Әлеуметтік желіде жұлдыз атанған Ақмоншақ Нұртаза мектеп директорлығынан кетті
Мөлдір Қайнар тілші
Желіде кеңінен танымал болған Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұртаза қызметінен кететінін жариялап, қоғам назарын өзіне аударды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ол бұл шешімі туралы Instagram парақшасында: «Бәрін тоқтаттым. Мектеп, қызмет, әлеуметтік желі. Келесі қадам ???», – деген қысқа жазбасымен бөліскен.
Ақмоншақ Нұртаза бұған дейін 11-сынып түлектерімен бірге Димаш Құдайбергеннің орындауындағы Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әніне арналған TikTok челленджге қатысып, үлкен резонанс тудырған болатын. Аталған бейнеролик 3,1 миллион қаралым жинап, челленж жеңімпазы атанып, ол Лондонда өтетін Димаш Құдайбергеннің концертіне билет жеңіп алған еді.
Директор әлеуметтік желілерде ерекше белсенділігімен көзге түсіп, оқушылармен түрлі бейнероликтер түсіріп, жарнамалық контенттерге де атсалысқан. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушыларымен бірге «Директормен шай» атты бейресми жобаны қолға алып, жаңа форматта байланыс орнатуға ұмтылған. Алайда оның бұл әрекеттері жұртшылық арасында түрлі пікір туғызды: бір тарап оны заманауи, креативті басшы ретінде бағаласа, екінші тарап оның мұндай белсенділігін қызмет этикасына сәйкес келмейді деп сынады.
Ақмоншақ Нұртазаның мектеп пен әлеуметтік желіден бір мезетте кетуі – қоғамда айтылған сын-пікірлерге үнсіз жауабы ма, әлде мүлде басқа себепке байланысты ма – бұл жағы әзірге беймәлім.

