freepik.com

Әлемдегі жалғыз саяхаттауға ең қауіпті мемлекеттер

28.10.2025 17:17

Жалғыз саяхаттаудың өзіне тән ерекше әсері бар. Бағытты өзіңіз таңдайсыз, шешімді ешкіммен ақылдаспай қабылдайсыз, әр сәт – тек өзіңізге тиесілі. Бірақ әлемнің барлық елі саяхатшы үшін бірдей қауіпсіз емес екенін есте ұстаған жөн. Кей елдердегі қылмыс, тұрақсыздық немесе мәдени айырмашылық турист үшін қауіп тудыруы мүмкін. Осы ретте El.kz интернет порталы оқырман назарына жалғыз саяхаттауға болмайтын елдердің тізімін ұсынады.  

Саяхатқа жалғыз шығарда нені ескеру керек?

Жалғыз саяхаттау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сапарға дайындалғанда ең бірінші кезекте қауіпсіздікке көңіл бөлу керек. Ол үшін төмендегідей маңызды жайттарды ескеруге кеңес береміз.

Қылмыс деңгейі

Баратын елдің қылмыс көрсеткішін зерттеңіз. Кейбір мемлекеттерде ұсақ ұрлық жиі тіркелсе, енді бірінде туристерге шабуыл жасау немесе тонау деректері көп кездеседі. Сондықтан алдын ала сол елдегі қауіп түрлері туралы ақпарат алып, сақтық шараларын ойластырған дұрыс.

Саяси тұрақтылық

Қақтығыстар жиі болып тұратын немесе терроризм қаупі жоғары елдерге жалғыз бару қауіпті. Мұндай аймақтарға сапар шегуді кейінге қалдырған абзал.

Инфрақұрылым сапасы

Сенімді көлік қатынасы мен сапалы медициналық қызметтің болуы – қауіпсіздіктің кепілі. Егер елде жол, байланыс немесе аурухана жүйесі нашар болса, төтенше жағдайда көмек алу қиынға соғады.

Мәдени және әлеуметтік ерекшеліктер

Әр елдің өз салт-дәстүрі мен өмір сүру ережелері бар. Кей қоғамдарда әйелдің жалғыз жүруі немесе ашық киінуі түсінбеушілік тудыруы мүмкін. Сол себепті жергілікті мәдениетке құрметпен қарап, алдын ала танысып алған жөн.

Жемқорлық деңгейі

Кейбір елдерде құқық қорғау органдарының жемқорлығы турист үшін үлкен кедергі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда көмек сұрау немесе әділдікке жету қиынға соғады. Сондықтан елдің беделі мен сенімділік деңгейіне назар аударыңыз.

Тілдік кедергі

Тіл білмеу – жиі кездесетін қиындықтардың бірі. Егер жергілікті халық ағылшын тілінде сөйлей бермесе, бағыт табу немесе көмек сұрау қиын болуы мүмкін. Сондықтан ең қажетті сөздерді үйреніп, аударма жасайтын қосымшаларды жүктеп алыңыз.

Жалғыз баруға болмайтын елдер тізімі

Венесуэла

Бұл ел – әлемдегі ең қауіпті мемлекеттердің бірі саналады. Мұнда ұрлық, тонау, қарулы шабуыл және адам ұрлау оқиғалары жиі тіркеледі. Ел ішіндегі саяси тұрақсыздық пен экономикалық дағдарыс жағдайды одан әрі қиындата түседі.

Жалғыз жүрген саяхатшылар, әсіресе әйелдер үшін қауіп деңгейі жоғары. Тіпті туристер көп жиналатын аудандардың өзінде қауіпсіздікке кепіл жоқ. Сол себепті Венесуэлаға жалғыз барудан бас тартқан жөн, ал егер сапар міндетті болса – тек ұйымдастырылған топ құрамында жүрген дұрыс.

Біршама қауіпсіз саналатын аймақ – Маргарита аралы. Мұнда әр курортты жеке күзет қорғайды, ал жағажайларды қарулы полиция үнемі бақылап жүреді. Дегенмен аралдың туристік аймағынан тыс жерлерге, әсіресе жалғыз шығуға мүлде болмайды. Бұл туралы жергілікті гидтер де алдын ала ескертіп отырады.

Айта кетерлігі, туристерді әуежайға апарып-әкелетін автобустарды полицей көліктері қарулы күзетпен бірге шығарып салады. Бұл да елдегі қауіп деңгейінің қаншалықты жоғары екенін айқын көрсетеді.

Бангладеш

Бұл ел – халқы тығыз қоныстанған және тұрмыс деңгейі төмен мемлекеттердің бірі. Мұнда ұсақ ұрлықтар, алаяқтық және түрлі қылмыс жиі кездеседі. Бұған қоса, Бангладеште саяси тұрақсыздық пен діни экстремизм қаупі де сақталып отыр.

Жалғыз саяхатап жүрген туристер үшін, әсіресе әйелдерге, бұл ел қауіпті бағыттардың қатарында. Консервативті қоғам нормаларына байланысты әйел адамның жалғыз жүруі жиі түсінбеушілік пен қудалауға себеп болады. Тіпті халық көп жүретін көшеде немесе базарда жүргеннің өзінде, сіздің айналаңызға бір сәтте ондаған ер адам жиналып қалуы мүмкін.

Кейде олар шетелдікпен суретке түскісі келеді немесе қызығушылықпен қарайды. Дегенмен ондай назардың көптігі мен жеке кеңістіктің болмауы саяхатшыны жайсыз сезіндіріп, үрей тудырады.

Тіпті жай ғана теңіз жағалауында серуендеудің өзі де қолайсыздық туғызуы ықтимал. Артыңыздан 20-30 адамнан тұратын топ еріп жүруі әдеттегі жағдай. Сондықтан Бангладешке жалғыз бару – әсіресе әйелдер үшін аса қауіпті әрі психологиялық тұрғыдан ауыр болуы мүмкін.

Бразилия

Бразилия – сұлулығы мен қауіптілігі қатар жүретін ерекше ел. Мұнда тропикалық табиғаттың ғажайып көріністері мен алтын түстес жағажайлар бар, бірақ дәл сол қалалардың ішінде кедей аудандар мен қылмыс деңгейі жоғары аймақтар да кездеседі.

Рио-де-Жанейро мен Сан-Паулу сияқты ірі қалаларда ұрлық, тонау және есірткі саудасы кең таралған. Жалғыз жүрген саяхатшылар жиі нысанаға айналады. Сондықтан туристерге адамдар аз жүретін көшелерден аулақ болуға, бағалы заттарды көзге түсірмей ұстауға және абай болуға кеңес беріледі.

Гидтер мен жергілікті тұрғындар туристерге көшеге шыққанда қарапайым киініп, қымбат телефон мен камераны көпшілік алдында пайдаланбауға кеңес береді. Егер күтпеген жерден қарулы тонаушы жолықса, қарсылық көрсетпей, өзіңізбен бірге алып жүрген аздаған ақшаны берген дұрыс. Өйткені өмір – кез келген заттан қымбат.

Бразилия табиғатымен баурап алатыны сөзсіз, алайда жалғыз саяхатшылар үшін бұл елде сақтық бірінші орында болуы керек.

Оңтүстік Африка Республикасы

Оңтүстік Африка – тарихы бай, ерекше мәдениеті бар, табиғаты да керемет ел. Алайда мұнда қылмыс деңгейі өте жоғары. Елде қарулы тонау, көлік ұрлығы және өзге де зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстар жиі тіркеледі.

Жалғыз саяхаттайтын туристер үшін мұнда аса сақ болу қажет. Кешкі уақытта және адамдар аз жүретін аудандарға баруға болмайды. Сондай-ақ бағалы әшекейлер мен қымбат техника, мысалы, камера немесе смартфонды көпшіліктің көз алдында пайдаланбаған жөн.

Туристерге салыстырмалы түрде қауіпсіз саналатын аймақтардың бірі – Кейптаун. Мұнда туристерге арналған күзетпен қорғалған аудандар бар. Дегенмен бұл жерде де сақтық ережелерін ұмытпау керек: қымбат заттарды тағып жүру немесе жалғыз серуендеу қауіп төндіруі мүмкін.  

Егер сіз ұйымдастырылған топпен барып, тәжірибелі гидтің соңынан ерсеңіз, Оңтүстік Африка сапары ерекше әсер қалдырады. Бұл елдің табиғаты, сафари турлары мен мәдени мұрасы – өмір бойы ұмытылмас естелік болмақ.

Пәкістан

Пәкістан – мәдениеті бай, тамыры терең тарихы бар ел, бірақ әлеуметтік тұрғыдан өте консервативті және діни тұрғыдан сезімтал мемлекет саналады. Мұнда экстремизм қаупі жоғары, терактілер мен адам ұрлау оқиғалары да кездесіп жатады. Кей аймақтарда туристердің қозғалысы қатаң бақыланады: кейде саяхатшыларды бір елді мекеннен екіншісіне арнайы қарулы күзет тобы жеткізіп салады. Бұл қашықтық кейде небәрі 10 шақырым болса, кейде 150 шақырымға дейін жетеді.   

Соңғы жылдары Пәкістанда туризмді дамыту әрекеттері байқалып, шетелдік турпакеттер сатыла бастады. Дегенмен жалғыз жүрген саяхатшыларға, әсіресе әйелдерге, бұл елге бару ұсынылмайды. Себебі мұнда бейтаныс әйелге назар аудару, суретке түсіру немесе қолайсыз сөз айту секілді жағдайлар жиі кездеседі.

Тіпті топпен саяхаттасаңыз да, киім таңдауда өте мұқият болу қажет. Ашық киім бұл елде мәдени тұрғыдан қабылданбайды және қажетсіз назар тудырады. Ең қолайлы киім – ұзын жеңді туника немесе кең жейде, ұзын шалбар және басына жеңіл орамал тағу. Мұндай киім жергілікті дәстүрге құрметті білдіреді әрі сізді артық назардан қорғайды.

Иран

Иранда жергілікті халық шетелдіктерге жылы шырай танытады. Кейбіреулері орысша сөйлей алады, ал білмейтіндері түрлі дәм ұсынумен, қонаққа шақырумен құрмет көрсетеді.  

Алайда бейбіт кезеңнің өзінде Иранда саяхаттау кезінде белгілі бір ережелерді сақтау міндетті. Мұнда алкоголь ішуге қатаң тыйым салынады. Туристер жергілікті мәдениет пен дәстүрді құрметтеуі керек: әйел адамдардың киімі жабық болуы тиіс – аяқтың, қолдың және бастың ашық жүруі қабылданбайды.

Сізге тікелей қауіп төнбегеннің өзінде, ұшақ қатынасының тоқтауы немесе әуе кеңістігінің жабылуы салдарынан елден шыға алмай қалу қаупі бар.

Израиль

Қазіргі уақытта Израиль Иранмен бейбіт келісім жасасқанымен, аймақтағы шиеленіс кез келген сәтте қайта өршуі мүмкін. Мұнда қарулы қақтығыстар, әуе шабуылдары немесе террористік әрекеттер қаупі әлі де бар.

Израиль халқы мұндай жағдайда өмір сүруге бейімделіп кеткен: көптеген үйлер мен қонақүйлерде арнайы бомбаға қарсы паналау орындары кездеседі. Алайда турист үшін мұндай ахуалдың ортасында демалыс өткізу – көңіл көтеру емес, керісінше, үлкен күйзеліс пен қауіп сезімін тудырады.

Кей кездері ұшақ рейстерінің тоқтатылуы немесе кейінге шегерілуі де жиі кездеседі, бұл саяхат жоспарларын бұзады.

Егер бәрібір баруға бел бусаңыз…

Қауіп деңгейі жоғары елге жалғыз бармаған жөн. Алайда мұндай сапарға шығып жатсаңыз, мынадай сақтық шараларын қатаң ұстаныңыз:

Жағдайды мұқият зерттеңіз. Елдегі қылмыс деңгейі, саяси ахуал, әлеуметтік-мәдени ерекшеліктер туралы барынша көп ақпарат жинап шығыңыз. Соңғы жаңалықтарды тексеріп, қауіпті аудандарды белгілеңіз.

Елшілікте тіркеліңіз. Сапар жоспарыңыз бен байланыс деректеріңізді елшілікке қалдырыңыз – төтенше жағдайда сізді тез табуға көмектеседі.

Жоспарыңызды жақындарыңыз білсін. Қайда баратыныңызды, қай күні қай жерде болатыныңызды алдын ала айтып, үнемі хабарласуды әдетке айналдырыңыз.

Назар аудартпаңыз. Қарапайым киініңіз, қымбат телефон, әшекей, камераны жұрт көзінше көрсетпеңіз.

Қауіпті аудандардан аулақ болыңыз. Қай елде жүрсеңіз де күмәнді, қауіп тудыратын жерлерге бармаңыз.

Түнде жалғыз жүрмеңіз. Бұлшық ет те, батылдық та көмектеспейтін жағдайлар болады: бейтаныс жерде қараңғы уақытта сыртқа шықпаған дұрыс.

Бейтаныс адамдарға сенбеңіз. «Көмектесейін», «қонақ бол», «дәм татып көр» деген ұсыныстарға сақтықпен қараңыз.

Алкоголь мен есірткіден бас тартыңыз. Қылмыскерлер үшін жеңіл олжаға айналасыз.

Құжаттардың көшірмесін алып жүріңіз. Төлқұжаттың түпнұсқасын қауіпсіз жерде сақтап, өзіңізбен тек көшірмесін алып жүріңіз (цифрлық нұсқасын да бұлтта сақтаңыз).

Медициналық сақтандыру жасаңыз. Аурухана қызметі мен дәрі-дәрмек бағасы кей елдерде өте қымбат. Сондықтан сақтандыру полисі сізді қаржылық қиындықтан және артық уайымнан қорғайды.

Жедел байланыс құралдарын орнатыңыз. Жергілікті шұғыл қызмет нөмірлерін сақтап қойыңыз, SOS-қосымшалар пайдаланыңыз, офлайн карталарды жүктеңіз.

Интуицияңызға сеніңіз. Іштей жайсыздық сезсеңіз, бірден ол жерден кетіңіз.