Жаңалықтар

Әлемдегі айтулы астаналар

Ең-ең астаналар 
Әлемдегі айтулы астаналар
09.07.2018 12:53 20932

Астана – әр елдің саяси-әкімшілік істерін жүргізетін стратегиялық маңызды орталығы. Географиялық орналасу реті, қаржы-экономикалық әлеуетіне қарай әр мемлекеттің астанасы да түрлі ерекшеліктерге ие. Еліміздің бас қаласының төл мерекесі – Астана күніне орай әлемдегі астаналардың «еңдерін» бір шолып өтпекпіз. Біздің елорда бұл санаттардың қайсысына кіреді екен?

Әлемнің ең биік және ең аласа нүктесіндегі астаналар

Оңтүстік Америка құрлығындағы Ла-Пас қаласы теңіз деңгейінен 3577 метр биіктікте орналасуымен дүние жүзіндегі ең биік астана атанып отыр. Боливия елордасы ертеде жергілікті үндістердің мекені болғанымен, 1548 жылы Ла-Пас өзенінен шағыл алтынның табылуымен күрт дамып, 1898 жылы бейресми астана мәртебесіне ие болды.

Ал тынық мұхиттағы Тувалу астанасы Фунафути – дүние жүзіндегіең төмен орналасқан астана. Теңіз деңгейінен 2 метр биіктікте ғана орын тепкен осы елді ғалымдар болашақ 30 жылда суға батады деп болжайды. Тувалу, сонымен бірге, территориясы 240 гектарды құрауымен ең шағын едердің қатарына кіреді.

Ең алып және ең шағын астаналар

Токио – әлемдегі ірі мегаполистің бірі. Қала аумағы 2155 км2 қамтуымен әлемдегі ең үлкен астана саналады. Егер Нью-Йорктың өзі дүние жүзіндегі ірі қалалардың санатына жатса, ал Токио Нью-Йорктың үш есесіне жуық үлкен. Сонымен бірге Токио екі Қазақстанның халқын сыйдырып отырған әлемдегі тұрғыны ең көп қала.

Ал адам саны ең аз астана ол – Ватикан. Италия территориясының аумағында «мемлекет ішіндегі мемлекет» сипатына ие Ватиканда 830 адам өмір сүреді. Соған қарамастан жеке темір жолы, пошталық маркасы, тәулік бойы 36 тілде хабар тарататын халықаралық радиостанциясы бар. Әлемнің 120 елімен дипломатиялық байланыс орнатқан.

Токио мен Ватикан жұбы сондай-ақ халық саны ең тығыз және ең сирек категориялары бойынша да тоқайласады екен.

Ең қарт және ең жас астаналар

Әлемдегі ең қарт ел орталығы Ливан астанасы – Бейрут. Финикийлер тағанын қалаған Бейруттың тарихын 5000 жыл ілгері шегеруге болады. Археологиялық қазбалардан көптеген финикийлерге, ежелгі грек, араб және Осман империясына тән жәдігерлер табылды. Сирияның Дамаскі шаһарымен бірге Бейрут әлемнің ең қарт қалалары деген атақты еншілейді.

Ең жас астаналардың қатарында Астана көш бастап тұр десек, сірә, қателесеміз. Біз үшін астана жас қала болғанымен, елордасы бізден де балаң ел бар екен. Ол – Оңтүстік Судан Республикасының орталығы Джуба қаласы. Оңтүстік Судан 2011 жылы жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Суданнан іргесін бөлектеп, тәуелсіздік алған жас ел. Сәйкесінше оның астанасы Джуба да қазіргі таңда әлемдегі ең жас астана атанып отыр.

 

Ең суық және ең ыстық астаналар

Моңғолия астанасы Ұланбатырда қыстың ең суық күндері сынап бағанасы -50℃ көрсетеді, сөйтіп ол ең суық астаналардың көшін бастап тұр.  Алты ай бойы суық кетпейтін Ұланбатыр климаты құрлықтық климатқа жатады. Дәл осы бап бойынша Қазақстанның астанасы да қалысар емес. Еліміз әлемдегі ең үлкен ішкі құрлықтық мемлекет болғандықтан қысы қатты суық типке жатады. Сондықтан әлемдегі ең суық астаналар категориясына Ұланбатыр мен Астананы қосар атауымызға болады.

Қазіргі таңға дейін жер бетінде тіркеуге түскен ең жоғары температураның бірі – Ливияның Эль-Азизия қаласына тиесілі. 1922 жыл 13 қыркүйек күні 57.8℃ ыстық тіркеліпті. Ал әлемдегі ең ыстық астана қатарына екі бірдей қала еніп отыр. Олар Оман астанасы – Масқат пен Кувейт мемлекетінің орталығы – Эль-Кувейт қаласы. Мұнда жылдық орташа температура 39℃ жетеді.

 

Атауы ең ұзын астана

Тайланд – дүние жүзіне тартымды саяхат орталығымен, қонақжайлығыменаты машһүр ел. Мұнда жер шарының әр түкпірінен келіпдемалушылар легі қашан да толастаған емес. Алайда Тайланд бұл рет топтамамызға жанға жайлы демалыс орнымен еніп отырған жоқ.Бақсақ, Тайланд астанасы атының ұзақтығымен де айрықша екен. «Крун Тхеп Маханакхон Амон Раттанакосин Махинтараюттхая Махадилок Пхоп Ноппарат Ратчатхани Буриром Удомратчанивет Махасатан Амон Пиман Аватан Сатит Саккатхаттийя Витсанукам Прасит» аталатын елорда атауы бақ «қонып, бақыт дарыған, періштелер мен құдайлар назары түскен» деген сияқты тілек мағынасын білдіреді екен. Бұл ең ұзақ қала атауы ретінде Гиннестің рекордтар кітабында енген(ағылшын әліпбиімен жазғанда 172 қаріптен тұрады) атау тайлықтардың өздерінде толық айтылмаса, шет елдіктер үшін Тайланд астанасы қазірше Бангкок атауымен есте қалып тұр.

Әлемнің солтүстік және оңтүстік қиыр шетіндегі астаналар

Исландия астанасы Рейкьявик әлемнің ең солтүстік нүктесіндегі елорда саналады. Бұл қалада Исландия халқының үштен бірі қоныстанғанына қарамастан, Рейкьявик Еуропа елдеріндегі ең шағын астана. Көкпен таласқан зәулім үйлер жоқтың қасы. Сондықтан орталықтан-ақ қала шетіндегі теңіз жағалауының тартымды көрінісне көз қанықтыра аласыз. Исландияның табиғи арасандары Рейкьявикты әлемде танымалдығын арттырды.

Жер шарының ең оңтүстік қиырына орналасқан астана – Жаңа Зеландия орталығы Веллингтон. Бұл шаһар да туристер көп баратын, мәдениетімен қызықтыратын қалалардың санатына жатады.

Таң рауанын бірінші қарсы алатын және күн шапағын соңғы көретін астаналар

Тынық мұхиттың оңтүстік қанатын жайлаған Фиджи – әлемдегі таң рауанын бірінші болып қарсы алатын ел. Сәйкесінше, астанасы Сува да күннің шыққанын өзгеден бұрын көрмек. Ал уақы белдеуі бойынша Фиджидан 24 сағат кейін барып таңы ататын немесе сол күнді жер жүзінегі барлық елдердің ең соңынан шығарып салатын астана – Самоа орталығы Апия.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға