8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Бұл күн тек гүл мен құттықтаудың ғана емес, қазақ қыздарының табандылығы мен талантына тағзым ететін сәт. Бүгінде әлемдік ареналарда ел намысын қорғап жүрген спортшы аруларымыз бар. Олар – рингте қарсыласын тізерлеткен, татамиде әдіс асырған, бозкілемде белдескен, шахмат тақтасында гроссмейстерлерді мойындатқан қыздар.
Қазақ қыздары спорттағы биік белестерді бағындыра алады.Тіпті, Олимпиада, әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Осы ретте дәл қазіргі таңдағы ел мерейін асырып жүрген және болашағынан үміт күттіретін қыздарға кезек береміз.
Бірақ біз сырттан келген, Қазақстан азаматтығын алған Елена Рыбакина, Нора Джеруто секілді мықтыларды бұл тізімге қоспадық.
Тағдырмен күрес
Ақмарал бала күнінен Олимпиада чемпионы болуды армандады. 2021 жылға дейін ол классикалық дзюдода өнер көрсетті. Бірақ 2021 жылдың қаңтарында гран-при жарысына дайындық кезінде көзінен ауыр жарақат алды. Жарты жыл үзіліс. Ота. Дәрігерлердің «спортты тоқтату керек» деген үкімі.
Көп спортшы дәл осы жерде тоқтайды. Ақмарал тоқтамады. Отбасының, жарының және бапкері Айдын Жұматұлының қолдауы оның ең үлкен тірегіне айналды. «Спортта қайта тұра алмасаң, ешкімге керексізсің» деген шындықты түсіне тұра, ол парадзюдоға ауысу туралы шешім қабылдады.
Халықаралық классификация бойынша J2 санатын алды. Елордада өткен Гран-при жарысында алғаш рет парадзюдодан татамиге шықты.
Алғашқы қиындық - ереже. Кәдімгі дзюдода қарсыласқа әдіс жасатпай, еркін қозғалып үйренген спортшы үшін белдесу басталмай жатып жағадан ұстасу - психологиялық тосқауыл еді. Бірақ уақыт өте ол жаңа форматқа бейімделді.
2022 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында финалда Рио Олимпиадасының алтынын, Токиода күміс алған француз спортшысын жеңіп, Қазақстан тарихында әйелдер арасында парадзюдодан алғаш алтын алған ару атанды. Осы сәттен бастап Ақмарал есімі әлемдік парадзюдо картасына жазылды.
Сарапшылар оның стилін «бүркіт сияқты» деп сипаттайды. Ол алаңды оқи алады. Қарсыласының келесі қимылын алдын ала сезетіндей әсер қалдырады. Бұл – тәжірибе мен ерекше интуицияның үйлесімі.
Үш дүркін әлем чемпионы
Үш дүркін әлем чемпионы атану кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Бұл белестегі шахматтағы Бибісара Асаубаева бағындырды. Ол 2021 жылы желтоқсан айының соңында алғаш рет жылдам шахматтан (блиц) әлем чемпионы атанған. Айтпақшы, бұл ересектер арасындағы шахматтан әлем чемпионаттарындағы Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын. Сонымен қатар Гиннестің рекордтар кітабына ең жас чемпион ретінде енген. Ал 2023 Польшаның Варшава қаласындағы жетістігін Алматыда да қайталай алды. Былтыр үшінші рет дүние жүзіні мойындатты.
Grand Swiss турнирінде қытайлық Тан Чжунъиді жеңуі, Мәскеуде өткен «Шахмат жұлдыздары» турнирінде Сергей Карякинді ұтуы – халықаралық сенсация болды.
Ол ойнағанда қарсыласына тік қарап, қабақ түйеді. Бұл – психологиялық қысым. Бірақ сұхбат кезінде жайдары жымиып тұрады. Бұл – сенімділіктің белгісі. Блиц шахматта санаулы секунд ішінде шешім қабылдау керек. Дәл осы қысымда Бибісара ерекше жарқырайды.
