Жаңалықтар

Әлихан Смайылов Дүниежүзілік жазғы Универсиада жеңімпаздарымен кездесті

Әлихан Смайылов Дүниежүзілік жазғы Универсиада жеңімпаздарымен кездесті
Фото: primeminister.kz 29.08.2023 17:08 752

Премьер-министр Әлихан Смайылов 28 шілде мен 8 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласында өткен ХХХІ Дүниежүзілік жазғы Универсиада жеңімпаздарымен кездесті. Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Қазақстанның студенттер құрамасында 11 спорт түрінен: садақ ату, спорттық гимнастика, көркем гимнастика, жеңіл атлетика, семсерлесу, дзюдо, жүзу, үстел теннисі, таеквондо, оқ ату және ушу бойынша 90 спортшы қатысты. Нәтижесінде құрама команда жалпы медальдық есепте 119 елдің арасынан 20-орынды иеленді.

Кездесу барысында Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының спортшыларға жолдаған құттықтау сөзін оқып берді.

Сіздерді ХХХІ Дүниежүзілік жазғы Универсиададағы жарқын жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Әлемнің 119 елінің өрендері бақ сынаған байрақты бәсекеде жастарымыз 2 алтын, 7 күміс және 11 қола медальға ие болды. Студенттеріміздің бұл жетістігі қазақ спортының тарихына алтын әріппен жазылады. Саңлақ спортшыларымыз мемлекетіміздің мерейін арттырып, абыройын асқақтатты. Біз оларды жас ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Дүбірлі додаға қатысқан жастардың бәріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Болашақта бұдан да биік белестерді бағындырып, Қазақ елін әлемге танытасыздар деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін. Көк байрағымыз биікте желбіреп, әнұранымыз әрдайым жеңіс тұғырынан шырқалсын! — делінген құттықтау хатында.

Өз кезегінде Премьер-Министр студент жастардан құралған қазақстандық атлеттер осы халықаралық жарыстарда өзін лайықты көрсеткенін атап өтті.

Қазақстандықтар сіздердің жеңістеріңізді мақтан тұтады. Сіздер Қытайда еліміздің абыройын асқақтаттыңыздар, — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Универсиада бұл тек жай ғана спорт емес, ең алдымен, әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттермен өзара жақындаса түсуге мүмкіндік беретін жастар алаңы екенін атап өтті. Бұл ретте әртүрлі елдердің азаматтарымен достық байланыс орнатудың маңызы ерекше.

Әлихан Смайылов атап өткендей, бүгінгі таңда қазақстандық спорт жаңа есімдерге, яғни даңқты спортшылардың орнын басатын спортшыларға мұқтаж. Сондықтан да Универсиададағы бүгінгі жеңістер – бұл болашақтағы олимпиадалық жетістіктерге апаратын нақты қадам. 

Үкімет атынан және жеке өз атымнан лайықты өнер көрсеткендеріңіз үшін барлық жаттықтырушылар мен жас спортшыларға, сондай-ақ ата-аналарыңызға алғыс айтамын. Біз сіздердің спорттағы жеңістеріңіз сыйлаған қуанышты сәттерге ризашылық білдіреміз. Сіздерден жаңа жетістіктер мен рекордтар күтеміз! — деп түйіндеді ол сөзін.

Кездесу барысында Үкімет басшысы ХХХІ Дүниежүзілік жазғы Универсиада жеңімпаздарына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға