Ресейдің Архангельск облысындағы Владимир Гриб атындағы кен орнында зергерлік сападағы екі ірі алмаз табылды. Қымбат тастардың салмағы: 55,96 карат және 135,75 карат. Бұл жөнінде өңір губернаторы Александр Цыбульский әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Губернатордың айтуынша, бұл кристалдар биыл табылған ерекше көлемді үшінші және төртінші алмаз болып отыр. Сонымен қатар, кен орны игеріле бастағалы бері тіркелген 50-ші және 51-ші бірегей алмаздар саналады.
Әрбір алмаздың табиғи пішіні айрықша сақталған, мөлдірлігі жоғары, қоспасыз дерлік таза екені атап өтілді. Мамандар бұл кристалдардың сапасын, зергерлер үшін сирек кездесетін олжа деп бағалап отыр.
Айта кетейік, осы кен орнында биыл қыркүйек айының соңында 340 караттық аса ірі алмаз табылған еді. Ол - Ресей тарихында өндірілген бес ең үлкен алмаздың бірі. Жер қойнауынан мұндай көлемдегі тастардың шығуы геологтар мен зергерлік өнер мамандары үшін үлкен ғылыми әрі өндірістік маңызға ие.
Кен орнында соңғы жылдары табылып жатқан ірі алмаздар аймақтың әлемдік алмаc нарығындағы рөлін күшейтіп, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыра түсуде.

