Алғашқы АЭС-ке үздік атау беру конкурсы 25 қыркүйекте басталады
Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке үздік атау беру конкурсы 25 қыркүйекте басталады. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бүгін агенттікте елдегі алғашқы атом электр станциясына үздік атау беру жөніндегі жалпыұлттық конкурс өткізу комиссиясының алғашқы отырысы өтті. Комиссия құрамына қоғам өкілдері, креативті индустрия мамандары, сондай-ақ атом энергетикасы, филология және тарих саласындағы сарапшылар кірген. Отырыс барысында комиссия мүшелері ұйымдастыру мәселелерін қарастырып, жалпыұлттық конкурсты өткізу ережелерін бекітті.
Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев азаматтардың бұл процеске қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан азаматтарының барынша көп қамтылуы үшін АЭС-ке үздік атау беру бойынша ұсыныстар eGov Mobile қосымшасы арқылы қабылданады. Конкурстың атом саласы қызметкерлері күні қарсаңында басталуы – индустрияның Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесінің айқын дәлелі,-деді ол.
Талқылаулардың қорытындысы бойынша комиссия конкурстың өткізілу мерзімдерін бекітті:
• 25 қыркүйек – конкурстың басталуы туралы ресми хабарландыру;
• 25 қыркүйектен 10 қазанға дейін – eGov Mobile қосымшасы арқылы ұсыныстарды қабылдау;
• 11–20 қазан аралығы – келіп түскен ұсыныстарды талдау;
• қазан айының соңына дейін АЭС-тің үздік атауын анықтау.
АЭС-ке үздік атау беру жөніндегі жалпыұлттық конкурстың ережелері Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ресми сайтында және Телеграм арнасында жарияланады.
Агенттік атап өткендей, конкурс ашық әрі айқын өтеді. Әрбір азамат АЭС-ке өз атауын ұсына алады, ал комиссияның қорытынды шешімі қазан айының соңына қарай белгілі болады.

