Бір кездері қазақ даласынан шыққан алып бүкіл әлемді таңдай қақтырды. Ол тек күш сынасып қана қоймай, қазақтың атын шығарып, боз кілемде қарсылас атаулыны шақ келтірмеді. Бүгін осы аңыз адамның туған күні – Қажымұқан Мұңайтпасовтың дүниеге келгеніне 155 жыл толып отыр.
Балуан 56 медаль иеленген
Қажымұқан Мұңайтпасов – қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан, әлемге танылған алып тұлға. Тарихи деректерге сүйенсек, ол 1871 жылдың 7 сәуірінде Ақмола уезіне қарасты Қараөткел ауылында дүниеге келген. Дегенмен кей зерттеулерде оның туған жылы 1886 деп те көрсетіледі.
Өз дәуірінде Қажымұқан дүниежүзінің 28 елін аралап, әр елдің мықты балуандарымен белдесіп, барлығы 56 медаль алды. Алайда соның тек төртеуі ғана бүгінге дейін сақталған. Оның қарсыластары да осал болмаған. Ол Иван Поддубный, Иван Заикин, Георг Лурих, Алекс Аберг сынды атақты балуандармен бір сахнада күресіп, өз шеберлігін дәлелдеген.
Күші мен қайраты қатар жарасқан Қажымұқан боз кілемде талай алыпты тізе бүктіріп, алтын медальдарды қанжығасына байлады. Осылайша ол тек спорт шебері ғана емес, қазақ халқының абыройын асқақтатқан, ел намысын қорғаған нағыз мақтанышқа айналды.
Дене бітімі қандай болған?
Қажымұқан Мұңайтпасовтың алып денесі жайлы деректер оның замандастарын ғана емес, бүгінгі оқырманды да таңғалдырмай қоймайды. Белгілі филолог-ғалым Әуелбек Қоңыратбаев балуанның үйінде қонақта болып, оның нақты физикалық өлшемдерін жазып қалдырған.
Сол кезде 75 жастағы Қажымұқанның салмағы 174 келі болған. Бойы – 195 сантиметр. Тек шалбарына үш метр, ал көйлегіне алты метр мата кетеді екен. Оның дене бітімі ерекше ірі болған: кеуде тұсы – 146 сантиметр, ал кіндік тұсы – 173 сантиметрге дейін жеткен.
Балуанның дене құрылымы нағыз алыпқа тән еді. Қара санының жуандығы 71 сантиметр болса, сан жілігінің ұзындығы 65 сантиметр болған. Балтыры – 49 сантиметр, ал табанының ұзындығы 35 сантиметрге жеткен. Аяқ киімінің өлшемі шамамен 54 болғаны да оның ерекше жаратылысын көрсетсе керек.
Сонымен қатар, белінің өлшемі – 220 сантиметр, жауырынының жалпақтығы – 60 сантиметр. Қолтық етінің қалыңдығы 50 сантиметрге, ал қар еті 47 сантиметрге жеткен. Екі иығының арасы – 56 сантиметр, мойын жуандығы да дәл осындай болған.
Қажымұқан неге «Қара Иван» атанды?
Қажымұқан Мұңайтпасовтың жауырыны жерге тимегенімен, оның даңқы сол кезеңдегі орыс әкімшілігіне аса ұнай қоймаған. Бұратана халықтың атын әлемге танытқан балуан ретінде оны өз атымен емес, басқа есіммен шығуға мәжбүрлеген.
Сол себепті Қажымұқан көп жағдайда орыс балуандарының есімімен күресіп, түрлі лақап атпен өнер көрсеткен.
Қажымұқан Мұңайтпасов әр елде әртүрлі атпен танылған. Оның ішінде «Ямагата Муханура», «Қара Иван», «Қызыл маска», «Қара Мұстафа» секілді лақап аты бар.
Мәселен, «Муханура» деген атты оған ұстазы Иван Лебедев берген. Ал «Қара Иван» лақап аты Иван Поддубный, Иван Заикин және Иван Шемякинмен бірге өнер көрсеткен кезде қалыптасқан. Сол уақытта оларды «төрт Иван» деп атаған.
Мұқан Мұңайтпасовқа «Қажымұқан» есімі қалай берілді?
Түркияда күрескен кезінде Қажымұқан «Қара Мұстафа» есімімен шыққан. Ол жерде әйгілі балуан Нуруллахты жеңіп, Стамбұл билеушісі Шәкір-пашаның назарын аударады. Паша оның мұсылман екенін білген соң, қажылыққа бірге баруды ұсынады.
Бұл ұсынысты қабылдаған Мұқан қажылық сапарынан кейін есіміне «Қажы» мәртебесін қосып, Қажымұқан атанады. Осы атпен ол алғаш рет 1912 жылы Саратов қаласында өнер көрсетіп, кейін бүкіл әлемге осы есіммен танылды.
100 мың рубль жинап, ұшақ жасатты
Қажымұқан Мұңайтпасов 1940 жылы халық алдына соңғы рет шығады. Алайда ІІ дүниежүзілік соғыс басталғанда, елге көмектесуді өз борышы санап, жасының үлкендігіне қарамастан тағы да өнер көрсетуге бел буады.
Ол цирк-шапито ұйымдастырып, ел ішін аралайды. Қолында кәсіби құрал-жабдық болмаса да, балға, шынжыр, кір тас сияқты қарапайым снарядтармен өнер көрсетеді. Көрермендерді таңғалдырған нөмірлердің бірі – Қажымұқанның жерге жатып, үстіне тақтайлар қойылып, оның үстімен адамдарға толы жүк көлігінің өтіп кетуі еді.
Осылайша, төрт жыл ішінде ол 100 мың рубль жинап, қорғаныс қорына аударады. Жиналған қаржыға әскери ұшақ жасатып, оның бүйіріне қазақ батыры Амангелді Имановтың есімін жаздыртады.
Кейін Қажымұқан бұл ұшақты жас ұшқыш Қажытай Шалабаевқа салтанатты түрде табыстайды. Шалабаев осы ұшақпен Прибалтика және Ленинград майданында соғысып, ел қорғауға үлес қосқан.
Қажымұқан кіммен дос болды?
Алғаш көзге түсетіні – Қажымұқан мен Әміренің арасындағы ерекше жақындық. Олар жолығып қалса, жай ғана амандасып өтпей, ұзақ отырып сыр шертісіп, көрген-білгенін бөлісетін болған. Бірақ бұл достық тек екеуара емес, үшеудің арасындағы байланыс еді. Олардың ортасында тағы бір өнер иесі – Иса Байзақов болған деседі. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, осы үшеуі бас қосса, таңды таңға ұрып, күн батқанша тарқамай әңгіме-дүкен құрады екен. Әсіресе, мұндай сәттер Қоянды жәрмеңкесінде жиі көрініс тапқан. Тіпті халық арасында Қажымұқанның: «Жанымда Иса мен Әміре болса, шіркін, маған одан артық дүниенің керегі жоқ» деген сөзі сақталған.
Бұл суреттің қайдан шыққанын анықтау үшін біз де іздестіріп көрдік. Google Lens арқылы жүргізілген іздеу нәтижесінде, аталған фото алғаш рет e-history.kz сайтында жарияланғаны белгілі болды. Онда сурет 2013 жылы «ҚР ОММ қорларының аса құнды құжаттар галереясы» деген атаумен жүктелген.
Суреттің өзіне зер салсақ, онда ешқандай жазу жоқ. Әміре мен Қажымұқан жылы киінген, орындықта отырғанға ұқсайды. Айналада жапырағы түскен ағаштар байқалады. Әміренің арт жағында көлеңкесі түскен ғимарат көрінсе, Қажымұқан тұрған тұстағы нысан шелегі бар құдықты елестетеді.
Кейіннен қосылған жазбада сурет 1925 жылға тиесілі деп көрсетілген. Егер осы дерекке сүйенсек, бұл – Әміре Қашаубаевтың Парижге барып, қазақ әнін әлемге танытып келген, атағы асқақтап тұрған кезеңі. Шабыты шалқып, өнері шырқау шегіне жеткен шақ.
Балуанның ұрпағы жайлы не білеміз?
Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірі ғана емес, оның әулеті турасында да талай қызықты дерек бар. Балуанның төрт әйелі болған. Олардан төрт ұл – Халиолла, Ғабдолла, Айдархан, Жаңаділ және үш қыз – София, Азия, Рашида дүниеге келген.
Оның алғашқы жары – цирк әртісі Надежда Чеповская. Қажымұқанға тұрмысқа шыққан соң ислам дінін қабылдап, Бәтима (Фатима) есімін алған. Екеуі 1909 жылы Рига қаласында танысып, кейін Омбыда шаңырақ көтерген. Бұл некеден Халиолла атты ұл туған. Ал Ғабдолланы балалар үйінен асырап алған, ұлты орыс болған.
1925 жылы балуан Ырысты Тыныбайқызына үйленіп, одан үш қыз сүйген. Кейін 1938 жылы Мінәйімге, ал 1946 жылы Айшагүлге үйленеді. Мінәйімнен Айдархан дүниеге келсе, өзінен отыз жас кіші соңғы жары Айшагүлден Жаңаділ есімді ұлы болған. Бұл кезде Қажымұқанның жасы 78-ге келген еді.
Сонымен қатар, Қажымұқанның Асан мен Үсен атты егіз бауырлары болғаны айтылады. Алайда сәбилердің ғұмыры қысқа болып, екеуі де ерте шетінеген.
Уақыт өте балуан әулеті өнер мен спортта да өз ізін қалдырды. Немересі Шаттық Қажымұқанов – каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2002 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Ал Бақытжан Қажымұқанов – белгілі композитор, «Жас Қанат» пен «Азия дауысы» байқауларының жүлдегері.
1996 жылы Қажымұқанның Францияда балалары бар деген әңгіме тарағанымен, бұл ақпарат расталмаған.
Балуан өмірінің соңғы жылдарын қиындықпен өткізгені де айтылады. Тіпті отбасын асырау үшін медальдарын сатуға мәжбүр болған деген дерек бар. Ол 1948 жылы Түркістан облысы, Бөген ауданындағы «Ленин туы» колхозында қайтыс болды. Кей деректерде оның өкпесіне суық тигені себеп болғаны айтылады.
Қажымұқан туралы естеліктер
Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы қалам тербеген тұлғалардың қатары тым ауқымды. Бұл туралы «Қазақ балуандары» кітабының авторы Қыдырбек Рысбекұлы да атап өтеді. Оның айтуынша, Алаш зиялыларынан бастап кейінгі буын ақын-жазушыларға дейін Қажымұқанның тұлғасына қайта-қайта оралып, оны өз шығармаларына арқау еткен. Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Кенен Әзірбаев, Нартай Бекежанов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Шаханов сынды алыптардан бастап, көптеген қаламгер оның өмірі мен ерлігін жырға қосты. Тіпті орыс әдебиетінің өкілдері Дмитрий Мартынов пен Николай Анов та қазақ балуанына қызығушылық танытып, өз еңбектерінде атап өткен.
Зерттеушінің сөзінше, бұл тізіммен ғана шектеліп қалмайды. Егер оған спорт журналистерін де қосса, Қажымұқан туралы жазғандардың саны шексіз екенін аңғаруға болады.
Қажымұқан жайлы Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқанов естелік жазып, өлең-жыр арнаған. Қаламгерлер оны тек жауырыны жерге тимеген балуан ретінде ғана емес, еліне адал, отанын шексіз сүйген, кең жүректі азамат ретінде сипаттайды. Оның өмірі мен ерлігіне арналған көптеген естелік, көркем фильмдер мен хроникалық киноленталар да жарық көрген.
Сонымен қатар Қажымұқан туралы арнайы кітаптар да аз емес. Ғазизбек Тәшімбаевтың «Күш атасы» атты естелік жинағы, Ян Дымовтың «Воля батыра» еңбегі, сондай-ақ Әлімқұл Бүркітбаевтың «Қажымұқан» романы – осы тақырыптағы ең белгілі шығармалардың бірі саналады.