Жаңалықтар

Әлеуметтік Кодекс қабылданды. Онда қандай әлеуметтік көмектер қарастырылған?

Әлеуметтік Кодекс қабылданды. Онда қандай әлеуметтік көмектер қарастырылған?
Фото: © ОКҚ 29.08.2023 16:05 2281

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова Әлеуметтік кодексінің негізгі ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл өзгерістердің негізі 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген Әлеуметтік кодексте көрініс тапты. Біріншіден, мемлекеттік әлеуметтік қолдау жүйесінің парадигмасын түбегейлі өзгертуді көздейді: яғни ол әлеуметтік сын-қатерлердің салдарын жоюға емес, керісінше, өмірлік қиын жағдайлардың алдын алуға көбірек бағытталатын болады. Екіншіден, әлеуметтік саланы цифрландыруды тереңдету және соның арқасында әлеуметтік қолдауды алудың бүгінгі өтініш беру нысанынан, мекенжайды анықтау нысанына және оны проактивті форматта көрсету жүйесіне көшу қарастырылған. Үшіншіден, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру бойынша жауапкершілік мемлекетке ғана емес, жұмыс берушіге және азаматтың өзіне де жүктелетін болады. Бұл жаңа әлеуметтік келісімшарт негізінде іске асырылатын болады. Төртіншіден, нәтижелі және формальді жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталған сақтандыру жүйесін дамыту көзделген, – деді Назгүл Сағындықова.

Ол Әлеуметтік кодексті әзірлеуде халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, соның нәтижесінде Еуроодақтың Әлеуметтік кодексінің құрылымы басшылыққа алынып, өз еліміздің ерекшеліктері жан-жақты ескерілгенін атап өтті. Вице-министр құжаттың 5 негізгі новелласына тоқталып өтті.

Бірінші новелла – Отбасының цифрлық картасы, ол барлық мемлекеттік органдардың қолданыстағы ақпараттық жүйелеріндегі деректері бойынша қалыптасқан. Оны енгізудегі негізгі мақсат - қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондықтан Кодексте ОЦК-ны әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіледік. Сондай-ақ ОЦК отбасы мүшелерінің әлеуметтік статусына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін хабардар етіп отыратын электрондық жаршы құралы. Мұндай ақпарат әрбір отбасына орталық мемлекеттік орган тарапынан СМС хабарлама ретінде жіберіледі. Жәрдемақылар мен төлемдер ақпараттық жүйеде бар деректер негізінде проактивті форматта тағайындалады, – деді вице-министр.

Екінші новелла – атаулы әлеуметтік төлемдерді күшейту, ол алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу үшін атаулы шараларды, содан кейін ғана әлеуметтік тәуекелдердің салдарымен күресуге бағытталған атаулы көмекті көздейді. ОЦК-ның деректері негізінде атаулы көмектерді көрсету анықталады. Бұл ретте Әлеуметтік кодексте балалары бар отбасыларға әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделген: бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту және атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған табиғи пакетті монетизациялау, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградталған әйелдерге наградталған ана мәртебесін беру және 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту; әлеуметтік осал топтарға берілетін жәрдемақылардың мөлшерін көбейту. Бұдан басқа, атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық табыс деңгейі арқылы анықталатын болады.

Бұл ретте Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі зерделенді. Бүгінде АҚШ-тағы кедейлік шегі медианалық кірістің 40 пайызына, Канадада – 50, Швеция, Норвегия, Дания, Австрия, Германия және Францияда 60 пайызына пара-пар. Біз де осы тәжірибені енгізуді көздеп отырмыз. Егер күнкөріс деңгейі адамның физиологияқ қалпына келуін қамтамасыз ететін болса, медиандық табыс жалпы халықтың нақты тұтынушылық шығындарын жабатын орташа күнкөріс табысы болмақ. 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек медиандық немесе жалпыхалықтық орташа табыстан төмен табысы бар азаматтарға берілетін болады. Әрине, оның сомасы қомақты және атаулы шаралармен бірге беріліп, отбасыларына қиын өмірлік жағдайдан шығу мүмкіндігін қамтамасыз ететін болады, – деді ол.

Үшінші новелла – әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің трансфомациялауға қатысты. Мұндағы негізгі мақсат – мүгедектігі бар азаматтардың көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерге деген қолжетімділігін арттыру.

Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін тарту. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші ретінде рәсімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Тағы да өзгерістердің бірі – арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттарын даярлап, жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу қарастыру. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін – шектеулі бағалар түрінде жіктелетін болады. Бұл өзгерістер, бір жағынан, кейбір жекелеген қызмет немесе тауар түрлерін монетизациялауға алып келеді және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге жеке секторды кеңінен тарту арқылы саланың инфрақұрылымын ауылдық жерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – деді вице-министр.

Сонымен қатар Әлеуметтік қызметтер порталы бойынша жергілікті атқарушы органдар жанында құрылған комиссияларға жаңа құзыреттер беру жоспарлануда. Олар: мүгедектегі бар азаматтардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы айтылған өтініштерін әлеуметтік қызмет порталы арқылы қабылдау және 5 күн ішінде қарау; өнім берушіге немесе қызмет көрсетушіге берілген тауар мен көрсетілген қызметтің сапасын жөндеу жөнінде мерзімі көрсетілген хат жолдау және оның орындалуын бақылау құзыреті; өнім берушіні немесе қызмет көрсетушіні әлеуметтік қызмет порталынан алып тастау және оны міндеттемелерін адал атқармайтын өнім беруші тізіміне енгізу туралы шешім қабылдай алатын болады. Төртінші новелла әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне қатысты. Сөз барысында Назгүл Сағындықова қазіргі сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдің 5 түрінен сақтандырып, ол халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетінін хабардар етті.

Оның негізі сақталып, тек мақсаты өзгереді. Жүйе әлеуметтік төлемдерді төлеуге ғана емес, ең алдымен ресми жұмыспен қамтылған азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру үшін заңды жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталатын болады, – деп хабарлады вице-министр.

Бұл ретте өзгерістердің басты тренді – жүйеге мемлекет, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің қатысуы; жүйеге қатысу уақыты мен әлеуметтік төлемдер мөлшерінің арасындағы байланысты күшейту, әлеуметтік жарналарын уақытылы аударып отырған жұмыскерлерге сақтандыру қорларынан әлеуметтік төлемдер мөлшері кезең-кезеңімен ұлғайту болмақ.

Биылдан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 пайызын төлеу қарастырылып отыр, – деп атап өтті Назгүл Сағындықова.

Әлеуметтік кодексте көзделген зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерге тоқталған вице-министр алдағы 5 жылда қолданыстағы зейнеткерлердің базалық зейнетақысы өсетінін айтты. Сондай-ақ еңбек зейнетақысының мөлшерін есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46 АЕК-тен 55 АЕК-ке дейін немесе орташа жалақының 70%-ына дейін ұлғайтылады. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады.

Сонымен қатар, салымшылардың өз активтерін басқару құқықтары кеңейтілді. Енді азаматтар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады. Салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі.

Бұл ретте мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдікті жинақтың Ұлттық банк басқаратын бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн. Бесінші новелла – халықты жұмыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдер, олар мынадай бағыттар бойынша жүзеге асады.

Бірінші – еңбек нарығын либерализациялау. Бұл икемді жұмыспен қамтылудың барлық түрлерін, соның ішінде платформалық жұмысты тануды білдіреді. Осы мақсатта бұл санаттағы азаматтарға «тәуелсіз жұмыскер» деген атау енгізілді – бұлар табыс әкелетін еңбекпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ азаматтар.

Мұндай қызметкерлердің қызметі онлайн-платформалар офертасына қосылу немесе жария шарт жасасу арқылы атқаратын болса, онда бұл жұмыскерлер ресми жұмыспен қамтылды деп танылады. Мысалы, Яндекс онлайн-платформасына қосылған таксистер, Glovo платформасындағы курьерлер осы санаттағы жұмыскерлер қатарына кіргізіледі, – деп хабарлады вице-министр.

Екінші бағыт – жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтары.

Бүгін азаматтарға жұмыс іздеу, жұмыссыз ретінде тіркелу, жұмысынан айырылған кезде арнайы төлемдерге өтініш беру процестері толық цифрланып, Электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге аса бастады. Осыған байланысты Әлеуметтік кодексте жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау көзделеді. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда облыс орталықтары мен мегаполистерде 20 еңбек ұтқырлығы орталығы құрылды, ал жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары мансаптық орталықтарға айналды, – деп түсіндірді Назгүл Сағындықова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға