Жаңалықтар

Алғаш рет ораза ұстаушыға арналған 15 кеңес

Ораза — рақым айы
Алғаш рет ораза ұстаушыға арналған 15 кеңес
15.05.2017 15:16 12663

Қасиетті Құранда: «Рамазан — адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын» («Бақара» сүресі, 185-аят) — делінген.

Рамазан айында мұсылмандар тек ауыз бекітіп; Тарауих намазы, Құранды хатым ету және басқалай  құлшылықтарды күшейтіп қана қоймай; адамзат баласын азғындықтан сақтап қалған Қасиетті Құран түскен қасиетті айға деген ерекше құрмет ретінде  айналадағы мұқтаж жандарға қарайласып; араздасқан жақындарыңмен татуласып; туыс-бауырмен қарым-қатынасыңды нығайта түсіп; біреуді ғайбаттау немесе арамдық ойлау сынды, барша жамандық атаулыдан аулақ болуға барынша тырысады.

Егер сіздердің араларыңызда биыл алғаш рет ауыз бекітіп, ораза тұтқан жандар болса Асыл арнаға сілтеме жасай отырып, келесі кеңестерді ұсынғымыз келеді:

Сіз ораза ұстайтын жалғыз адам емессіз. Бұл оразаны сізге дейін де миллион адам ұстаған және Алла қаласа, сізден кейін де қаншама адам жалғастырады. Және олардың бәрі де бұл айды өте жақсы нәтижемен өткерді. Бірі нәпсісін тізгіндеп, өзгелермен қарым-қатынасын, мінезін түзеп алса, енді бірі білім деңгейін жетілдіріп, рухани қуат, азық алды. Сонымен бірге, ораза – бір ай бойы аш жүру деген сөз емес. Бар болғаны сіз күндіз ішетін тамақтарыңызды енді түнде ішетін боласыз.

Алла Тағала құдси хадисте: «Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, ал ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін. Өйткені ол Менің разалығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін тағамнан, ішімдіктерден және жыныстық қатынастан бас тартты» – дейді (Бұхари, Муслим).  Олай болса, оразаның құндылықтары, Алла алдындағы дәрежесі туралы толығырақ білуге асығыңыз, жиі еске алыңыз. Бұл сіздің оразаға деген құлшынысыңызды арттырады. «Биыл ұстамай-ақ қояйын, келесі жыл бар ғой» деген секілді ой келсе, қуылған шайтаннан Аллаға сыйыныңыз (Әъузу билләһи минәш-шайтонир-рожиим»). Себебі, адамды құлшылықтан тосу, азғыру – лағынеті шайтанның ісі.

«Биыл ораза ыстық мерзімге түсіп тұр ғой, әй, шыдай алмаймын-ау» деген ой маза бермей жатыр ма? Ғалымдар адамның қарнында өз денесін 2 тәулік бойы алып жүруге жеткілікті деңгейде тамақ болатынын дәлелдеген. Осы тұста “онда неге адамның қарны ашады?” деген заңды сұрақ туады. Расында, неге?

Естеріңізде ме, әлгі итке жасалған тәжірибе бар еді ғой. Күнде бір кәнденге жүйелі түрде бір уақытта тамақ беріледі. Бірде иттің тамағын тесіп, ішіне түтік салады да, күнде дәл сол уақытта беретін тамақты әкелмей қояды. Сол кезде ит тыпыршып, мазасыздана бастайды. Ал әлгі түтіктен сөл тамшылайды. Яғни адам белгілі деңгейде бір уақытта жүйелі түрде тамақтанып үйреніп қалғандықтан, қарны аш болмаса да, асқазанына сөл бөлініп, ол миға қарнының ашқандығы туралы жалған ақпарат береді екен. Демек, адам ашығып бара жатқандығынан емес, ең әуелі жүйелі келетін тамақтың келмей қалғандығынан қиналады. Ең бастысы, «тамақ ішуім керек еді» деген ой аштыққа шыдатпайды екен. Есіңізде болсын! Алла Тағала адамға шамасы келмейтін нәрсені жүктемейді!

Ораза тұтпауға өзіңді алдап, түрлі себеп пен сылтау тауып алу оп-оңай. Мысалы, «кешке дейін жұмыста отырамын, аш болсам, басым істемей қалады» дейтін сылтаулар бар. Кофе ішіп, маңдайың жіпсіп отырғанда да басың істемейтін уақыттар болады. Он сағат ұйықтап тұрсаң да, миың мең-зең болып жүретін кездер болады.  Иә, адам баласының сылтауы бітпейді, ал келесі оразаға аман жетеміз бе, жоқ па? Оны Алла біледі…

Бірнеше жыл бойы Рамазан оразасын ұстап жүрген білімді, салиқалы кісілермен сұхбат құрыңыз. Кеңес сұраңыз. Тіпті, оразаны бір рет қана және биыл бірінші рет тұтқалы отырған адамдармен де пікір алысыңыз.

Ислам сіздің, біздің ойымыздан, көңіл қалауымыздан тұрмайды. Бұл әлемдердің Раббысының діні болғандықтан, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін Иесі ғана шешеді.Алла Тағала Құранда: «Алланың тура жолынсыз көңіл құмарлығына ергеннен өткен адасушы бар ма?» («Қасас» сүресі, 50-аят), «(Ей, Мұхаммед!) Содан кейін сені істе (дінде) шариғат жолына салдық. Енді соған ер және білмейтіндердің көңіл құмарлығына ерме» («Жәсия» сүресі, 18-аят), – дейді.  Сол себепті, дерек көздері көрсетілген, сенімді кітаптардан оразаны дұрыс тұтудың жолдарымен танысыңыз, мешіт имамына барып, кеңес сұраңыз.

Нашар әдеттеріңізді тастауға бел буыңыз. Ғайбат, өсек-өтірік айту секілді нашар қасиеттерді біртіндеп жеңуге тырысыңыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ораза кезінде кім өтірік айтуын және өтірікті амалға асыруын тоқтатпайтын болса, ондай адамның тамағы мен сусынынан бас тартқанының Алла үшін қажеті жоқ» (Бұхари). «Сендерден біреу ораза болған күні жаман сөздер айтпасын, даусын көтермесін. Ал, егер біреу оны балағаттаса, немесе төбелескісі келсе ондайға: «Расында, мен оразамын!», – десін» деген (Бұхари, Муслим). Және тамақ пен сусыннан бас тартып, күнәдан алыстамаған адамға: «Бәлкім ораза ұстаушы өзінің оразасынан тек аштық пен шөлді ғана алар» деген екен. Бұл – асқазанның ғана емес, ойдың, көздің, тілдің, құлақтың оразасы екенін ұмытпаңыз.

Күн тәртібіңізді біртіндеп өзгерте бастаңыз. Себебі, бұл айда күн тәртібіңіз күрт өзгереді. Тамақты басқа уақытта ішіп, ерте оянасыз. Асқазаныңызды таңертең едәуір тамақ жеуге үйретіңіз. Ерте тұруды әдетке айналдырыңыз. Бұрын-соңды дүниелік шаруаларыңыз көп болса, рухани жаттығуларға орын босату керек болады. Теледидар мен ғаламторда отырудың сүюшілерден болсаңыз, осы бастан шекара қоя біліңіз.

Ауру-сырқатыңыз болса, дәрігерге қаралыңыз. Қажетті ем-домды қабылдаңыз. Алла Тағала бекіткен құлшылықтар адам баласына қиындық тудыруды мақсат етпейді. Оразаның денсаулығыңызға орын толтыра алмастай зарар тигізбейтініне көз жеткізіңіз. Ал егер айтарлықтай қауіп жоқ болса, Аллаға тәуекел етіңіз. Бәлкім осы құлшылығыңыз сырқаттан айығуыңызға себеп болар.

Темекі шегетін болсаңыз, Рамазан – бұл әдепсіздіктен арылуға көмектесетін ұлы мүмкіндік. Осы бастан әрекет жасаңыз. Үнемі сағыз шайнаушылардан болсаңыз, мұныңызды да жайына қалдырғаныңыз абзал.

Егер әдетіңізге айналған болса, дүйсенбі, бейсенбі күндердің оразасын әрі қарай жалғастырыңыз.

Намазыңызға бекем болыңыз. Нәпіл намаздарыңызды, түнгі намаздарыңызды жиілете бастаңыз.  Әлі де бес уақыт намазды толықтыра алмай жүрсеңіз, сауаптар еселенетін Рамазаннан кейінге қалдырмаңыз. Сонда сіз намазыңызбен, оразаңызбен Аллаға жақындап, көл-көсір сауапқа кенелесіз! Мешітке бас сұғуды да ұмытпаңыз. (ер адамдарға) Себебі, кейін жамағат намазға, тарауық намазға  дағдылануыңыз оңайға соғады.

Күн сайын Құранды қолға алыңыз. Тәжуидті меңгермеген болсаңыз да, мағыналық аудармасына көз жүгіртіңіз. Айтпақшы, неге осы айдан бастап тәжуидті үйренбеске? «Асыл арна» телеарнасы ұсынатын жаңа жоба сізге 20 күннің ішінде Құран оқып үйренуге мүмкіндік береді. Әрбір әрпі үшін он сауап беріліп, сауаптар еселенетін ұлы Кітапты оқу расында керемет!

Арнайы дұғаларды жаттаңыз. Рамазан – дұға айы болғандықтан, Құран мен сүннетте келетін дұғаларды жаттай беріңіз.

Ораза ұстауыңызға қарсылық танытатындардың болатындығына дайын болыңыз. Әдетте, жанашыр адамдар сіздің денсаулығыңызды, аптап ыстықта қиналатындығыңызды ойлап қарсы келіп жатады. Алайда, сіз барынша сабыр сақтап, оразаның қасиеттерін, негізгі мақсатын және оның денсаулыққа пайдасын жеткізіңіз.

Кеңестеріміз кәдеңізге жарасын! 

Назарларыңызға Астана қаласының Ораза және Намаз кестесін ұсынамыз:

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға