Коллаж El.kz

Әлемді бағындырған қазақстандық топ-модельдер

Бүгінде қазақ арулары сән апталықтарының, әйгілі брендтердің подиуымында бой көрсетіп, халықаралық басылымдардың мұқабасында жүр. Қазақстанның атын асқақтатып жүрген отандық модельдер туралы El.kz интернет порталының тілшісі шолу жасады.

Алена Субботина

Алена Субботина – Қазақстаннан шыққан әлемге әйгілі топ-модель. Бүгінде ол қазақстандық және американдық модель ретінде саналады. 1990 жылы Алматыда дүниеге келген. Қазіргі уақытта модельдік жұмысын АҚШ- жалғастырып жүр және сол жақта тұрады, модельдік индустрияда 17 жасынан бастап жұмыс істейді.

Халықаралық деңгейде 2011 жылы Givenchy сән көрсетілімін ашу арқылы дебют жасады. Ол әлемге «Kazakhgirl» лақап атымен танымал. Алматыда туған Алена бала кезінен волейболмен айналысып, жаттықтырушылардың көзіне түскен. Бірақ 16 жасында ол модельдік салаға бет бұрады. Алғашқы әрекеті сәтсіз болып, Қазақстанның сән апталығында (KFW) оның келбеті дизайнерлердің көңілінен шықпайды, тек Құралай Нұрқаділова ғана оған мүмкіндік береді.

https://www.instagram.com/alyonasubbotina

Бұл тәжірибеден кейін Алена модельдік мансабынан бас тартып, жаттықтырушы болуды жоспарлайды. Бірақ агенттер оны қайта тауып, Азия елдеріне фотосуреттерін жібереді. Нәтижесінде Алена Токио мен Сингапурдан шақырту алады.

Осылайша, Алена Субботинаның мансабы тез өседі. Бүгінде ол:

  • Givenchy, Balenciaga, Kenzo сияқты әйгілі брендтердің көрсетілімдеріне қатысқан;
  • Vogue, Harper’s Bazaar, Elle журналдарының бетінде шыққан;
  • Нью-Йорк, Париж, Милан, Лондон сән апталықтарында сәтті өнер көрсетіп жүр.

Ол – Қазақстанды әлемдік сән индустриясында танытып жүрген ең жарқын қазақстандық топ модельдердің бірі.

2012 жылы ол ACNE, Fendi, Preen, Pringle of Scotland, Rick Owens, Daks, David Koma, Givenchy, Mara Hoffman, Roksanda Ilincic, Thierry Mugler, Tibi, Vivienne Westwood, Jean Paul Gaultier сияқты әйгілі дизайнерлердің сән көрсетілімдеріне қатысты.

https://www.instagram.com/alyonasubbotina

2013 жылы Алена SSAW, L’Officiel Paris және таиландтық Numero журналының мұқабасында, сондай-ақ Thomas Wylde және Various брендтерінің жарнамалық науқанының бет-бейнесі болды. Сонымен қатар ол Armani брендінің жарнамасына, Costume National, Theory, MAC косметикасы және итальяндық Brunello Cucinelli брендінің жарнамалық науқандарына қатысқан.

Париж сән апталығын Наталья Водянова, Фрэнки Райдер, Адриана Лима және Наташа Поли сияқты модельдермен бірге ашты.

Алена модельдік индустриядағы қиындықтар туралы ашық айтады. Оның айтуынша, модельдерді нөлден дайындау – өте ауыр еңбек. Ол модельдердің АҚШ-та мансабын бастағаны дұрыс деп санайды, өйткені Еуропа жаңадан бастағандар үшін қолайлы нарық емес.

Бибісара Шәріпова

Нью-Йорк қаласында модельдік мансабын сәтті жалғастырып жүрген тағы бір қазақтың аруы – Бибісара Шәріпова. Ол Степногорск қаласының тумасы, әлемдік сән сахнасында «Бибі» есімімен белгілі. Оның табысты мансабы табандылық пен еңбекқорлықтың нәтижесі екені сөзсіз. Өйткені оның модельдік жолы небәрі 13 жасында басталған. Жасөспірім шағында оның бойы 176 см болған көрінеді. Сол себепті ол сән индустриясына ерте бет алады.

https://www.instagram.com/bibisharipova

2008 жылы Бибісара Top Model Asia байқауының финалына шығып, Нью-Йоркте жұмыс істеуге шақырту алады. Осы сәттен бастап оның кәсіби мансабы жаңа деңгейге көтеріледі. Әлемге танымал Benetton, Uniqlo, Salvatore Ferragamo, Puma, Schwarzkopf сынды брендтермен келісімшарт жасасып, олардың жарнамалық кампанияларының бет-бейнесіне айналады.

2015 жылы ол жапондық Uniqlo, сондай-ақ United Colors of Benetton және Forever Yours маркаларының ресми модельдері қатарынан көрінеді.

Бибісараның шығармашылық өмірбаянында Vogue, Elle, Harper’s Bazaar секілді беделді журналдардағы фотосессиялар ерекше орын алады. Ол Милан, Париж, Нью-Йорк және Токио сән апталықтарында әлемдік деңгейдегі дизайнерлердің топтамаларын таныстырып, өзінің харизмасы мен ерекше келбеті арқылы сән индустриясында айрықша беделге ие.

https://www.instagram.com/bibisharipova

Соңғы жылдары АҚШ пен Еуропа елдерінде азиялық келбетті модельдерге сұраныс артып келеді. Бұл тұрғыда Бибісара Шәріпованың нәзік әрі талдырмаш дене бітімі, айқын қырлы бет-әлпеті және табиғи тартымдылығы оны сән үйлерінің таңдаулы және түрлі жарнамалық фотосессиялар мен сән көрсетілімдерінің ізденістегі моделіне айналды.

Қорлан Мәди

Қорлан Мәди – Алматыда дүниеге келген қазақстандық модель. Бүгінде ол Италияның сән астанасы саналатын Милан қаласында тұрып, халықаралық сән индустриясында табысты мансап құруда.

Ол Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде шет тілдері мамандығы бойынша білім алған соң, Италиядағы беделді Luiss Guido Carli университетінде «Сән және люкс саласындағы халықаралық бизнес» бағдарламасы бойынша магистратураны тәмамдап, Италияда қалып, модельдік мансабын жалғастыруға шешім қабылдайды.

https://www.instagram.com/korlanmadi

Қорлан Мәди сән индустриясында 8 жылдан астам тәжірибеге ие. Оның портфолиосында Fendi, Bulgari, Trussardi, Revlon, Guerlain сияқты әлемге әйгілі брендтермен жұмыс істеу тәжірибесі бар. Ол халықаралық журналдардағы фотосессияларға қатысып, сән үйлерінің жарнамалық жобаларының бет-бейнесі болды.

Сонымен қатар, ол киноиндустрияда өзін сынап көріп, түрлі фотожобаларға қатысқан. Модельдің пікірінше, бұл жетістіктер – мансабының бастамасы ғана.

Бұдан өзге қазақстандық модель екі мәрте Венеция кинофестивалінің қызыл кілемінде өнер көрсеткен.

https://www.instagram.com/korlanmadi

Модельдік қызметтен бөлек, Қорлан продюсерлік пен стилистика саласында да жұмыс істеп, сән индустриясындағы жан-жақтылығын дәлелдеп жүр.

Қорлан қазақ қыздарының бірегей сұлулығына жиі тоқталады. Оның пікірінше, қазақ модельдерінің ерекше келбеті халықаралық сән индустриясында жоғары бағалануда.

Баян Бокишева

Баян Бокишева – халықаралық сән индустриясында өз орнын қалыптастырған қазақстандық модель. Оның кәсіби жолы табандылық пен еңбектің арқасында құрылған, ал бүгінгі таңда ол әлемге танымал сән үйлерімен бірлесіп жұмыс істейді.

Модельдік мансабын құруға Баянға Мәскеудегі кәсіби агент көмек берген. Сол арқылы ол алғашқы шетелдік жарнамалық фотосессияларға қатысу мүмкіндігіне ие болады.

https://www.instagram.com/bayana_b

Қазақстандық аудитория арасында Баянның танылуы Marie Claire Hong Kong журналының мұқабасында пайда болғаннан кейін басталды. Алайда бұл жетістікке жетпес бұрын ол екі жыл бойы Пекин, Шанхай, Мәскеу және Гонконг қалаларында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды.

Баян Бокишева тек сән индустриясында ғана емес, білім саласында да жетістікке жеткен. Ол Пекиндегі Қытайдың Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық академияда халықаралық қатынастар факультетінде оқып, «Дипломатия» мамандығы бойынша қытай тілінде білім алады.

Баянның сән индустриясындағы ірі жобалары:

  • Dolce & Gabbana маркасының жабық көрсетілімінде дефиле жасаған алғашқы қазақстандық модель атанды;
  • Ресейлік дизайнер Ульяна Сергеенконың коллекциясының бет-бейнесі болды;
  • Alexander Wang және Saint Laurent брендтерінің жарнамалық кампанияларына қатысты;
  • Sorelle бренді түсірген сәндік мини-фильмде басты рөлдердің бірін сомдады;
https://www.instagram.com/bayana_b

Халықаралық сапарлар арасындағы үзілістерде Баян Қазақстанға келіп, Eat Models агенттігімен жұмыс істейді. Бұл оның отандық сән индустриясымен байланысын сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Зарина Ева

Зарина Ева – Тараз қаласының тумасы, қазіргі таңда АҚШ-та табысты мансап құрып жүрген модель, актриса және сән мен сұлулық саласындағы контент авторы. Оның есімі Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де танымал болып келеді.

Зарина алғашқы модельдік жолы Қазақстананан басталған. Уақыт өте келе ол АҚШ-қа қоныс аударып, Лос-Анджелес пен Нью-Йорк қалалары арасында шығармашылықпен айналыса бастады. Оның өмірбаянында әлемдік сән индустриясының әйгілі брендтерімен жұмыс істеген.

https://www.instagram.com/zarinayeva

Атап айтқанда, ол Balmain, Philipp Plein, Chopard, Piaget сынды маркалармен ынтымақтастық орнатып, түрлі жарнамалық жобаларға қатысты.

Заринаның еңбектері көптеген беделді журналдардың мұқабасына шықты. Сонымен қатар, ол New York Fashion Week, Miami Swim Week, LA Fashion Week көрсетілімдерінің қатысушысы болды.

2019 жылы Кореяның Сеул қаласында өткен халықаралық сұлулық байқауында ол «І вице-мисс World Beauty Queen» атағын жеңіп алды.

https://www.instagram.com/zarinayeva

Модельдік мансаппен қатар, Зарина Ева кино өнерінде де өзін сынады. Қазіргі уақытта ол АҚШ-тағы кинокомпаниялармен жұмыс істеп, жаңа жобаларға қатысып жүр.

Лос-Анджелесте тұратын модель спортқа ерекше мән береді. Бос уақытында ол Малибуда хайкингпен айналысып, баскетбол жарыстарына қатысады.