Бибісара 2004 жылы 26 ақпанда Тараз қаласында дүниеге келген. Оеы танымал интелектуалдық ойынға 4 жасында атасы баулыған екен. Әкесінің ағасы Бағлан Асаубайұлы Майлыбаев бір кездері Президенттің баспасөз хатшысы, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары секілді жоғары қызметтер атқарған. Алайда спортшының ата-анасы ажырасып кеткен. Бибісараның анасы кейіннен басқа азаматқа тұрмысқа шыққан. Сондықтан ол әкесі ретінде өзің бағып өсірген адамды санайтынын айтқан.
Тек қазақша сөйлейтін қыз
Қазір дзюдо күресінде Абиба Әбужақынованың шоқтығы биік болып тұр. Ол 2022 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатында 48 келіге дейін салмақ дәрежесінде қола медаль еншіледі. Бұл тарихтағы алғашқы жетістік. Өйткені дзюдо күресінен қазақ қыздары әлем біріншілігінен ешқашан жүлде алмаған. Тек Моңғолиядан келген Отгонцэцэг Галбадрах ғана сол тұғырдың үшінші сатысынан көрінген.
Одан кейін Әбужақынова бұл жетістігін 2024 жылы Абу-Дабиде қайталады. Ал былтыр Будапештте финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Ол бүгінде ұлттық құраманың «машинасына» айналған спортшы. Себебі барған додасынан жүлдесіз қайтпайды.
Сосын көпшілік Әбужақынованы тек қазақша сұхбат беретін қыз ретінде таниды. Ол орысша сұраққа да ана тілінде жауап береді.
Көп спортшы жарыстан кейін тілшілерге орысша сұхбат береді. Екі қазақ бірімен-бірі орысша сөйлеседі. Мен де орысша білемін, еркін түсінемін. Бірақ орысша сөйлегім келмейді. Таза қазақша сөйлегім келеді. Журналистердің орысша сұрағына тек тек қазақ тілінде жауап беремін. Мен тек қазақша сөйлеймін, орысша сұхбат бермеймін, – дейді спортшы.
Өзінің айтуынша, ұлтың қазақ па? деп сұрағандар көп болған. Сондан кейін өзінің қазақ екенін дәлелдеу үшін тек қазақша сөйлейтін көрінеді.
Әлемнің төрт дүркін жүлдегері, егіздің сыңары - Жәмилә
Балуан Жәмилә Бақбергенова да әлем чемпионатының төрт медалі бар. Тек алтын ғана бұйырмай жүр. 72 келіге дейін белдесетін балуан қыз 2021 жылы Ослода (Норвегия), 2022 жылы Белградта финалға дейін жетті. Ал 2023 жылы Сербия астанасында тағы бір мәрте қола медаль алды. 2024 жылы Албанияның Тирана қаласында тағы да финалға дейін барып, күмісті қанағат тұтты.
Жәмиләмен қатар оның сыңары Мәдина да күреседі. Екеуі 2022 жылы Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен күрес түрлерінен Азия чемпионатында топ жарған.
Егіз қыздарды Нұрсұлтан Теміров баптап жүр. Ол Мәдинаның жұбайы. Жақында Нұрсұлтан әйелдер құрамасының бас бапкері болып тағайындалған.
Бақбергеновалар ауылдың қыздары. Қарапайым отбасыда өскен. Азия чемпионатынан оралғаннан кейін Жәмилә Мәдинаның ауылда сиыр сауып отырған видеосын желіге жүктеді. Бұл видео көпшіліктің қошеметіне ие болды.
Ол үй жинау, бала қарау секілді жеңіл жұмыстарға араласады. Ал мен шөп салу, мал шығару секілді даладағы жұмыстарға көмектесемін. Бала кезден солай өстік. Мен ауыр жұмыстарға араласып үйреніп қалғанмын, – дейді Жәмилә.
Сұлулық пен жұдырық үйлесім тапқан қыздар
Қазақстан әйелдер боксы бүгінде әлемдік деңгейде мойындалған мектепке айналды. Бұл салада қазақ қыздары тек жүлде алып қана жүрген жоқ – олар стереотиптерді бұзып, «қыз балаға ринг жараспайды» деген түсінікті тарих қойнауына жіберді. Осы толқынның алдыңғы шебінде – Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова және Аида Әбікеева тұр.
Назым Қызайбай – қайта оралып, қайта жеңген чемпион
Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы. Бұл – кездейсоқ нәтиже емес, ұзақ жылдық жүйелі еңбектің жемісі.
Назым 48 келі салмақта өнер көрсетеді. Оның рингтегі стилі – қысқа дистанцияда өте жылдам жұмыс істеу. Аяқ қозғалысы шапшаң, соққысы дәл. Сарапшылар оның реакция жылдамдығын ерекше атап өтеді.
Бірақ Назымның спорт жолы тек жеңістен тұрмайды. Оның мансабында үзіліс те болды. Кей кезеңде ұлттық құрамадан тыс қалып, көпшілік «оның уақыты өтті» деп те айтқан. Алайда ол қайта оралды. Және жай оралған жоқ – әлем чемпионы болып оралды.
Бұл – психологиялық беріктіктің үлгісі. Жарақаттан кейін, үзілістен кейін қайта шығып, алтын алу – кез келген спортшының қолынан келе бермейді.
Назым жекпе-жек алдында өте сабырлы. Сырт көзге эмоциясыз көрінеді. Бірақ рингке шыққан сәтте оның қарқыны мүлде өзгереді. Бұл – ішкі энергияны дұрыс бағыттай білудің белгісі.
Алуа Балқыбекова – «есеппен жұдырықтасатын» боксшы
Алуа Балқыбекова – әлем чемпионаттарының жүлдегері.
Алуа – техникасы таза, тактикасы жүйелі спортшы. Ол қарсыласын алдын ала зерттеп, нақты жоспармен шығады. Әр соққысы – есептелген. Артық қозғалыс жоқ, артық эмоция жоқ.
Сарапшылар оны «интеллектуалды боксшы» деп сипаттайды. Себебі ол тек күшпен емес, ақылмен де жұдырықтасады. Қызықтысы, Алуа бала кезінде өте тұйық болған. Бокс оған сенімділік берді. Бүгінде ол жастармен кездесіп, спорттың адам мінезін қалай шыңдайтынын жиі айтады.
2023-2024 жылдары халықаралық турнирлерде тұрақты жүлде алып, рейтингте жоғарылап келеді. Оның басты артықшылығы – тұрақтылық.
Аида Әбікеева – жаңа буынның серпіні
Ұлттық құраманың жас, бірақ сенімді өкілі.
Жастар арасындағы халықаралық турнирлерде топ жарып, біртіндеп ересектер құрамасына өтті. Ол рингте өте батыл. Жасына қарамастан, қарсыласынан именбейді.
Команда ішінде оның төзімділігі ерекше атап өтіледі. Ең ұзақ спарринг жасайтын спортшылардың бірі саналады. Бұл – үлкен еңбекқорлықтың белгісі.
Аида жекпе-жек алдында музыка тыңдап, өзін психологиялық тұрғыда дайындайды. Ол үшін ринг – тек физикалық емес, психологиялық айқас алаңы.
Қазақ қыздарының бокстағы феномені
- Назым – тәжірибе мен мінез.
Алуа – жүйелілік пен есеп.
Аида – жас энергия мен батылдық.
Үшеуі үш түрлі стиль. Бірақ ортақ қасиет бір – еңбек пен тәртіп. Бүгінде Қазақстан әйелдер боксы әлемдік аренада тұрақты нәтиже көрсетіп отыр. Ал осы жүйенің тірегі – дәл осындай қайсар қыздар.
Бұл спортшы қыздардың әрқайсысы – тек медаль иегері емес. Олар – мінез, рух, табандылық мектебі. Нәзіктік пен мықтылық қатар жүретінін дәлелдеген қазақ қыздары әлемдік спорт картасында өз орнын айқындап үлгерді. 8 наурыз қарсаңында бұл есімдер – мақтаныштың, үміттің, болашаққа сенімнің символы. Қазақтың спортшы қыздары тек жеңіп қана жүрген жоқ. Олар тарих жазып жүр.

