Ол үнемі айналасын шуақ-нұрға бөлеп жүретін күн сияқты. Жаны, жүрегі сондай сұлу. Жүзінен мейірім төгіліп тұрады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ботагөз Ерманқызы бес жылдан бері Оңтүстіктегі қайырымдылық шараларының басы-қасында жүр. Оны балалар мен қарттар үйінен, «Қан» орталығынан, жәрмеңкелерден жиі кездестіресіз. Белсенді. Жан-жағындағыларды мейірімділікке, ізгілікке үндеп жүрген қаршадай қыз 2014 жылы «Бізбен бірге» еріктілер мектебінің негізін қалаған. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы 14 аудан орталығында бөлімшесі бар. Ботагөзден қайырымды жандардың қатарына қалай қосылуға болатынын сұрап, сыр суыртпақтаған едік. Сонымен...
«Жол апаты өмірім мен мінезімді өзгертті»
Мамырдың 27-жұлдызы. 2011 жыл. Бұл күні Ботагөздің өмірінде мәңгі ұмытылмас оқиға орын алды. 11-сыныпты ойдағыдай аяқтап, соңғы қоңырау сыңғырын естіп, алтын ұямен қош айтысқан ол әпке-жездесімен бірге жеңіл көлікпен ауылға аттанады. Тағдырдың жазуы шығар, сол күні діттеген жерге жету бұйырмапты. Олар мінген көлік Машат шатқалында жол апатына ұшырап, жездесі сол жерде көз жұмады. Әпкесі мен Ботагөзді жолай кездескен жандар ауруханаға жеткізеді. Көлік бірнеше мәрте аударылғанда Ботагөз артқы терезеден ұшып кеткен, таудан төмен қарай домалаған. Өмір мен өлімнің ортасында жатып, ажалмен бес күн арпалысқан бойжеткен есін жинағанымен, біраз уақыт мүгедектер арбасына таңылады. Арада күндер өтеді. Беті бері қарай бастаған Ботагөз жаңадан «тәй-тәй» басқан сәбидей балдақпен қадам жасауды үйренеді. Өкініштісі сол, денсаулығы жақсарып, енді қалыпқа келе бастағанда «жығылғанның үстіне жұдырық болып», абайсызда екінші қабаттан құлап кетеді. Балконда қыздармен әңгіме-дүкен құрып отырған. Қаперінде не болғанын түсінбейді. Сөйтіп, қайтадан мүгедектер арбасына отыруға мәжбүр болады.
– Үйдің, сыныптың еркесі болдым. Сабақты үздік оқығанмен, мектепте бұзық оқушылардың тізімінен табылатынмын. «Бетің бар, жүзің бар» демей, үлкен-кішіге ойымдағыны жайып салатынмын. Жол апаты менің өмірімді, мінезімді түгелдей өзгертіп жіберді, – деп бастады әңгімесін Ботагөз. – Жүрек түкпірімде адамдарға, бейтаныс жандарға деген ерекше махаббат сезімі оянды. Өйткені, мүгедектер арбасымен жүрсем де, балдақпен келе жатсам да, бағдаршам жасыл жанып тұрғанда көше қиылысынан өтіп үлгермеймін. Әп-сәтте қызыл жанып қалады. Бірақ бірде-бір көлік «болсаңшы» деп дабыл қақпайды. Жолдан өтетін адамдар да «біз асығыспыз» деп, қағып-соғып, киіп-жармайды. Қашан өтіп кеткенімше, күтіп тұратын.
Студент атандым. Корпустан-корпусқа ауысып, кейде тіпті 3-5 қабатқа көтерілуге тура келеді. Сонда танымайтын адамдар мені арбаммен бірге көтеріп апарып тастайтын. Кейде төменге алып түседі. Автобусқа мінсең, жасы үлкен апа-аталардың өздері орын береді. Іштей ұяласың, намыстанасың. Бірақ қолдан келер шараң жоқ. Арбам арыққа түсіп кетеді. Кедергілерден өте алмай тұрамын. Сонда кез келген адам мойын бұрмай өтпейді. Көмектесіп жібереді. Денемнің бәрінде темір болғандықтан, ұзақ уақыт орындықта отыра алмаймын. Группаластарым «апай, бірінші Ботагөз сабақ айтсыншы» деп өтінетін. Көп оқытушылар жағдайыма түсіністікпен қарады. Сабақ сұрап болған соң, көп ұстамай мені үйге қайтарып жіберетін. Осылайша бұл өмірде қайырымды жандардың көп екеніне көзім жетті. Айналама байыптылықпен, зер салып қарайтын болдым. Өзімнің ешкім емес екенімді түсіндім. Бұл күйге тап болғаныма емес, жүрегі шексіз, кең адамдарды жолықтырғаны үшін Құдайға рахмет айтып, шүкіршілік етіп, жылайтынмын, – дейді өткен күннің естеліктерімен бөліскен ол.
Ботагөз Алланың қалауымен, өзінің қажыр-қайраты, мықтылығының арқасында қиындықтың бәрін жеңіп, аяққа қайта тұрды. Үзіліссіз жаттығу жасады. Болашаққа сенді. 2012 жылдың көктемі. Демалыс күндері төрт қабырғаға телміріп жатқысы келмейтін. Сондай бір демалыста 1 кг кәмпит сатып алып, Мадина деген құрбысы екеуі балалар үйіне жол тартады. Міне, содан бастап, бұл әдетіне айналды. Қас қарайғанша, қамкөңіл ұл-қыздармен ойнап, құшағына қысып, көңілдерін аулап, сабақтарына көмектесіп қайтатын. Тіпті алғаш барғанында мойнындағы қымбат алтын алқасын қызыққан кішкентай қызға сыйлай салған. Бұл – майл.ру әлеуметтік желісінің дүркіреп тұрған шағы. Балалармен түскен бір-екі суретін жүктеп еді «Біз де қатарыңызға қосылсақ бола ма?» – деп сұраушылар көбейді. Бір айдан кейін балалар үйіне топ болып баратын болды. Осылайша Ботагөз енді бірер жылда Оңтүстіктегі басты қайырымдылық шараларының ұйытқысы болатын «Бізбен бірге» еріктілер мектебінің негізін қалап жатқанын ол кезде білген жоқ еді.
«Ордабасы» футбол клубы алдарындағы 18 жасар қызға 300 мың теңгені ұстата салды»
Ботагөз М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекетік университінің белсенді студенті болды. Қашан да қоғамдық жұмыстардың, концерттердің басы-қасынан табылатын. Үздік оқыды. «В контакте» әлеуметтік желісінде жақсылық жасауды жаны сүйетін жандардан құралған «Жан сәулем» атты топты жүргізетін. Ең алғаш 2012 жылы Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылындағы бірнеше үйді су басып, не істерін білмей абдырап қалған жұртқа азық-түлік, киім-кешек апарып көмектесті. Игі істің бастамашысы болған өзінің қатарластары. Алғыс алып, қиналған адамдардың қуанышын көрген олар бір-біріне қарап, «жақсылық жасау қолдан келеді екен» десті. Ары қарай жалғастыруға бел буды. Ал 2014 жылы тұңғыш рет қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. Қалай өткені, қанша қаржы жиналғаны күні бүгінгідей есінде.
– Ауыр науқасқа шалдыққан Әділ есімді кішкентай балапанға Алматы, Астана, Қарағанды, тағы басқа қалалардың белсенді жастары көмектесетін болып, бір уақытта қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырдық. Көптеген компаниялар өздерінің заттарын біздерге тегін ұсынды. Біз оларды жәрмеңкеге шығарып саттық. Тәжірибеміз жоқ. Қанша баға қою керектігін де білмейміз. Бәрі адамдардың ықылас-пейілдеріне байланысты ғой. Мысалы, біреулер бір тортты 200 теңгеге сатып алып жатса, енді біреулер бауырсаққа 2 мың теңге тастап кетіп жатты. 1-мамыр күні болатын. Концерттік бағдарлама ұйымдастырдық. 200 теңгеге кішкентай балалардың бетіне сурет салып, қыздарды бояндырып, қолдан келген барлық өнерімізді көрсетіп-бақтық. Осылайша, бірінші рет ұйымдастырған жәрмеңкемізден 500 мың теңге таптық. Одан кейін университет, колледждерді аралап, 100 теңгеден концерт қойып, 200 мың теңге жинадық. Қолымызда барлығы 700 мың. «Халқы көп, пейілі кең Оңтүстіктің атынан ең болмаса 1 миллион теңге жинап бере алмағанымыз ба?» деген сауал іштей тыным бермеді. Кімнен көмек сұрарымды білмедім. Оңтүстік Қазақстан облысы дегенде көп адамдардың есіне бірінші «Ордабасы» футбол командасы түсетіні бар емес пе? «Бұл ой басыма неге бірден келмеген?» деп олардың жаттығу алаңдарына тарттым. Үшінші рет барғанымда ғана футболшылармен жолығуға мүмкіндік алдым. Сонда бар болғаны 18 жастамын ғой. Бойым кіп-кішкентай. Қолымда плакат. Жаттықтырушы ағай фуболшы жігіттерді жинап берді. Әділдің ауыр дертпен күресіп жатқанын, қаржылай қолдау керектігін жеткіздім. Олар келесі күні келуімді өтінді. Ал ертеңіне қолыма 300 мыңнан астам қаржы ұстатты. Сондағы менің қуанышымды көрсеңіз ғой. Көшедегі барлық адамды құшақтағым келді. Шаттанып, ән салғым келді. Осылайша 1 миллионнан астам теңгені Әділдің емі үшін анасының есепшотына аудардық. Қайырымдылық жәрмеңкесінің Оңтүстікте бастау алуына түрткі болдық. Тәжірибе жинадық. Кейін «Жастар ресурстық орталығының» бұрынғы басшысы Ерлан Айтбаев еріктілер мектебін ашу туралы ұсыныс айтты. «Бізбен бірге» деп ат қойдық. Жеке кабинет берді. Биыл ресми ашылғанымызға үш жыл толды. Осы уақыт ішінде талай қызық пен қиындықты бастан кештік, - дейді Ботагөз.
Қазір де еріктілер қайырымдылық жәрмеңкелерін жиі ұйымдастырады. Қолдан тоқылған киімдерін, тәттілерін әкеліп сатады. «Бір жәрмеңкеден кемінде 300-400 мың жиналады. Ал ол қаншама тұрмысы төмен отбасы балаларына немесе еміне ақша таппай қиналып жатқан ата-аналарға қолдау болады», – дейді өздері.
Баян Өлгейге аттанған 3 камаз бен 3 миллион теңге
«Бізбен бірге» еріктілер мектебінің еріктілері басында жағдайын айтып, жылап келгеннің бәріне көмек қолын созуға тырысты. Бірақ, бір жағдай оларға ерекше сабақ болды. Екі жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі балаларға қуаныш сыйламақ болып, қала әкімінің қолдауымен Жаңа жылдық кеш ұйымдастырады. 400 баланы шақырған. Төрт демеуші табылып, олардың әрқайсысына сыйлық үлестірілетін болады. Жапатармағай ұмтылғанда балалардың ата-аналары, туыстары қос-қостан, төрт-бесеуден сыйлық алып, соңы «Неге менің балама ішінде көлігі жоқ сыйлық берілді? Неге басқалар төрт сыйлық алды, бізге неге екеу бұйырды?» деген айқай-шуға ұласады. Тіпті кейбірі еріктілерге қол көтеруге дейін барған. Ал ұйымдастыру жұмыстарын мойнына алған Ботагөз ауыр сөздердің астында қалады. Сол кезде барып, тауы шағылған, дәрменсіз жандардың барлығына көмектесе алмайтынын түсінді. Содан кейін жұмыстарын жүйелеуге кірісті. Қазір еріктілердің қарамағында көпбалалы, тұрмысы төмен 55 отбасы бар. Қолдарына қаржы түссе, ең алдымен осы отбасы балаларының киім-кешектері мен дәрі-дәрмегін түгендеп, азық-түліктерін алып береді. Қыдыртады.
– 55 отбасының қай үйде қанша бала бар екенін, олар қай мектепте, қай сыныпта оқитынын, кімге қандай қымбат дәрі керектігін, бәрін-бәрін жатқа білемін. Өйткені олармен, бүгін, кеше немесе бір ай бұрын танысқан жоқпын. Бір жылдан астам уақыттан бері жақсы араласамын. Мысалы, Әлияның 3-сыныпта оқитынын, ағасы 5-сыныпта білім алып жатқанын, ал әпкесі 9-сыныпты бітіретінін білгендіктен, оларға әр маусымда қандай киім керектігі үнемі санамда жүреді. Кейде ақшасы бар, жағдайы жақсы адамдар келіп, «Қайырымдылық жасайын деген едік, кімдерге көмек ұсынсақ болады» десе олардың құжаттарын ұсына қоямын. Әр отбасы туралы құжаттар жинап қойғанбыз. Үкімет қанша жағдай жасап отыр десек те, киерге киім, ішерге ас таппай отырған отбасылар көп. Балалары «Кешке ата-анамыз нан алып келе ме?» деп деп көздері жәутеңдеп, күтіп отырады. Тойып тамақ жеген күндер олар үшін мереке. Жүрегің ауырады. Сол балалар сабақты жақсы оқыса екен, үйірмелерге қатысса екен деп, қызығушылықтарына қарай сұрағандарын жеткізіп беруге тырысамын. Өйткені, ертең ішіндегі біреуі мықты болып өссе, басқаларын тартады. Солай жетіліп, қатарға қосылып кететін еді, – дейді Ботагөз.
Еріктілердің енжарлыққа жаны қас. Былтыр Моңғолияның, қазақтар көп шоғырланған Баян Өлгей аймағында су тасқыны болып, қаншама ошақ қирап қалғанда «Қандастарымызға қолдау көрсетейік!» деп алғашқылардың бірі болып үндеу тастады. «Көп тілегі көл емес пе?» Аз уақыттың ішінде 3 миллион теңге, бұдан бөлек 3 камаз азық-түлік жинап, Моңғолияға жөнелтті. Тізе берсек, бауырмалдық танытып, мұндай игі істің бастамашысы болған кездерін санап бітпейсіз.
«Қуанған адамның көзіндегі нұр шаршағаныңды ұмыттырады»
Еріктілер әр үш ай сайын Шымкенттегі «Қан орталығына» барып қан өткізуді дәстүрге айналдырған. Осылайша қаншама жанның өміріне араша түсіп жүр. Тоқылған, ескі киімдерді жинап, оны сөгіп, жуып-тазалап, сол жіптен шалажансар болып туылған балаларға арнап киім тоқиды. Бұл іске жасы үлкен апалар да қызу кірісіп, белсенділік танытады. Бұдан бөлек, жалғызілікті ата-апалардың үйі мен ауласын жинап беруге де барын салады. Қарттар мен балалар үйіне барып, концерт қойып, көңілін аулайтындары тағы бар. Қарап отырсаңыз, еріктілердің бос қарап жүрген күні жоқ. Тыным таппайды. Жақсылық жасау, көмек қолын созу, жығылғанға сүйеу болу – олардың күнделікті жұмысы сияқты.
– Көп жерде еріктілерміз десек, «тегін жұмыс істейтін сендер екенсіңдер» ғой деп мазақ қылады. Тіпті қоғам ішінде «еріктілер – еріккендер» деген сөз бар. Бірақ бұлай келеке ететіндер біздің сағымызды сындыра алмайды. Менің енді «отбасылық еріктілер» жүйесін дамытқым келеді. Осы уақытқа дейін Чехия, Словекия, Германия, Франция, Австрия, Венгрия, Ресей елдерінде болдым. Шетелде білімімді жетілдірдім. Байқағаным, оларда акция, басқа да іс-шара болсын, бір отбасының мүшелері түгелдей атсалысады. Ата-әжесі, ата-анасы, балалары бірдей киім киініп ап, үлес қосып жүреді. Бізде де бір күні ата-аналар ұл-қызын алып балалар мен қарттар үйіне барса немесе ауласын тазалап, ағаш отырғызып, үлгі көрсетсе деймін. Кітапханаға бірге барып, кітапты да бірге оқып, талдаса ғой. Осы нәрсе біздің елімізде дәстүрге айналса деп армандаймын. Және біздің қаламызда мейірімді жастардың топтары көбейіп келе жатқанына қуанамын. Жақсылық жасап жарысқан дұрыс, бірақ жауға айналып кетпеген жөн. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, топ мүшелері бірін-бірі жақтырмай жүреді. Жөн сұрасаң айтпайды. Сол топтардың жетекшілерінің басын қосайын десем, бұл «Бізбен біргенің» кабинеті деп аттап баспайды. Бұл мекемені әкем соғып берген жоқ, кабинеттегі жиһаздарды анам сатып әперген жоқ, мемлекеттікі. Қайырымды жандардың ордасы. Бұл орынның есігі кез келген жанға айқара ашық. Бәріміз айналып кеп, бір-екі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыға көмектесе бергеннен гөрі, мына жақта «асқа аузымыз тиер ме екен» деп нан таппай отырған отбасыларды бөлісіп алғанымыз жақсы емес пе? Жұмылып жұдырық болып, ірі шараларды бірігіп атқарғанымыз дұрыс емес пе? Жарнамаға емес, жанашырлыққа зәру жандардың жан-дүниесіне терең үңілген жөн. Өмірде жақсы адамдар көп. Кез келген адам жақсылық жасауға асығады. Тек іштегі сезімді оята алмай, кейбірі неден бастарын білмей жүреді. Жазушы Бейбіт Сарыбай «Әлемді сұлулық емес, мейірім құтқарады» дейді. Расымен де, адам білімді, парасатты, пысық болмай-ақ қойсын. Бірақ жүрегінде мейірім болу керек. Қуанған адамның көзіндегі нұрды көргенде бар шаршағаныңды ұмытып кетесің. Қаншама күн рухани тойып жүресің. Ол «ләззатты» бір сезінген адам, кез келген адамға қолғабыс жасап, шаттық сыйлауға құштар болып тұрады, - дейді ол.
Ботагөз күн сайын қиын хәлге душар болып, көше кезіп кеткен Коля ағайына бір ыдыс артық тамақ жасаудан жалықпайды. Көшеде кәрі кісі гүл немесе басқа бір зат сатып отырса, қалтасындағы соңғы тиынын санап беріп, қажетсіз болса да сатып алады. Қыстың аязды күндері термосқа ыстық шай құйып алып, аула мен көшелерді қардан тазалап жүргендерге жылулық сыйлап жүргені. Бір сөзбен айтқанда, жақсылық жасаудан шаршамайды. Оған өзім талай рет куә болдым.
Жолың ашық болсын, жүрегі ізгілік пен мейірімнен ғана тұратын жан!