gov.kz

Әлемдік ірі компаниялар Қазақстанда өндірісті кеңейтпек – Әлібек Қуантыров

22.05.2025 11:45

Бүгін Сенат кулуарында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Қазақстанда өз өндірістерін кеңейтуді жоспарлап отырған шетелдік компаниялар туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әлібек Қуантыровтың сөзінше, бірқатар алпауыт шетелдік инвесторлар еліміздегі өндірістік әлеуетті арттыруға мүдделі. Мәселен, америкалық Mars компаниясы Қазақстанда ірі жобалардың бірін жүзеге асыруда. Ал Pepsi 160 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып, болашақта бұл соманы 2,5 есеге арттырып, өндіріс көлемін үш есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Қазақстан нарығына араб, қытай және түрік компаниялары да зор қызығушылық танытып отыр. Бұл – елімізде бұған дейін жұмыс істеп жүрген немесе енді ғана келуді көздеп отырған әлемдік брендтер.

28 мамырда жаһандық дәрі-дәрмек өндіруші AstraZeneca компаниясының өндірістік желісі ашылады деп күтілуде. Бұл кәсіпорында қатерлі ісік ауруларын емдеуге арналған дәрілер шығарылады. Жақында Ұлыбританияға жасаған іссапарымыз барысында біз Кембридждегі AstraZeneca-ның кеңсесінде болдық. Олар бұл жобаға өте байыппен қарап отыр. Жақын арада осы өндірістік желінің алғашқы өнімдері шығады. Бұл бағытта Pfizer компаниясы да белсенді жұмыс жүргізуде, – деді ол.

Сыртқы істер министрінің орынбасарының айтуынша, шетелдік инвесторлар еліміздегі жер қойнауын пайдалану, IT және қайта өңдеу салаларына да қызығушылық танытуда. Мәселен, қытайлық Fufeng компаниясы Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін зауыт салып жатыр. Бұл өндіріс жергілікті халықты жұмыспен қамтып, салық түсімін арттыруға үлес қоспақ.

Бұрын шетелдік компаниялар технологиялармен бөлісуге аса қызығушылық таныта бермейтін. Қазір жағдай өзгерді – біз өз шарттарымызды ұсынып отырмыз, ал олар өз тарапынан ынталы. Ең маңыздысы – әлемдік брендтердің корпоративтік саясаты жергілікті өндірісті дамытуға, отандық өндірушілерден тауар мен қызмет сатып алуға және жергілікті тұрғындарды тартуға негізделген, – деп атап өтті Әлібек Қуантыров.