Жаңалықтар

Әлихан Смайылов Куба премьер-министрімен келіссөз жүргізді

Әлихан Смайылов Куба премьер-министрімен келіссөз жүргізді
Фото: t.me/KZgovernment 09.06.2023 12:10 811

Премьер-министр Әлихан Смайылов Куба премьер-министрі Мануэль Марреро Круспен келіссөз жүргізді. Кездесу Сочи қаласында (РФ) Еуразиялық үкіметаралық кеңес алаңында өтті. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қазақстан мен Куба екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және тереңдетуге ниетті. Атап айтқанда, бұған Кубадағы дипломатиялық миссиясының толыққанды елшілікке айналғаны дәлел.

Екі ел арасындағы тауар айналымының өсу қарқыны жақсы. Осыған байланысты біз өзара сауда-экономикалық іс-қимылдың басым бағыттарын және келешектегі бірлескен жобаларды айқындау бойынша бірлесіп жұмыс істеуді жөн көреміз, — деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар премьер-министр екі елдің фармацевтика және биотехнология салаларындағы ынтымақтастықты дамытуда әлеуеті зор екенін айтты. Мәселен, қазіргі уақытта Қазақстан мен Кубаның тиісті компаниялары арасында өзара іс-қимыл белгілі бір деңгейде жолға қойылған.

Бұл болашақта нақты нәтижелерге әкеледі деп үміттенеміз, — деді премьер-министр.

Мануэль Марреро Крус өз тарапынан Кубаның Қазақстанмен экономикалық байланыстарды тереңдетуге мүдделі екенін білдірді.

Денсаулық сақтау саласы – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті бар салаларының бірі. Мұнда біз фармацевтика және биотехнология өнеркәсібі, медициналық қызметтер, академиялық алмасу туралы айтып отырмыз. Біз дамыта алатын осы салаға қатысты әртүрлі бағыттар бар, — деді Мануэль Марреро Крус.

Қорытындылай келе, Мануэль Марреро Крус ҚР премьер-министрін ыңғайлы уақытта Кубаға жұмыс сапарымен келіп қайтуға шақырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға