freepik.com

Әлемдегі ең тыныш жер анықталды

Жер бетіндегі ең тыныш орынның қайда орналасқаны белгілі болды. Ол – Гавай аралдарының Мауи атты аралындағы Халеакала кратері, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ол Тынық мұхит деңгейінен 3055 метр биіктікте орналасқан. Сарапшылардың айтуынша, ондағы табиғи шу деңгейінің төмендігі соншалық, тіпті адамның есту қабілетінің шегіне жақындайды. Кратердің биік қабырғалары жел дыбысын бөгейді. Сонымен қатар онда өсімдіктер де, жануарлар да, құстар мен жәндіктер де жоқ, сондықтан табиғи дыбыстар естілмейді.

Кратерде арнайы ғылыми құрылғылар арқылы өлшеу жүргізілген. Нәтижесінде шу деңгейі алыс аймақтарда 21 децибелден бастап, жағалау маңында 45 децибелге дейін өзгеретіні анықталды. Айта кетейік, 20 децибел дегеніміз – бұл адам бір метр қашықтықтан сыбырлап сөйлегендегі дыбыс деңгейі.

Ал жасанды нысандар арасында ең тыныш орын – Миннеаполистегі Orfield Laboratories компаниясының жаңғырықсыз камерасы. Ондағы шу деңгейі минус 24,9 децибелді құрайды.

Бұл камера 99,9% дыбысты жұтып алады. Дыбыс энергиясын сейілту үшін шыны талшықтан және пенопласттан жасалған материалдар қолданылады. Сондай-ақ сырттан келетін дыбыстарды барынша азайту үшін қосымша шаралар қабылданған, – деп жазады IFL Science.

Бұған дейін ғалымдар әлемдегі ең қараңғы өзен туралы хабарлаған болатын. Ол Африкада орналасқан Конго өзенінің саласы – Руки. Зерттеушілердің пікірінше, бұл өзен Амазониядағы Рио-Негро өзенінен де қараңғы.