Әлемге әйгілі тұлғалардың жастарға айтқан кеңестері
Бүгінгі жаһандану дәуірінде мотивацияның жаңа көздері қажет. Әсіресе жастар үшін. Олар кімнен үлгі алады? Не оқиды? Қай бағытқа бет түзейді? Осы орайда әлемге әйгілі тұлғалардың өмірлік тәжірибесі мен даналыққа толы кеңестері – үлкен рухани ресурс. Біз бизнес, ғылым, спорт, саясат және өнер салаларында жетістікке жеткен танымал адамдардың ең әсерлі лайфхактары мен мотивациялық сөздерін жинақтадық.
Бұл лайфхактар тек әдемі сөздер емес. Олар – нағыз өмірдің сүзгісінен өткен, өз саласында биікке көтерілген тұлғалардың ақыл-кеңесі. Жастар үшін бұл – бағыт, мотивация, сенім көзі. Сен де өз жолыңды тауып, табысқа жетуді армандасаң – осы кеңестерді күнделікті дағдыңа айналдыр. Есіңде болсын: үлкен өзгеріс кішкентай әрекеттен басталады.

Стив Джобс (Apple негізін қалаушы)
Стивен Пол Джобс – технологиялық төңкерістің символына айналған тұлға. Ол 1955 жылы 24 ақпанда дүниеге келіп, 2011 жылдың 5 қазанында өмірден озды. Америкалық өнертапқыш, кәсіпкер және бизнес-магнат ретінде ол бүкіл әлемге Apple корпорациясының негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің төрағасы ретінде танымал. Сонымен қатар, Pixar Animation Studios компаниясының бас директоры болып, кейін бұл студияны Walt Disney Company сатып алғаннан соң Disney директорлар кеңесінің құрамына енді. Айта кетейік, Джобс продюсерлік еткен алғашқы толықметражды анимациялық фильм – «Ойыншықтар оқиғасы» (1995 ж.) бүгінде анимация классикасына айналған туынды.
Стив Джобстың табысқа жету жолы – өзіндік болмысты сақтау мен ішкі сенімге адал болудың жарқын үлгісі. Ол жастарға бағыт-бағдар беріп, шын мәнінде нені жақсы көрсең, соған бет бұру керектігін үнемі еске салып отырды.
«Ұлы істерді атқарудың жалғыз жолы – өзің істеп жүрген жұмысыңды сүю», – деп айтқан Джобс өмір бойы технологияны өнермен ұштастырып, әлемді өзгертуге ұмтылды. Сондай-ақ «Өмірде өзің сүйетін істі тап. Құштарлық – табыстың басты кепілі», – деген тағы бір кеңесі – бүгінгі жастар үшін ерекше маңызды мотивацияға айналды.

Билл Гейтс (Microsoft)
Билл Гейтс – бағдарламалық қамсыздандыру саласының ғаламдық көшбасшысы Microsoft Corporation компаниясының негізін қалаушысы (Пол Алленмен бірге), бұрынғы президенті әрі негізгі акционері. Ол 1955 жылы 28 қазанда АҚШ-тың Сиэтл қаласында дүниеге келген.
2008 жылға дейін компанияны өзі басқарса, кейіннен директорлар кеңесінің атқарушы емес төрағасы ретінде қызмет етті. Қазіргі таңда ол бизнестен алыстап, өзінің өмірін қайырымдылыққа арнаған санаулы миллиардердің бірі. Жұбайымен бірге құрған Билл және Мелинда Гейтс қоры денсаулық сақтау, білім беру мен кедейшілікпен күрес салаларында ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді.
Гейтс – Forbes журналы бойынша бірнеше жыл қатарынан әлемдегі ең бай адам болған тұлға. Оның байлығы бір кездері 120 миллиард долларға дейін жетіп, биржадағы құлдырауға байланысты санаулы секундтар ішінде миллиардтарын жоғалтса да, қайтадан қалпына келтіре алды. Microsoft жүйелері бүгінде әлемдегі компьютерлердің 93%-ына орнатылған. Гейтс табыстың биік шыңына жетіп қана қоймай, енді сол табысты адамзаттың игілігіне жұмсауға барын салып отыр. Жастарға арналған кеңестерінде ол табыс пен сәтсіздікке қатысты өмірлік шындықты шынайы жеткізе білген. «Табыстың өзі түпкі нәтиже емес, сәтсіздік те ақырзаман емес; бастысы – алға жылжуды жалғастыруға деген батылдық», – дейді Гейтс. Оған қоса «қарапайым бол. Әркез жаңа нәрсеге үйренуге дайын бол», – деп жастарға үнемі ізденісте болуды, тәкаппарлыққа бой алдырмауды ескертеді.

Джек Ма (Alibaba)
Джек Ма немесе Ма Юн – Қытайдың ең танымал кәсіпкерлерінің бірі, Alibaba Group компаниясының негізін қалаушысы және директорлар кеңесінің төрағасы. Ол 1964 жылы 10 қыркүйекте дүниеге келген. Қарапайым отбасынан шыққан Ма Юн жас кезінде мұғалім болып жұмыс істеген, ал бизнестегі алғашқы қадамдары бірнеше мәрте сәтсіздікке ұшыраған. Ол 30-дан астам жұмыс орнына қабылданбай, стартаптары бірінен соң бірі жабылып жатса да, мойымады.
Дәл осы табандылығының арқасында ол 2000-жылдары Alibaba компаниясын дүниеге әкеліп, оны әлемдегі ең табысты интернет-компаниялардың біріне айналдырды. 2014 жылдың қараша айында оның байлығы 32,7 миллиард долларға жетіп, Қытайдағы ең бай адам атанды. Сонымен қатар, Джек Ма Forbes журналының мұқабасына шыққан алғашқы қытайлық кәсіпкер болды.
Джек Ма жастарға қиындыққа мойымау туралы жиі кеңес беріп отырады. «Бүгін қиын, ертең одан да қиын, бірақ бүрсігүні күн шығады», – деп қиындықтың өткінші екенін ұғындырды. «Ешқашан берілме. Қиындықтың арты жеңіске апарады», – деп сәтсіздікке ұшыраған кезде де алға ұмтылудың маңызын еске салады.

Альберт Эйнштейн
Альберт Эйнштейн – ХХ ғасырдың ең ықпалды ғалымдарының бірі. Ол 1879 жылы Германияның Ульм қаласында дүниеге келіп, 1955 жылы АҚШ-та өмірден озды. Заманауи физиканың қос тірегінің бірі саналатын Эйнштейн – салыстырмалылық теориясының негізін қалаушы, масса мен энергияның байланысын сипаттайтын әйгілі E = mc² формуласын ұсынған ғалым.
1921 жылы физика саласындағы Нобель сыйлығын жеңіп алған Эйнштейн – ғылыми жаңалықтарымен қатар, терең философиялық ойлары арқылы да танымал. Ол 300-ден астам ғылыми еңбектің және 150-ге жуық философиялық, тарихи, публицистикалық мақалалардың авторы.
Эйнштейн ғылым жолындағы жетістіктерінен бөлек, адамзаттың бейбіт өмір сүруі мен ой еркіндігін қорғаған қайраткер ретінде де есте қалды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол фашизмге қарсы үн қатып, соғыстан кейін бейбітшілікті насихаттауға баса мән берді.
Жастарға бағыттап айтқан кеңестері – тек ғылымға емес, өмірге де қатысты терең мағына береді. «Өмір – велосипед тебу тәрізді: тепе-теңдікті сақтау үшін қозғалыс қажет», – деп, тоқтаусыз даму мен ілгерілеуді өмірдің басты шарты деп білді. «Тоқтама, үйренуді жалғастыр. Қозғалыс – дамудың тірегі», – деп білімге құштарлық пен тоқтаусыз ізденістің адамды шыңдайтынын жеткізді.

Мария Кюри
Мария Саломея Склодовская-Кюри (1867-1934 ж.) – поляк текті француз ғалымы. Ол радиоактивтілік саласында іргелі зерттеулер жасап, полоний мен радий элементтерін ашты. 1903 жылы физика, 1911 жылы химия саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленіп, бұл марапатты екі рет алған әлемдегі тұңғыш адам болды. Сонымен қатар, Париж университетінде профессор болып сайланған алғашқы әйел-ғалым еді.
Мария Кюри ғылымға ғана емес, адамзатқа қызмет ету жолында өмірін арнады. Оның табандылығы мен ізденісі – бүгінгі жастар үшін өшпес үлгі.
Мария Кюри өмір бойы ғылым жолында табандылықпен еңбек етті. Ол өз сөзінде «өмірде қорқатын ештеңе жоқ, тек түсіне білу керек», «белгісіз нәрседен емес, білімсіздіктен қорық» деген.

Майкл Джордан (NBA аңызы)
Майкл Джеффри Джордан – баскетбол тарихындағы аңыз тұлға. 1963 жылы Нью-Йорк қаласындағы Бруклинде дүниеге келген. Спорттық жолын Солтүстік Каролина университетінің командасында бастап, 1984 жылы «Чикаго Буллз» сапына қабылданды. Биікке ерекше секіру қабілетінің арқасында «Air Jordan» лақап атымен танылды. Ол 1991, 1992, 1993 және 1996–1998 жылдары NBA чемпионы атанып, баскетбол тарихында өшпес із қалдырды.
Әкесінің қазасынан соң бейсболға ауысып көргенімен, 1995 жылы баскетболға қайта оралды. Кейін «Вашингтон Уизардс» құрамында ойнап, 2003 жылы спортпен біржола қоштасты. Джордан – NBA клубын иеленген алғашқы бұрынғы ойыншы, бүгінде «Шарлотт Хорнетс» командасының иесі.
Ол тек спортпен емес, кәсіпкерлікпен де табысқа жетті. 1984 жылы Nike компаниясымен келісімге келіп, арнайы Air Jordan аяқкиім үлгісінің пайда болуына себепкер болды. Бұл бренд бүгінде әлемдік нарықта алдыңғы қатарда.
Майкл Джордан «мен сәтсіздікті қабылдай аламын. Бірақ еш әрекет етпеуді қабылдай алмаймын», «жеңілістен қорықпа. Бастысы – тырысу» деген қанатты сөздерімен жастарға шабыт сыйлайды.

Мұхаммед Әли
Мұхаммед Әли (шын есімі – Кассиюс Марселлус Клэй) – әлемдік спорт тарихындағы ең әйгілі әрі ықпалды тұлғалардың бірі. Ол 1942 жылы 17 қаңтарда АҚШ-тың Кентукки штаты, Луисвилл қаласында дүниеге келіп, 2016 жылы 3 маусымда Аризонада өмірден өтті. Ауыр салмақта өнер көрсеткен кәсіпқой боксшы ғана емес, сонымен қатар қоғам белсендісі, филантроп, әділет пен адамгершілік үшін күрескен қайраткер ретінде де есте қалды.
Әли – кәсіби бокста үш мәрте әлем чемпионы атанған алғашқы спортшы. Жылдың үздік боксшысы атағына бес рет ие болып, бұл рекордты ешкім қайталай алған жоқ. Ол – «бокстың алтын дәуірі» деп аталған кезеңнің басты кейіпкері. Джо Фрейзермен болған жекпе-жектері бүкіл спорт әлемінің назарын өзіне аудартты.
Бокс әлемінде ғана емес, қоғамдық ұстанымымен де ерекше көзге түскен Әли 1960-жылдары АҚШ армиясы қатарына шақырылған кезде Вьетнам соғысына барудан бас тартқан. Бұл шешімі үшін үш жыл бойы спорттан шеттетіліп, барлық чемпиондық атағынан айырылды. Алайда кейіннен шаршы алаңға қайта оралып, өз биігіне қайта көтерілді.
Өмірге, уақытқа ерекше мән берген Мұхаммед Әли жастарға «күндерді санаумен әуре болма. Күнді мәнді өткіз», «әр күніңді мағыналы ет. Уақыт – ең қымбат ресурс» деп кеңес берді.

Лионель Месси
Әлем футболының аңызына айналған Лионель Андрес Месси 1987 жылы 24 маусымда Аргентинаның Росарио қаласында дүниеге келген. Бүгінде ол – АҚШ-тың «Интер Майами» клубының және Аргентина құрамасының шабуылшысы әрі көшбасшысы.
Месси – футбол тарихындағы ең талантты әрі табанды ойыншылардың бірі. Ол 2011 жылдан бастап Аргентина құрамасының капитаны атанды. Ұзақ жылдар бойы «Барселона» клубының символына айналып, команда тарихындағы ең үздік сұрмерген ретінде танылды.
Ол жеті рет «Алтын доп» (2009, 2010, 2011, 2012, 2015, 2019, 2021 ж.) иеленіп, бұл марапатты ең көп жеңіп алған футболшы атанды. Сондай-ақ алты мәрте «Алтын бутсы» иегері болды. 2022 жылы Аргентина құрамасымен бірге көптен күткен әлем чемпионатын ұтып, елінің басты арманын жүзеге асырды.
Табысқа жетудің оңай жолы жоқ екенін жақсы білетін Месси жастарға мынадай кеңес қалдырған. «Арманға жету үшін аянбай еңбек ету керек», «Табыс – тәртіп пен тұрақты еңбек жемісі», – деді Месси.

Нельсон Мандела
Нельсон Ролилахла Мандела – адамзат тарихындағы ең ірі тұлғалардың бірі. Ол 1918 жылы 18 шілдеде Оңтүстік Африканың Куну ауылында дүниеге келген. Мандела – Оңтүстік Африка Республикасының тұңғыш қара нәсілді президенті (1994-1999 ж.), апартеид режиміне қарсы күресте символға айналған тұлға.
Ол адам құқықтарын қорғау жолында бүкіл өмірін арнады. Әділетсіздікке қарсы шыққаны үшін 1962 жылы қамауға алынып, 27 жыл 6 ай абақтыда отырып шықты. Бұл жылдар оның күресін тоқтатқан жоқ, қайта оны шыңдап, болашақ жеңістерге жол ашты. 1993 жылы ол Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ие болды.
Нельсон Мандела өзінің өмірімен де, сөздерімен де ұрпаққа үлкен мұра қалдырды. Оның жүректен шыққан мынадай сөздері бүгінде миллиондаған адамға шабыт береді. «Іс бітпейінше, бәрі мүмкін емес көрінеді», «Үмітіңді үзбе. Шынайы күрес – жеңіске апарады», – деген еді Мандела.

