайлович сазайын тарттырса, ал биыл Астанада француз Аннуэль Нгамиссенгенің лайықты қарсылысқ көрсетуге шамасы жеткен жоқ. Жұдырығы тоқпақтай Әлімханұлынан әншейінде аузын жаппайтын «чемпиондардың» өзі қашқақтайтыны сондықтан. Білдей бір белбеудің иесі бола тұра шаршы алаңда көгала қойдай сабалып, масқара болғанын кім қаласын.
Қазақ кәсіпқой боксының тамыры мен сабақтастығы
Василий Жиров
Жәнібектің бүгінгі мәртебесі жоқ жерден пайда бола салған дүние емес. Қазақстанның кәсіпқой бокстағы тарихы – үлкен жол. Ал сол жолды алғаш болып салған – Василий Жиров. «Балқаш жолбарысы» қазақ боксының стилін Олимпиадада ғана емес, кәсіпқой бокс шаршы алаңында да әлемге танытқан адам. 1999 жылы Артур Уильямсқа еш мүмкіндік қалдырмастан, IBF чемпионы атанды. Сонан соң жеті рет белбеуін қорғады.
Бейбіт Шүменов
Айқара ашылған есікке Бейбіт Шүменов те жуан жұдырығымен кіріп келді. Төрт жыл бойы WBA белбеуін ұстап тұрған алып. Ол 2010 жылы Кампильоны жеңіп, титулды иеленді, ал атағын бес рет қорғады.
Жанат Жақиянов
Қазақ кәсіпқой боксындағы сенсациялық есімдердің бірі деп дәл осы Жанат Жақияновты айтуға болатын шығар. Ол Головкин немесе Жиров секілді Олимпиада ойындарында атой салған жоқ. Сөйте тұра тарихта өз атын қалдыра білген боксшы.
Жақиянов жеңіл салмақта чемпиондық белбеуге тек бір рет иелік етті. 2017 жылы Жанат американдық Уорренмен өткен кездесуде керемет камбэк жасап, бокс әлемін дүрсілкіндірді. Бірінші раундта екі рет нокдаунға түсіп қалғанына қарамастан, тізгінді қолына алып, жеңімпаз атанды.
Дегенмен екі титул үшін өткен келесі кездесуінде британиялық Барнеттке есе жіберіп, карьерасын тәмамдады.
Геннадий Головкин
Ал Геннадий Головкин (GGG) – Қазақстан боксының алтын дәуірі. Әзірге WBA, WBC, IBF секілді үш белбеуді қатар иеленген жалғыз отандық боксшы. Әлімханұлы алдағы күндері GGG-дің биігін бағындырады деп үміттенеміз. Орта салмақтағы сауатты қорғаныс, әлемді таңғалдырған нокауттар сериясы – осының бәрі Головкиннің есімімен тікелей байланысты. Айтпақшы, жерлесіміздің шаршы алаңға оралуын күтіп жүргендер әлі де бар. Даңқты боксшының өзі де карьерасындағы нүктені қоюы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Ал енді сол дәуірдің ізін жалғаған жаңа лидер бар. Ол – Жәнібек Әлімханұлы. Мұны Головкиннің өзі де қуана мойындайды.
Жәнібек – орта салмақта нағыз көшбасшы болатын боксшы. Оған тек жеңіс тілеймін! – деді аңыз спортшы.
Лара өзіне сенімді, ал статистика не дейді?
Сарапшылар кубалық былғары қолғап шеберінің тәжірибесін алға тартқанымен, оның жасы келгенін, Жәнібек секілді қарсыласының адымын аштырмайтын боксшыға айла табуы қиынға соғатынын айтып жатыр. Бірақ Эрисланди үнсіз қалған жоқ, Әлімханұлын да, өзіне күмәнмен қарағандарды да жазалайтынын тілге тиек етті.
Адамдар Жәнібекті ең қауіпті қарсылас деп ойлай берсін. Солардың жекпе-жектен кейін не айтатынын көрейік. Мен жеңемін. Бәлкім ұзаққа созбай-ақ нокаутқа жіберермін, бәлкім соңына дейін жалғасар, қалай болғанда да әдемі жеңісіме куә боласыздар, - дейді кубалық ардагер.
Қазір Лараның жасы 42-де. Бірақ оны осал дей алмайсың, оның үстіне соңғы екі жекпе-жегін де нокаутпен аяқтаған: Дэнни Гарсия мен Майкл Зерафаны мерзімінен бұрын жеңді. Сондықтан оның тәжірибесіне сүйеніп сөйлетін жөні бар.
Бірақ статистика бәрібір Әлімханұлының жағында:
|
Көрсеткіштер |
Әлімханұлы |
Лара |
|
Жасы |
32 |
42 |
|
Бойы |
182 см |
188 см |
|
Рекорд |
17-0 (12КО) |
31-3-3 (19КО) |
|
Нокаут % |
71% |
61% |
Жастық, жылдамдық, соңғы жылдардағы белсенділік – мұның бәрі Жәнібектің «сөзін сөйлеп тұр».
Қазақстандық танымал бапкер Юрий Чернобровкин де Qazaq Style-ды айқын фаворит санайды. Ол Жәнібектің Эрисландидің әбден сілікпесін шығаратынына сенімді.
Жәнібек ұтатынына күмәнім жоқ. Не ұпай санымен жеңуі мүмкін, не 10-12-раундтарда жекпе-жекті төреші тоқтатуы мүмкін.
Үш белбеу және абсолютті чемпиондыққа апарар жол
Бұл айқас Жәнібек үшін финал емес, жолдың ортасы ғана деп сенеміз. Себебі осы кездесуден соң IBF ұйымы Остин «Аммо» Уильямсты міндетті қарсылас ретінде тағайындап отыр. Эдди Хирннің айтуынша:
7 желтоқсанда жеңіске жеткен боксшы Уильямспен міндетті түрде жекпе-жек өткізуі тиіс.
Ал келесі мақсат қандай?
Әлімханұлы бұған дейін де таалй айтқан, оның басты мақсаты – абсолютті әлем чемпионы атану. Осы межеге жетпей басқа салмаққа ауыспайтынын шегелеп айтқан. Себебі Қазақстан тарихында бір де бір боксшы төрт бірдей белбеуге иелік еткен емес. Кезінде Головкин соған жақын болып еді. Ал бүгінде сол миссияны жалғастырушы – Жәнібек Әлімханұлы. Ендеше жерлесіміздің мақсатына жету жолына бірге куә болайық.
Айқасты қайдан көреміз?
Айтулы кездесу 6 желтоқсанда Qazaqstan және Qazsport арналарында тікелей эфирде көрсетіледі, ал басталуы – таңғы 6:00.
Бұл тек атақ үшін айқас емес. Бұл – жаңа дәуірдің басталуы. Бұл – Qazaq Style тарихқа айналатын сәт.

