Жаңалықтар

Әлемнің тұрақты дамуында діни лидерлердің рөлі қандай

Әлемнің тұрақты дамуында діни лидерлердің рөлі қандай
Фото: El.kz 17.05.2023 13:15 913

Нұрсұлтан Назарбаев орталығының ұйымдастыруымен «Әлемнің тұрақты дамуына қол жеткізудегі діни лидерлерінің рөлі» атты тақырыбында халықаралық онлайн-конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Іс-шараға халықаралық және Қазақстанның діни бірлестік өкілдері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қатысушылары, мемлекеттік органдардың, ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың, Египет, Қатар, Пәкістан, Ұлыбритания, Ресей, Бразилия халықаралық ұйымдардың беделді сарапшылары және орталықтың серіктестері қатысты.

Конференцияның басты мақсаты – әлемнің тұрақты дамуына қол жеткізудегі діни лидерлердің ерекше рөлін талқылау.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VII съездің салтанатты ашылуында сөйлеген сөзінде осы тақырыптың маңыздылығын атап өтті:

Діндер басшылары – адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар. Сондықтан өзара сенімге, қайырымдылық пен бейбітшілікке бастайтын жолды сіздер ғана нұсқайсыздар. Қазір адамзат бұрын-соңды болмаған жасампаз іс-әрекетке мұқтаж. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бәрімізге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор деп санаймын.

Онлайн-конференцияны аша отырып, Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің шеңберінде Қазақстан конфессияаралық диалогты қолдауда өзінің жинақтаған тәжірибесін әлемде тиімді ілгерілететінін атап өтті:

Адамзат әр мемлекет, барлық мәдениеттер мен діндер «Мыңжылдықтың даму мақсаттарына» сәйкес лайықты орын алатын әлемдік тәртіптің оңтайлы моделін іздеуде. Әр түрлі сипаттағы бірқатар дағдарыстардың салдарынан көптеген адамдардың көзқарасы діни бірлестіктер мен ұйымдардың жетекшілеріне үмітпен қарайды.

Сондай-ақ Сәрсенбаев биылғы 10-11 қазанда Астанада ҚР Парламенті Сенатының төрағасы – съезд хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың басшылығымен өтетін съезд хатшылығының XXI мерейтойлық отырысына дайындық барысы туралы бөлісті.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті (ДІК) төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров өзінің алғысөзінде әр дін өкілінің мүдделерін өзара құрметтеуге және түсінуге бағытталған диалогтың маңыздылығын атап өтті.

Рухани көшбасшыларды диалог үшін ұлы тарихи өткен мен қазіргі заман, рухани және мәдени дәстүрлер біріктіреді – бейбітшілікті бірлесіп нығайту үшін негіз және іргетас болып табылады, – деді ДІК төрағасының орынбасары.

Англикан қауымдастығының епископтық министрліктің епископы Джо Бэйли Уэллс «діни көшбасшылар ретінде біз әлемнің тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруды талап ететін қарым-қатынас сапасына қол жеткізе аламыз» деген пікір білдірді.

Конференция барысында ҚМДБ төрағасының орынбасары наиб мүфти Ершат Оңғаров сөз сөйлеп, бүгінде Еуразияның жүрегінде бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстан Рухани келісім мен бірліктің символына айналғанын атап өтті.

Астана қаласындағы Әулие Мария Рим-Католиктік Архиепархиясының Митрополиттік архиепископы Томаш Бернард Пэта өз кезегінде «дін өкілдерінің рөлі - әлемді жаратып қана қоймай, оны өз қолында ұстайтын Құдайдың табиғаттан тыс күшін көрсету болып табылатынына» қатысушылардың назарын аударды.

Негізгі мәселелерді талқылай келе, қазақстандық және шетелдік сарапшылар әлемдік және дәстүрлі діндердің жаһандық диалогын дамытудағы елдердің халықаралық бастамаларының маңыздылығын белгіледі, сондай-ақ елдер дінаралық қатынастарды нығайтуға жәрдемдесуі және рухани құндылықтарды насихаттауға өздерінің іргелі және практикалық үлестерін қосуы тиіс деген пікір айтылды.

Халықаралық онлайн-конференция қорытындысы бойынша қатысушылар «PeaceTalks» пікірталас алаңы шеңберінде дінаралық диалогты нығайту, тиісті практикалық ұсыныстар әзірлеу бойынша одан әрі жемісті ынтымақтастықты жалғастыру бойынша уағдаластыққа қол жеткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға