Алғабастағы өрттен зардап шеккен тағы бір адам тікұшақпен Шымкентке жеткізілді
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Түркістан облысында болған қайғылы өрттен зардап шеккен тағы бір әйел арнайы тікұшақпен Шымкентке жеткізілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ведомство мәліметінше, «Қазавиақұтқару» қызметінің тікұшағы Жетісай ауданынан Шымкентке санитарлық рейс орындаған.
Санитарлық рейс «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының» үйлестіруімен ұйымдастырылды. Рейс барысында Түркістан облысындағы өрт салдарынан зардап шеккен 1990 жылғы азаматша Шымкент қаласындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілді, – делінген хабарламада.
Бұл орталық Шымкентте орналасқандықтан, ал Жетісай ауданында мұндай ауыр жағдайдағы науқастарға жедел көмек көрсетуге қажетті арнайы жабдықтардың жеткіліксіздігіне байланысты пациентті тасымалдау қажет болған.
Тікұшақ экипажы барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, рейсті сәтті орындаған. Жеткеннен кейін зардап шеккен әйел дәрігерлерге тапсырылып, қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

