Алика Мухамадиева әлеуметтік желілерде алауыздық тудырғаны үшін сотталды
Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты діни және ұлттық араздықты қоздырғаны үшін айыпталған Алика Мухамадиеваға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды. Бұл туралы Қарағанды облысының прокуратурасы хабарлады, деп жазады El.kz интернет порталы.
Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың жазында ол Threads әлеуметтік желісінде ұлттық және діни өшпенділікке бағытталған пікір жазған. Сараптама қорытындысы оның жазбаларында араздықты қоздыру белгілері бар екенін анықтаған.
Прокурор айыпталушыға 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, бірақ оның екі жасар баласы барын ескере отырып, жазаны 4 жылға кейінге қалдыруды ұсынды.
Өз кезегінде айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне шын өкінетінін айтты. Қорғау тарапы да іс бойынша ұсынылған дәлелдермен келісті.
Сот үкімінде айыпталушының кінәсі сараптама қорытындысымен және іс материалдарымен толық дәлелденгені көрсетілген.
Сот айыпталушының кінәсін мойындауын, кішкентай баласының болуын және істеген ісіне өкінуін ескеріп, оған қатысты жазаны өтеуді екі жылға кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады, – делінген сот үкімінде.
ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мұндай қылмыс үшін екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар, ҚР ҚК 74-бабы бойынша жас баласы бар әйелдерге жазаны өтеуді бес жылға дейін кейінге қалдыру құқығы беріледі. Бұл нормаға 2025 жылғы 16 шілдеде енгізілген өзгерістер 16 қыркүйектен бастап заңды күшіне енген болатын.
Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда үкімге сәйкес, жазаны өтеу екі жылға кейінге қалдырылды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

