Алғашында бұл аспаптың қандай екенін де білмедім – виолончельші Айдар
Театрдағы әр қойылымның әсерін күшейтіп, көрерменге эмоцияны дәл жеткізетін – сахнаның төменгі жағында үнсіз еңбек ететін оркестр. Сол жерде отырған музыканттардың әр дыбысы көрермен сезіміне тікелей әсер етеді. Біз осы көзге көріне бермейтін үлкен еңбек иелерінің бірі, «Астана Опера» театрының оркестр әртісі, виолончельші Айдар Қазкенмен оның шығармашылығы мен өнері жайлы әңгімелестік.
Әнші боламын деп ойладым
Айдар бала кезінен музыкаға әуес болып өсті. Үйде ән шырқап жүретін ол бастапқыда өзін әнші ретінде елестеткен. Алайда анасы жаңадан ашылған музыкалық академияға жазған кезде, оны виолончель сыныбына қабылдайды.
Бізді виолончель сыныбына алғанын естігенде, бұл аспаптың қандай екенін де білмедік, – дейді Айдар.
Дегенмен алғашқы ұстазының қолдауымен ол бұл аспаптың қыр-сырын терең меңгеріп, уақыт өте келе кәсіби виолончельшіге айналған.
Айдардың айтуынша, әр музыкант үшін алғашқы ұстаздың орны ерекше. Ол өзін тәрбиелеген әр педагогінің еңбегін жоғары бағалайды.
Менің қаншама білікті, білімді ұстаздарым бар, әрқайсының сіңірген еңбегі зор, – дейді ол.
Ол өзінің өнер адамы ретінде қалыптасуына үлес қосқан ұстаздары – Заур Сапараев, Ермек Құрманаев және Айжан Жұлмұхамедоваға айтар алғысы шексіз екенін де ерекше атап өтті.
Музыканттың пікірінше, жақсы виолончельші болғысы келетін адамға ең әуелі мінез бен табандылық қажет. Адам өз мақсатын нақты біліп, соған қарай үздіксіз еңбектенуі тиіс.
Ең бастысы – еңбекқорлық пен мақсатқа жетудегі төзімділік, – дейді Айдар.
Оның ойынша, музыкада шек жоқ – бұл салада оқу үдерісі өмір бойы жалғасады. Қанша жыл тәжірибе жинаса да, орындаған әр шығармасында жаңа бір қырын ашуға тырысады.
Шын мәнінде, шеберліктің шегі жоқ. Біз үнемі оқимыз, үнемі ізденеміз, – дейді ол.
Сол себепті Айдар әр дайындықта өзін қайта жаңғыртып, кәсіби қабілетін одан әрі шыңдауға тырысады.
Айдар Қазкен Антонин Дворжактың виолончель концертін, Петр Ильич Чайковскийдің «Рококо вариациялары», Давид Поппердің виолончельге арналған пьесалары, Роберт Шуман мен Людвиг ван Бетховеннің сонаталарын ерекше ұнатады.
Виолончель мен скрипка айырмашылығы
Айдардың айтуынша, кейбір адамдар скрипка мен виолончельді шатастырып жатады. Ол бұл екі аспаптың айырмашылығы өте үлкен екенін айтады.
Ең алдымен, олардың өлшемі бөлек – виолончель скрипкадан әлдеқайда ірі. Екіншіден, оның үні скрипкаға қарағанда төмен, қоңыр әрі терең. Сондықтан виолончельдің тыңдаушыға әсері ерекше болады, – дейді музыкант.
Өзімді басқа мамандықта елестете алмаймын
Айдардың айтуынша, жас кезінде өнерден кету туралы ойы болған сәттер де аз емес.
Жасөспірім шағымда, тіпті мектепті аяқтаған кезде де өнерді тастап кеткім келген кездер болды. Бірақ ата-анам менің музыкадан алыстағанымды қаламай, барынша қолдау көрсетті. Қазір осы үшін оларға шын жүректен ризамын. Өзімді басқа мамандықта елестете алмаймын, – деп еске алады ол.
Айдар Қазкен – тек виолончельші емес, бірнеше аспапты еркін меңгерген жан-жақты музыкант. Ол гитара, электрогитара, фортепиано, бас-гитара және домбырада шебер ойнай алады.
Оркестр жұмысы
Айдардың айтуынша, концертке дайындық үдерісі әрдайым жоспарға сай бола бермейді. Кейде ұйымдастырушылар концерт туралы бар болғаны бір апта бұрын ғана хабарлап жатады. Мұндай кезде ол барлық назарын дайындыққа аударып, өзге жұмыстарын кейінге қалдыруға мәжбүр болады. Нота жаттап алу оған көп уақыт алмайды, ең қиын әрі маңызды бөлігі – дыбыстың сапасын жетілдіру.
Дайындық барысында ұсақ бөлшектерге, динамикаға, соққыларға, жалпы дыбыстың тазалығы мен дәлдігіне көбірек уақыт кетеді, – дейді ол.
Музыкант әріптестерімен бірге бір сахнада өнер көрсету процесінен шабыт алады. Ол ансамбльдегі ішкі байланыс пен ортақ энергияның ерекше күш беретінін айтады.
Маған шабыт беретін – музыканттардың өзара байланысы, бірге ойнағандағы үйлесім. Әсіресе дуэт не ансамбльде орындағанда серігіңнің энергиясы ерекше қуат береді, – дейді Айдар.
Айдар оркестрді тірі организмге теңеп, оның әр мүшесінің өз рөлі бар екенін түсіндіреді. Ал виолончельдің симфониялық шығармалардағы орны бөлек.
Виолончель – оркестрдің негізі, бас партияның тірегі. Виолончельсіз симфониялық оркестр дәл сондай тереңдікпен, дәл сондай қуатта естілмес еді, – деп атап өтті музыкант.
Сахнадағы ыңғайсыз жағдайлар
Айдардың айтуынша, сахнада күтпеген жағдайлар жиі кездеседі. Солардың бірі – виолончельдің ысқышының кенет сырғып кетуі.
Бірде цирк аренасында квартетпен ойнап отырғанбыз. Сол сәтте ысқыш бірнеше рет сырғып кетіп, өте ыңғайсыз жағдай болды, – деп есіне алады ол.
Музыкант кейде өнер адамдары сахнада ойнау барысында басқа бір әлемге өткендей ерекше күйге түсетінін де жасырмайды.
Бір шығарманы орындап отырып, кенет өз-өзіңді жоғалтып алғандай боласың, «мен қайдамын?» деген ой келеді. Сол кезде музыканың жалғасын ұмытып қалғандай күй кешесің. Бірақ саусақтарым бәрін жатқа біледі. Бір-екі секундтық абдырау болады, бірақ қайтадан музыкаға ораласың. Ішіңде аздап қобалжу болғанымен, ол сахнадағы ойынды бұзып жібермейді, – дейді Айдар.
Сұхбат соңында ол болашақтағы негізгі мақсаты – өнерін үзбей жетілдіру екенін айтты.
Ең басты мақсатым – әрі қарай даму, музыкада өсу және өзін-өзі үнемі жетілдіру, – дейді музыкант.
Айдар жаңа шығармалар мен тың жобаларға да әрдайым дайын екенін атап өтті.

