Жаңалықтар

Әлемді жайлаған COVID-19 пандемиясы толығымен аяқталды

Әлемді жайлаған COVID-19 пандемиясы толығымен аяқталды
06.05.2023 14:01 1171

Күні кеше әлем бойынша коронавирус пандемиясының аяқталғаны жарияланып, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі қорытынды жасады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.   

Қазақстанда пандемия жарияланған алғашқы күннен бастап ведомствоаралық комиссия құрылып, онда 2 мыңнан астам жедел және ұтымды шешімдер қабылданды. Комиссия халықтың денсаулығын COVID-19-дан сақтау мен қорғау, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы, медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын нығайтуға қатысты шешімдер қабылдады. Сонымен қатар дәрілік заттарды, иммунобиологиялық препараттарды, медициналық құрал-жабдықты, жеке қорғану құралдарын сатып алу, елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантин талаптарын күшейту және әлсірету бойынша шешімдер қабылдады, - деп жазылған министрлік таратқан мәліметте.

Бұдан бөлек, пандемия басталғанда министрлік және барлық өңір әкімдіктері жанынан республикалық және жедел штабтар құрылған болатын. Олар күн сайын коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл жөніндегі медициналық ұйымдардың жұмысын үйлестіріп отырды. 

Пандемия кезеңінде еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері COVID-19-бен күресте профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар бойынша 83 қаулы қабылдады. Жаңа қаулы коронавирус инфекциясының жаңа нұсқаларының пайда болуын және вирустың қасиеті туралы тәжірибені ескере отырып, өзектендіріліп отырды. Уақтылы медициналық көмек көрсету үшін қалаларда 16 модульдік аурухана салынды және 3 инфекциялық аурухана қайта жаңартылды, сондай-ақ 63 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді, - дейді ведомстводан.

Министрлік хабарламасында коронавирус індеті күшейген кезде үйге барып медициналық көмек көрсететін 3054 көшпелі мобильді бригада жұмысын бастағаны туралы да мәліметтер келтірілген. 

Психоэмоционалдық жүктемені, қауіптерді ескере отырып, медицина кадрларын әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету мақсатында медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу бойынша шаралар қабылданды. Пандемия кезінде 57 мың медицина қызметкері шамамен 285 млрд теңге көлемінде төлемдер алды. Отандық денсаулық сақтау жүйесі ресурстарының, медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің және КВИ бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізудің арқасында өлімге әкелетін инфекцияның таралуын тоқтатуға қол жеткізілді, - деп толықтырады ведомство.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусты жұқтыру, одан болған өлім-жітім жөнінде статистиканы ұсынды.

Елімізде 2020 жылғы 13 наурыз бен 2023 жылғы 5 мамыр аралығында коронавирус инфекциясының 1 411 883 жағдайы тіркелді. Пандемия 13 848 қазақстандықтың өмірін қиды.Одан басқа, 2020 жылғы 1 тамыз бен 2023 жылғы 5 мамыр аралығында коронавирус белгілері бар пневмонияның 91 027 жағдайы тіркелді, салдарынан 5413 адам қайтыс болған.  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19-ды пандемия ретінде 2020 жылғы 11 наурызда жариялады. Режим 3 жыл 1 ай және 24 күнге созылды.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға