Жаңалықтар

Әлихан Смайылов ЭЫҰ кеңістігінде көлік-логистикалық жүйелердің интеграциясын күшейтуге шақырды

Әлихан Смайылов ЭЫҰ кеңістігінде көлік-логистикалық жүйелердің интеграциясын күшейтуге шақырды
Фото: Primeminister.kz 09.11.2023 20:09 1145

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Өзбекстанға жұмыс сапары аясында ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 16-шы саммитіне қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өз сөзінде Әлихан Смайылов ЭЫҰ тек мүше елдер үшін ғана емес, сонымен бірге жаһандық экономика үшін де маңызды саналатын әлемнің орасан зор табиғи ресурстар қоры бар стратегиялық аймағын біріктіретінін атап өтті.

Жалпы ЭЫҰ елдері шамамен 500 млн халқы бар 8 млн шаршы шақырым аумақты алып жатыр және жалпы ішкі өнімі $2 трлн-ды құрайды.

Бұл халықаралық аренада Экономикалық ынтымақтастық ұйымының беделін одан әрі арттыру үшін биік мақсаттар қоюға мүмкіндік беретін Ұйымның маңызды экономикалық әлеуетін айғақтай түседі, — деді премьер-министр. 

Үкімет басшысының айтуынша, ынтымақтастықты нығайтудың басым бағыттарының бірі өңіраралық сауданы ынталандыру болуға тиіс.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЭЫҰ елдерімен тауар айналымы 40%-ға өсіп, $16,5 млрд-қа жетті. Сондай-ақ осы жылдың 8 айында тауар айналымы 3%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіштерді жақсарту үшін Қазақстан Ұйымның әрбір еліне қосымша орта есеппен 100-ге жуық тауар түрін экспорттауға дайын, — деді Әлихан Смайылов. 

Оған қоса Үкімет басшысы елімізде өңделген және азық-түлік өнімдерін тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін трансшекаралық хабтарды салу бойынша ауқымды жобалар іске асырылып жатқанын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға