Әлібек Асқаров: Рухани жаңғырудың негізгі ұстыны - біртұтас ұлт болу
«Бұл жолғы рухани жаңғырудың жөні бөлек, маңызы еліміз үшін айрықша екені даусыз. Оның негізгі ұстыны - Біртұтас Ұлт болу жолына көшіп, кемел келешегімізді жан-жақты әрі терең зерделеуге арналып отыр».
Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Әлібек Асқаровтың Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар - рухани жаңғыру» атты мақаласына орай білдірген пікірінде айтылған.
«Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз - кітапханашылар, библиографтар, архивистердің ұжымы болып отырған Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы атынан рухани жаңғыруға байланысты болашаққа бағдарымызбен танысып, баршамыздың зор қуанышқа бөленіп отырғанымызды Сізге жеткізгіміз келеді. Бұл бағдарды зиялы қауым көптен күткен. Көктем шуағымен жеткен жақсылық хабардай болды. Жыл басында жарияланған туған еліміздің Үшінші жаңғыруы басталған соң саяси және экономикалық жаңғыруды жарияладыңыз. Өзіңіз айтқандай, етек-жеңімізді жинап, экономикамызды нықтап алсақ, қалған игіліктер де рет-ретімен жүзеге аса жатар деген сөзіңіздің орындалып жатқанына куә болудамыз», - дейді жазушы.
Сондай-ақ ол рухани жаңғыру бүгіннен басталмағанын, Тәуелсіздігіміздің 25 жылында тарихымызды ұлықтаған, мәдениетімізді көтерген, жоғымызды тауып, барымызды байытқан көптеген тындырымды жұмыстар жасалғанын айтады. «Бірақ бұл жолғы рухани жаңғырудың жөні бөлек, маңызы еліміз үшін айрықша екені даусыз. Оның негізгі ұстыны - Біртұтас Ұлт болу жолына көшіп, кемел келешегімізді жан-жақты әрі терең зерделеуге арналып отыр.
Болашақты баянды ету жолындағы бұл теңдессіз тарихи мүмкіндікті біз барынша пайдаланамыз деп уәде береміз. Осы жолда барша кәсіби білімімізді, қайратымыз бен күш-жігерімізді аянбай жұмсаймыз деп Өзіңізді сендіреміз», - деп жазады Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы ұжымы атынан Әлібек Асқаров.