Жаңалықтар

Алиментті қалай өндіріп алуға болады?

Адвокат Тілеужан Жұмабекұлымен сұхбат
Алиментті қалай өндіріп алуға болады?
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 25.04.2022 14:55 20545

Елімізде безбүйрек әкелердің баласының алдындағы қарызы, яғни алимент мөлшері 350 миллион теңгеге жеткен. Өкініштісі алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелер саны жылдан жылға артып келеді. Алимент тақырыбы неге көп қозғалып жүр? Себебі қазіргі таңда үш некенің біреуі ажырасып жатыр. Салдары осыған әкеліп отыр. Біз бұл жайында Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Кішкенебаев Тілеужан Жұмабекұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

Алиментті қалай өндіріп алуға болады?

– Тілеужан Жұмабекұлы, қарапайым тілмен айтқанда алимент дегеніміз не?

– Баланы асырап бағуға алимент төлеу. Осы сөзге аса мән берген жөн болар, «баланы асырап бағуға» делінген. Дегенмен, көп жағдайда ерлі-зайыптылар ерікті алимент төлеуде, табысын жасырып, аз мөлшерде төлеу үшін түрлі әрекеттерге барып жатады. Сондықтан «алимент» сөзіне түсіндірме бере кетейін. Екі ата-ана да балаларын тәрбиелеу мен дамытуға қатысуы керек. Әртүрлі өмірлік жағдайларға байланысты ата-аналардың отбасылық қатынастарында келіспеушіліктер жиі кездеседі. Әрі қарай бірге өмір сүру қиын мүмкін емес болып, айырылысып жатады. Бірақ, ерлі-зайыптылар ажырасқанымен ешбір ата-ана баламен айырылыспайды, баланың алдындағы жауапкершіліктен, міндеттерден құтыла алмайды. Неке бұзылған жағдайда, баланы тәрбиелеу үшін ата-аналардың бірі жауапкершілікті алады, әдетте бұл анасы, бірақ ҚР заңнамасында әкесіне де анасына да балаларын алимент түрінде ұстауға материалдық көмек көрсетуді міндеттейтін нормалар қарастырылған.

Алиментті тағайындау, алу, жинау ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексімен реттеледі. Онда алимент дегеніміз – бір адам оны алуға құқығы бар басқа адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық көмек.

– Алимент қандай жағдайда төленеді? Оның мөлшері қандай?

– Алимент 3 жағдайда төленеді:

-  Ерлі зайыптылардың бірі еңбекке жарамсыз болса

-  Жүктілік кезінде және бала туғаннан бастап 3 жыл ішінде;

- 18 жасқа толғанға дейінгі мүгедек-балаға немесе 18 жасқа толуы бойынша I-II топты мүгедектік анықталған жағдайда балаға алимент төленеді.

- Алимент көлемі сот шешімі бойынша белгілі болады. Алимент төлеуге міндеттелген ата-ананың бір ай сайын бір балаға табысының 4/1 бөлігін төлесе, екі балаға 3/1 бөлігін, одан көп балаға табысының жарты бөлігін төлеп отыруы керек.

Алиментті қалай өндіріп алуға болады?

– Алиментті ерікті түрде, келісім арқылы қалай төлеуге болады?

– Алиментті ерікті түрде төлеу – медиация тәртібінде алимент төлеуші мен алушы арасындағы оларды төлеу жайлы келісіммен рәсімделуі мүмкін. Онда алимент төлеу шарттары, тәртібі мен мөлшері егжей-тегжейлі көрсетілуі керек. Алимент төлемдерінің мөлшерін, төлеу тәсілдері мен тәртібін тараптар өзара келісім бойынша белгілейді және келісімде көрсетіледі және төленуі керек. Егер кәмелетке толмаған балаларға алимент төлеу арқылы өзара келісімге қол жеткізу мүмкін болмаса, онда бұл мәселелер бойынша шешім арызбен сотта анықталады. Сот бұйрығы кейін ай сайын келесі мөлшерде бөлшек қатынаста жаза тағайындай алады: бір балаға- ата-анасының табысының және басқа кірісінің 25% . Яғни бір балаға борышкердің табысының төрттен бір бөлігін, екі балаға 33%, бірден үш бөлігін, үш одан да көп болаға 50% яғни 1/2 алимент төлеу керек.

–Тілеужан мырза, айтыңызшы алименттен бас тартқан әкелерге қандай жаза қолданылады?

– Заңға жүгінсек, егер ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптылар арасында алиментті төлеу тәртібі және мөлшері туралы келісім қарастырылса, онда іс-жүзінде төлем келісімге сай келуі керек. Егер ата-ананың бірі алимент төлеуден бас тартса, онда оны ата-ана құқығынан шеттетіледі. Бірақ ол алимент төлеуден босатылады деген сөз емес. Алимент төлемеген жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жеке шоттары бұғатталады.

–Егер алимент төленбесе қандай органдарға шағымдану керек?

– Сотқа, сот орындаушыларына шағымдана алады.

–Біздің елімізде заң бар дейді, бірақ неге заң әлсіз? Азаматтар өз тарапынан алиментті өндіріп алу үшін не істеу керек?

– Бұл жерде заң бар, заң жұмыс істеуі керек. Сот орындаушысы жұмыс істемеген жағдайда, сот орындаушыны ауыстыруға болады. Бұл жағдайда әр адамның құқығы бар. Егер сот орындаушылары борышкердің үстінен ешқандай іс-әрекет жасамаса, онда сот орындаушының үстінен шағым жазуға болады. Тағы бір айта кететін жәйт, сот орындаушы жұмыстарды жасап жатыр ма, жоқ па? соңы тексеру үшін, сот орындаушының электронды пошталарына керекті қадағалайтын өтініштерді толтырып, сот орындаушының әрбір атқарып жатқан жұмыстарын қадағалап, бақылап отыра аласыз. Егерде сіздің берген өтінішіңізге 3 рет әрекетсіздік білдірсе, онда оларды сотқа беріп сот орындаушының лицензиясынан айыра аласыз. Осындай жағдай орын алғанда қайда шағымдану керектігін білмей жатады. Біріншіден сот орындаушының мекен-жайы бойынша сотқа арыздануға болады. Мысалы сіз Алматы қаласында тұрасыз, сот орындаушыңыз Алматы облысының Талғар ауданында тіркелген. Осындай жағдайда сіз Алматы қаласының сотына емес, Талғар аудандық сотына арыз жазасыз. Өкінішке қарай, бұл жағдайда азаматтар өздері жүгіру керек. Жалпы, заң бойынша сот орындаушысы міндетін орындау керек. Бірақ көп жағдайда өздеріне тиесілі жұмысты атқармайды. Салдарынан алиментті өндіріп ала алмаған ата-ана шырылдап қалады.

–Тілеужан мырза, ал баласы әкесінде қалса, анасы алимент төлей ме?

– Әрине. Егер бала әкесінің қамқорлығында болса, анасы баласы үшін алимент төлеуге міндетті.

–Алимент көлемін қысқартуға бола ма? Қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?

– Болады. Егер азамат, екінші отбасын құрып балалы болса, көлемі қысқаруы мүмкін. Әлеуметтік жағдайына қарай немесе екі жақтың ортақ келісімімен алимент көлемін қысқартуға болады.

–Айтыңызшы заң бойынша қандай жағдайда алимент төлемеуге болады?

– Егер азамат мүгедек немесе еңбекке жарамсыз болса, алимент төлемейді. Бірақ аталған азаматтар үкіметтен жәрдемақы алатын болса, сол жәрдемақыдан төлейді.

–Егер алимент төлемесе, мемлекет мүлкін тартып ала ма?

– Мемлекет мүлкін тартып алмайды. Алимент бойынша азаматтың қарызы көбейсе, оның жеке мүліктері арестке қойылады. Арестке қойылған мүлікті аукцион арқылы сатып, түскен қаражатпен алименттің қарызы жабылады. Қалған ақша болса, азаматқа кері қайтарылады.

– Жасы 18-ге толған балаға алимент төлене ме?

– Егер бала жұмыссыз болса, немесе оқуға түссе азамат балаға алимент төлеуге тиіс.

–Егер алимент төлейтін адам жұмыссыз болса, алимент төлеуден босатыла ма?

Алиментті қалай өндіріп алуға болады?

– Есіңізде болсын, алимент төлейтін әке ақшасы бар немесе жоқ деп бөлінбейді. Демек, жұмыссыз болғаны үшін оған қандай да бір жеңілдіктер қарастырылмайды. Әке жұмыс істесе де, істемесе де, ақшасы болса да, болмаса да алимент төлеуі тиіс. Заң солай! Сонымен қатар сот орындаушы әкенің табысын анықтайды. Егер борышкердің ресми жұмысы жоқ болса, мемлекет бекіткен жұмыссыздық тарифі бойынша орташа жалақыны есептеп, алименттің мөлшерін анықтайды. Сол бойынша алиментті төлеуге міндетті. Қарыз ретінде де өндіруге болады.

Сот бұйрығы болса да, алимент төлемей жүрген борашыкерлер аз емес. Мұндай жағдайда алиментті қалай өндіріп алуға болады?

– Мұндай жағдайда сот орындаушыдан жұмыс істеуін талап етіңіз. Заң бойынша борышкерді әкімшілік жазаға тартып қамаққа алуды, 2 рет әкімшілік шара қолданса, үстінен қылмыстық іс қозғап және өзге де тиісті шараларды қолдануды қажет екенін айту қажет. Көп сот орындаушылар сіздердің заңнан онша хабары жоқ екендеріңізді біледі. Сондықтан әр адам заңды білу керек. Сонымен қатар құқықтық сауаттылықты көтеру қажет. Есіңізде болсын сіздің сот орындаушыңыз жұмыс істемесе, оның үстінен сот орындаушылар палатасына, прокуратураға, әділет органдарына және сотқа шағымдануға әбден құқылысыз. Одан кейін арыз жазған құзыретті орган сізге 15 күн ішінде хат арқылы жауап беріп, сот орындаушыныз дереу жұмысына кіріседі. Ал, бұл жолы да жұмыс жасамаса, салғырттық пен жауапкершіліксіз үшін лицензиясынан айыра аласыз. Қит етсе болды арыз жаз, шағымдан деуден аулақпын. Ең басты ойым, қарапайым халық ешкімге өз құқықтарын таптатпаса деймін. Негізі, алимент төлемеген жанға бір-ақ күнде шотына арест қойып, куәлігін алып, шекарадан шығуды шектеп тығырыққа тірейтін заң бар. Алайда, оның бәрін құлшына орындайтын сот орындаушысы бар болса маған көрсетіңізші. Жеке сот орындаушысының әрқайсысын орнынан қозғайтын орындаушы керек.

Алименттен бас тартып, кейін қайтадан өтініш беруге бола ма? Бұндай жағдайлар кездесе ме?

– Баланы өз қамқорлығына алған анасының немесе әкесінің қаржылық жағдайы жақсы болғанда, алименттен бас тартып жатады. Көп жағдайда бала әдетте анасында қалып жатады. Осы ананың жеке кәсібі болуы мүмкін, жұмыстағы жалақысы жақсы жетуі мүмкін ғой. Сондай кезде әкесінің жағдайын ойлап отказ беретіндер болады. Кейбіреулер әбігерге салынғысы келмегеннен де алиментке өтініш бермей жататын жағдайлар кездеседі. Ал, енді бірі бұрынғы күйеуіне ерегіскеннен отказ жасайды. «Сенен маған бір тиын да керегі жоқ, деп есікті тарс жабады». Бірақ күндер өте алименттің артық етпейтінін түсінеді. Басында отказ берсеңіз, кейін қайтадан ала аласыз. Бастысы, неге басында бас тартқаныңызды жақсылап түсіндіріп жазуыңыз керек. Қажет болса, ол қаражатты баланың қай қажеттілігін өтеу үшін қолданатыңызды да жазсаңыз болады. Сол кезде бас тартудың себебі қаралып, алимент ала аласыз.

– «Баламды өзім асырай аламын»! «Маған одан ештене қажет емес». Неге баласының әкесінен алимент талап етпейсің деп сұраған әйелдердің басым көпшілігі осы пікірде. Осындай ұстаныммен жүрген аналарға заңгер ретінде қандай кеңес бересіз?

– Ата-аналардың өз балаларына қатысты тең құқықтары және тең міндеттері болады. Сонымен қатар, бұл ақша сізге емес, бала күтіміне байланысты алимент өндіріледі. Қаржылық жағдайыңыз жақсы болса да, ақша баланың кәмелеттік жасқа толған кезде қолдана алатын банк шотына түсіріп отырсаңыз болады. Бұл жердегі ең маңызды жәйт, егер сіз алимент өндіру бойынша сотқа арыз бермесеңіз, әкесі баласын қаржылай қамтамасыз етті деп саналады. Алайда, жас кезінде өзін-өзі қамтамасыз ете алмаған әке, зейнеткерлік жасқа келген кезде мұны істей алмайды. ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес, көмекке мұқтаж, еңбекке жарамды кәмелетке толған балаларынан сот тәртібімен өндіріп алынады.

Әр қазағымның құрған некесі мықты, отбасы аман болсын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға