Жаңалықтар

Әлеуметтік желіге тәуелділік адамның есте сақтау қабілетін төмендетеді

Әлеуметтік желіге тәуелділік адамның есте сақтау қабілетін төмендетеді
Фото: © Pixabay.com 24.05.2023 17:20 2602

Әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ол арқылы қарым-қатынас құрып, ақпарат алмасып, ойға келген дүниені жүзеге асыруға көмектесетін көп мүмкіндікке ие боламыз. Дегенмен, оның зиянды тұстарына көз жұмып қарауға болмайды. Телефонға телміріп, өз бойымыздағы қасиеттерді, болмысымызды жоғалтып алатын сәттер де жиі кездеседі. Ал керісінше ешқандай желіде аккаунты жоқ адамдар мен детокс жасайтындар физикалық және психологиялық тұрғыда әл-ауқатын жақсартып, жұмыс істегендегі өнімділігі артқанын айтып жатады.

Әлемде жүргізілген зерттеулер

Орта есепппен алғанда адамдар күніне шамамен 2 сағат 24 минутты әлеуметтік желіде өткізеді екен. Бұл туралы 2020 жылы жүргізілген Hootsuite зерттеуінде айтылған. Ал Pew Research Center сауалнамасы ересектердің 69%-ы Facebook-ті, ал 74%-ы YouTube-ті белсенді түрде пайдаланатынын көрсеткен. Осылайша, танымал платформаларға тәуелді жандардың қатары күн санап көбейіп жатыр. Чикаго университетінің зерттеуі әлеуметтік желілерді пайдалану темекі шегу, ішімдік ішу немесе есірткіге тәуелділік секілді зиянды әдеттерден кем емес екенін көрсетті. Ал Common Sense Media жүргізген сауалнамаға сәйкес, жасөспірімдердің 50%-ы өздерін мобильді құрылғыларына, соның ішінде әлеуметтік желілерді пайдалануға тәуелдімін деп санайды. Бұл тәуелділік олардың оқу үлгеріміне, ұйқысына және жалпы өмір сапасының нашарлауына әсер ететіні анықталды. Ұлыбританиядағы Royal Society for Public Health зерттеуіне сәйкес, Instagram психикалық денсаулық, өзін-өзі бағалау және өз болмысына көңілі толмайтын жастар үшін ең қауіпті әлеуметтік желі болып саналады.

Әлеуметтік желілердің негізгі проблемаларының бірі - олардың үнемі қол жетімділігі және тоқтаусыз қабылданатын ақпарат ағыны. Күн сайын, тіпті әр сәт сайын бір жаңалық оқуға құмармыз. Үнемі әлемде не болып жатқанын бақылап жүреміз. Сіздің желідегі достарыңыз бен оқырмандарыңыз өмірдегі шынайы қарым-қатынасты алмастыра алмайды. Бала кезден бірге өскен не бірге оқыған дос-құрбы, жақын достарыңыздың қолдауы бәрінен маңызды.

Әлеуметтік желіге тәуелділіктен туындайтын синдромдар

Әлеуметтік желінің өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналуы әртүрлі синдромның туындауына әкелді. Мысалы, желіде болып жатқан қызықты немесе маңызды нәрсені жіберіп алудан қорықсаңыз, FOMO синдромына шалдыққан болуыңыз әбден мүмкін. Ағылшын тілінен аударылған «felling missing out» ұғымы интернеттегі жаңалықтарды жіберіп алудан қорқу сезімін сипаттайды. Бұл синдроммен ауыратын адамдар барлық оқиғалардан хабардар болғысы келеді. Өзіне ұнайтын адамдардың өміріндегі оқиғалардан тыс қалмау үшін әлеуметтік желілерді үнемі тексереді. Бұл шектен тыс алаңдаушылыққа, өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне және виртуалды әлемде уақытты бос өткізуге ықпал етеді.

Әлеуметтік желіге тәуелді адамды айналып өтпейтін келесі синдром «Селфи» деп аталады. Әдетте мұндай адамдар әлеуметтік желілерде селфи, яғни өз фотосуреттерін жиі жариялап,  басқалардың пікіріне мұқтаж болады. Себебі, әр суретін өңдеп, оны желіге жүктеген соң аудиториясынан реакция күтеді. Тиісті фидбек ала алмаған жағдайда көңіл-күйі түсіп, психикалық ауруға шалдығуы да ғажап емес. Әлемде биік ғимараттың үстінде не басқа да қауіпті жерлерде селфи жасап, өлім құшып жататын жағдайлар да жиі кездеседі.

Соңғы уақытта желі қолданушылары арасындв әртүрлі мазмұндағы контентті бір-біріне жіберіп, астына сынап пікір жазу үрдісі белең алған. Бұл «Троллинг» немесе «онлайн агрессия» синдромы деп аталады екен. Демек, әлеуметтік желілер агрессивті мінез-құлық пен троллинг алаңына айналғанын байқауға болады. Бұл синдромнан зардап шегетін адамдар желідегі пікір-таластар белсенді түрде қатысады, басқа адамдарды арандатады және жағымсыз пікірлер жазуын тоқтатпайды. Олар басқа адамдардың ашуына тиіп, жағымсыз эмоциясын тудырғанды жақсы көреді. Көбіне өнер адамдары мен блогерлер жұрттың сынына ұшырап, күйзеліске түскенін жасырмайды.

Instagram мен Facebook-та бәрі бақытты. Орта есеппен алғанда әр адам күніне 30-40 адамның сторисін көріп, постына лайк басады. Күнде жұрттың бақытты өмірін қалт жібермейтін адам "өзін басқалармен салыстыру" синдромына шалдығады. Бұл өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне, өз өміріне қанағаттанбаушылық сезімін тудырады. Әдетте адамдар әлеуметтік желілерде идеалды имидж жасауға ұмтылады. Тиісінше, олар шынайы болмысы мен өзіндік ерекшелігін, өзіне ғана тән қасиеттерін жоғалтып алады. Әсіресе, мектеп жасындағы оқушылар мен жасөспірімдер, үйінде бала қарап отырған аналар өзін үнемі өзгелермен салыстырады екен. Адамдардың желідегі парақшасында өмірдегі ең бақытты сәттерінен видео түсіріп, оны естелік-архив ретінде сақтайтынын үмытпаған жөн. Маркетиң пен сән-салтанатқа толы біреудің виртуалды әлеміне алданбаңыз.

 «Ақпаратты шамадан тыс қабылдау» синдромына телефонға телмірген әрқайсымыздың шалдыққан болуымыз бек мүмкін. Жұмыс пен оқуды зейіннің төмендеуіне, көңіл-күйдің құбылмалуы болуына және үнемі ұйқыдан тұрғанда түсініксіз дел-сал күйдің болуына ақпарат ағыны тікелей әсер етеді. Әдетте бір адамның бірнеше желіде аккаунты бар. Әр желіге күн сайын бір сағат уақытымызды жұмсағанда өзіміздің не қалайтынымызды ұмытып қаламыз. Сондықтан, детокс жасап не желідегі уақытты азайтқан абзал.

Дижитал амнезия немесе «Google эффектісі»

Дижитал амнезия деп интернет арқылы оңай табуға болатын ақпаратты ұмытып кететін жағдайды айтады. Адамның миы есте сақтауға тиіс ақпараттарды іріктейді. Мысалы, әп-сәтте телефоннан қарай салатын ақпараттарды жаттаудың қажеті жоқ деп санайды. Біз мәліметті есте сақтаудың орнына іздеу жүйелері сияқты браузердің көмегін таңдаймыз.  ақпарат көздеріне сүйенеміз. Бұл цифрлық құрылғыларға тәуелділіктен және ақпаратқа үнемі қол жетімділіктен туындайды. Нәтижесінде, уақыт өткен сайын адамдардың жады нашарлап, сөз арасында айтқысы келіп отырған ойын ұмытып қалады.

2011 жылы Колумбия университетінде жүргізілген зерттеу көрсеткендей, адамдар ақпаратты қайда және қалай табуға болатындығын білген кезде ұмытып кетеді. Профессор Бетси Спэрроудың тәжірибесі ақпаратты мида сақтағаннан көрі дижитал формада жаттап алатынын көрсетті. Ол тәжірибеге қатысқан адамдарға қызықты факт айтып, оны мәтін түрінде файлға сақтауды тапсырады. Одан соң файлды компьютердегі бір папкаға салу керек. Қатысушылардан ақпаратты қаншалықты есте сақтап қалғанын тексеру үшін тест алады. Соңында тәжірибеге қатысқан адамдардың мәліметті есте сақтауынан гөрі, файлды компьютердің қай папкасына жүктегенін жаттап алғаны белгілі болады. Демек, ноутбук пен гаджеттерден лезде ашып, көре алатын мәліметті жадымызда сақтау ықтималы төмен.

Дижитал амнезия, яғни технология ықпалынан есте сақтау жадының төмендеуін «Google эффектісі» деп те айтып жатады. Google эффектісіне - ақпаратты есте сақтаудың орнына сұрақтарымызға жауап алу үшін Google сияқты іздеу жүйесіне сүйенетін құбылыс деп анықтама беруге болады. Интернеттен қажетті ақпаратты оңай таба алатынымызды білгенде, біз бұл деректерді жадымызда сақтауға тырыспаймыз. Қарапайым тілмен айтқанда, Google эффектісі ақпаратты есте сақтауда «жалқау» болатынымызды білдіреді, өйткені біз әрқашан сұрақтарымыздың жауабын білу үшін Интернетке жүгіне аламыз. Гугл эффектісінің де, дижитал амнезияның да адамға тигізетін пайдасымен қатар зиянды тұстары жетерлік. Жоғары оқу орнында оқитын студенттер білім алуға үстірт қарайды. Тақырыпты зерттеуге зейін қоймайды. Қысқа-нұсқа жауаптарын жаттап, білім сапасы төмендейді екен. Дижитал амнезияның тағы бір салдары - әлеуметтік желіде таралатын фейк ақпараттарды сыни талдай алмаймыз. Егер біз фактілер мен ақпаратты сыни тұрғыдан талдай алмасақ манипуляция мен жалған ақпараттың құрбаны боламыз. Гаджетке өзінен қатты сенетіндер барлық ақпаратын компьютерге жүктейді. Жүйеден қателік шықса, жылдар бойы жиналған дүниенің күлі көкке ұшады. Құпия деректері мен құпия сөзді браузерде сақтаған кезде алаяқтарға тап болуымыз әбден мүмкін. Сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын, ақпаратты талдау және саралау қабілетін және уақыт пен зейінді басқару қабілетін дамыту цифрлық амнезиямен күресудің маңызды стратегиялары болып табылады. Сондай-ақ, цифрлық құрылғыларды пайдалану мен өзіңіздің жадыңыз бен когнитивті дағдыларыңызды дамыту арасындағы балансты сақтау маңызды.

Желіге тәуелділіктен қалай арыламыз?

SMM, таргетолог, маркетолог секілді мамандық иелері қолынан телефонды тастамай, әр хабарландыруға жауап беруге мәжбүр болады. Интернет арқылы табыс тауып отырғандар да мониторға телміріп отырады.  Негізгі жұмысынан бөлек уақытты тиімді пайдалану үшін әлеуметтік желіде өткізетін уақытты біртіндеп азайту керек. Ол үшін мынадай ережелерді негізге алғаныңыз жөн болады.

Ұйқыдан ояна салысымен смартфонға қарап, хабарламаларды тексеруді тоқтатыңыз. Күніңізді офлайн режимде бастау және аяқтауды әдетке айналдырыңыз. Бұл – сізге қойылатын негізгі және міндетті шарт. Осылай бір-екі апта өмір сүргеннен кейін виртуалды өміріңізден бөлек шынайы өміріңіздегі детальдарға мән беріп, қарапайым сәттерді сезіне бастайсыз.

Уақытыңызды нақты жоспарлаңыз. Facebook, Instagram немесе Twitter сияқты әлеуметтік желілердің өзінде қолданбаның ішінде жұмсалған уақыт туралы ақпаратты таба аласыз. Әлеуметтік желілерде және басқа қосымшаларда өткізген уақытты бақылауға көмектесетін арнайы мобайл қолданбасын жүктеп алыңыз. Сонда қай желіде қанша минут отыратыныңызды белгілеп, қажет емес сайттар мен парақшаларды өшіресіз.  Тамақтану кезінде, ұйықтар алдында немесе аптаның белгілі бір күндерінде әлеуметтік желіні қолданбау сияқты ережелерді бекіткен артық болмайды.

Digital-detox: Бір емес бірнеше желіде аккаунтыңыз болса, өшірген дұрыс. Парақшаңызды деактивация жасап, өшірген күннен бастап мазасыз күйден, шаршағыштықтан арылуға болады. Жаңа челлендж жариялап, денсаулығыңызға көңіл бөлесіз. Профилактикалық тексерістен өтіп, дефициттардың бар-жоғын анықтайсыз. Сапалы тамақтанып, өзіңіздің өмірлік принциптеріңізді қайта қарауға уақыт табасыз. Отбасыңыз, бауырларыңыз, туған-туыс және достарыңызбен сапалы уақыт өткізесіз. Жұмыста да өнімділігіңіз артып, тапсырмаңызға тыңғылықты ден қоясыз. Концентрацияңыз артады. Жаңа хобби немесе өзіңіз үшін тың тәжірибе жасап көруіңізге де болады. Ең бастысы, «пайдалы нәрсемен айналысу үшін уақыт таппаймын» деген сылтаудан арыласыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға