Жаңалықтар

Әлихан Смайылов: Отандық машина жасау саласы жақсы қарқынмен дамуда

Әлихан Смайылов: Отандық машина жасау саласы жақсы қарқынмен дамуда
Фото: primeminister.kz 11.05.2023 20:13 1202

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан машина жасаушыларының XI форумына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Іс-шара барысында ол өңдеуші өнеркәсіпті одан әрі дамыту бойынша Үкімет қабылдап жатқан шаралар туралы айтып берді. Әлихан Смайылов қазір бүкіл әлемде цифрлық технологиялар, роботтандыру және процестерді автоматтандыру белсенді түрде дамып келе жатқанын, осы орайда қазақстандық кәсіпорындарды жаңғырту маңызды екенін атап өтті.

Биыл өңдеуші өнеркәсіптегі, оның ішінде өндірісті жаңғырту бойынша инвестициялық жобаларды жеңілдікпен қаржыландыруға Қазақстан Даму Банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қоры желісі бойынша біз 500 млрд теңге қарастырдық. Бүгінгі таңда 200 млрд теңгеден астам сомаға жобалар мақұлданды. Біз биыл бұл қаржыландыруды 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, бұл қазіргі жағдайда айтарлықтай қолдау болмақ, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында бүгінде пайыздық мөлшерлемелер субсидияланып, банк несиелері бойынша кепілдіктер беріліп отырғанын айтты. Сонымен қатар мемлекеттік қолдаулар шеңберінде инфрақұрылым құрылысына қаржы бөлінуде.

Биыл біз өңдеуші өнеркәсіпте жалпы құны шамамен 520 млрд теңге болатын 12 мыңнан астам шағын және орта бизнес жобасын субсидиялауды жоспарлап отырмыз. 400 млрд теңгеге тағы 12 мыңға жуық жобаға кепілдік беру жоспарланып отыр, — деді Премьер-министр. 

Үкімет басшысының айтуынша, қазір «Бизнестің жол картасы» бағдарламасында шағын машина жасау компаниялары үшін «Өндіріс» бағдарламасын бөліп алып қарау мәселесі қосымша пысықталып жатыр. Аталған бағдарлама компанияларға өз инвестицияларына және өндірісті жаңғыртуға қаражат алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен шағын бизнеске дайын өндіріс орындары ұсынылып, жұмысты бастау үшін шағын өнеркәсіп аймақтарының құрылысы қаржыландырылатын болады. Бұл бағдарламаны біз барлық өңірде жүргіземіз, — деді Әлихан Смайылов.

Бұдан басқа қазіргі уақытта республикада өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім қолданылады, оған сәйкес ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобильдер өндірушілері кедендік баждан және ҚҚС-тан босатылады. Үкімет бұл шараны тұрмыстық техника өндірушілеріне 5 жыл мерзімге кеңейту мәселесін пысықтауда.

Осы орайда бүгінде салық бойынша ынталандырудың тиімді шарасы – есепке алу әдісімен ҚҚС төлеу тетігі жұмыс істейді. Оның арқасында жабдықтар мен құрамдас бөлшектерді импорттайтын машина жасау кәсіпорындарына салық жүктемесі азаяды.

Бұл өндірістің өзіндік құнын төмендетеді. Бұрын бұл норма 4 тауар тобына қатысты қолданылған. Қазір біз оны 10 тауар тобына дейін кеңейттік. Ол 2024 жылдың соңына дейін жарамды. Қазір жаңа Салық кодексі аясында біз осы шараның қолданылу мерзімін ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, — деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы Қазақстанда цифрлық технологияларды енгізуге, бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға және өндірісті жаңғырту үшін шетелдік мамандарды тартуға жұмсалған шығындардың 40%-на дейін өтелетінін еске салды.

Оған қоса қазіргі уақытта жаңа Машина жасауды дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу аяқталды. Оның аясында машина жасауды қоса алғанда, өңдеуші өнеркәсіпті қолдаудың бірқатар нақты шарасы қарастырылған. Мысалы, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға шегерілетін шығындарды 1,5 есе ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорындарды инновацияны әзірлеп, оны енгізуге қаражат салуға ынталандырмақ.

Бұдан басқа машина жасау саласының сынақ зертханалары үшін жабдықтарды сатып алу және қызметкерлерді шетелдік кәсіпорындарда тағылымдамадан өткізу шараларын қаржыландыру мәселелері пысықталып жатыр. Сонымен қатар тағы бір тың шара – машина жасау кәсіпорындары үшін өнеркәсіптік гранттар енгізілуде.

Жалпы отандық машина жасау саласы жақсы қарқынмен дамып келеді. Біз өңдеуші өнеркәсіптің локомотиві саналатын осы саланы одан әрі барынша қолдауға дайынбыз, — деп түйіндеді Премьер-министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға