Мысалы, тіл мәселесінде қатты басып жіберсек,
елдің ішкі мәселесіне әсер етіп кете ме деген ой түйсікте тұрады.
Оның екінші жағы жаңағы ашынуға алып келуі мүмкін. Тәк-тәкпен жүріп 9 мамырдағы келеңсіздікке жол беріп жатырмыз. Сондықтан да ұлттың ішкі бірлігін, ағаруын қамтамасыз ететін, былайша айтқанда, көзі ашықтың көкірегін оятатын, көкірегі ояудың көзін ашатын шаралар керек. Әлеуметтік желі соған жұмыс жасай алады. Мен бір-екі интервьюде айтқанмын, біздегі үлкен мәселе – көкірегі ояудың көзі ашылмаған, көзі ашықтың көкірегі оянбаған. Мысалы, кезінде паспорттан этникалық тегін алып тастау қазаққа керек еді. Себебі соған қарсы болған азаматтардың өздері «Қазақстанда жалғыз ұлт тұрады, ол – қазақ ұлты» деп айтады. Ал енді үш шүршіт болса, сен шүршітсің деп біз соған өзіміз мәжбүрлеп жазғызып отырмыз. 10 жыл бұрын соны көтергенде, мен бұған басқа ұлттар қарсы болса түсінер едім, Бірақ өзіміздің қазақ қарсы болғанын мен түсінбедім деп бастамашыларға айттым. Олар маған жасаған өтініші, осыны теледидардан айтпаңызшы деп еді. Қазір ойлансам, ол бізге керек. Өткені сонда ғана Жириновскийлер айта алмайды мына жақта менің бәленшем бар деп. Паспорт ешкімнің этникалық тегін анықтайтын құжат емес, паспорт деген осы мемлекетпен сенің ерекше қарым-қатынасың бар деген сөз. Осы мемлекеттің алдында сенің ерекше міндетің бар, осы мемлекеттің ішінде сенің басқаларда жоқ ерекше құқығың бар, осы мемлекеттің саған ерекше билігі бар деген сөз. Паспорт – соны ғана көрсететін құжат. Мысалы, мен Әлихан Мұхамедияұлы Байменовпын ба, мен Қазақстанның азаматымын, мені осылай ғана таныңдар. Бүкіл әлемде ұлт пен азамат деген бір сөз. «Nationality» деп жазғанда ол сол елдің азаматы дегенді білдіреді. Мысалы, Түркияда, өзіңіз білесіз, паспорттан ұлтты алып тастауға курдтер қарсы болады. Себебі олар солай курд деп жазылғысы келеді. Ал енді түріктер алып тастасын дейді. Себебі онда Түркия деп тұр. Мысалы, латын қарпіне көшуге оның біздің идеологиялық болсын, отарсыздану болсын, технологиялық тұрғыдан барлығына қажет екенін түсінбейтіндер бар. Бірақ олар былай қарасаң, өздерін ұлтшылмын деп есептейді. Яғни ұлтшылдық деген ұран ғана емес, ол – ұлттың мүддесін терең түсіне білу. Ал анау жеңіл ұранға еріп кету оңай. Сондықтан әлеуметтік желілердегі пікір алмасу мәдениеті, пікірталас мәдениеті, өзекті мәселелерді көтеру орынды. Ол қазіргі деңгейде біздің ұлтымыз үшін қажеттілік. Ал әлеуметтік желілер, шынтуайтқа келгенде, қоғамның белсенді бөлігінің ортақ бұқаралық ақпарат құралына айналып тұр. Яғни басқа БАҚ сол қажеттілікті өтей алмай тұр.