Жаңалықтар

Әлемдегі ең беделді халықаралық олимпиада алғаш рет Қазақстанда өтеді

Әлемдегі ең беделді халықаралық олимпиада алғаш рет Қазақстанда өтеді
Фото: primeminister.kz 24.06.2024 17:09 514

Биология пәнінен әлемдегі ең беделді халықаралық олимпиада биыл алғаш рет Қазақстанда өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметте «IBO-2024» атты білім додасын ұйымдастыру мәселелері пысықталды. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңеске орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

«Internetional biology оlympiad» әлемдегі топ-7 пәндік жарыстардың қатарына кіреді. Қазақстандық оқушылар бұл сайысқа 28 жыл бойы тұрақты қатысып келеді. Осы уақыт ішінде олар 70-тен астам түрлі наградаларға ие болды: 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль. Осындай жетістіктерді ескерген халықаралық ұйымдастыру комитеті олимпиаданы Астанада өткізуді ұйғарды. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, биылғы додада ел намысын 4 дарынды оқушымыз қорғайтын болады.

Елордада өтетін халықаралық олимпиадаға 81 елден 305 оқушы мен олардың 275 жетекшісі келмек. Жарыс талаптарына сай, ұйымдастыру және ғылыми комитеттер құрылып, арнайы www.ibo2024.kz сайты әзірленген. Демеушілер есебінен теориялық және тәжірибелік кезеңдерге қажетті құрылғылар сатып алынды. Олимпиада кезінде 80-нен аса волонтер қолдау көрсетпек, – деді Еділ Оспан.

Негізгі зияткерлік турнирден бөлек, қатысушылар үшін елорда мен Ақмола облысының көрікті жерлері бойынша тур қарастырылған. Сондай-ақ Қазақстанның тарихымен және ұлттық өнерімен танысу бойынша іс-шаралар ұйымдастырылады.

Тамара Дүйсенова халықаралық олимпиаданың маңыздылығына тоқталып өтіп, оны ұйымдастыруға жауапты мемлекеттік органдарға тапсырмалар жүктеді.

Олимпиаданың Қазақстанда өткізу оқушыларымыздың білім деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Сайыс белгіленген талапқа сай өтуі үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Басқа елдерден келген оқушыларды қабылдай отырып, біз үлкен жауапкершілікті өз мойнмымызға аламыз. Білім додасына қатысатын балалардың орналасқан жеріндегі, олимпиада өтетін орындағы санитарлық талаптардың сақталуына, тасымалдау кезіндегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырамын, – деді Тамара Дүйсенова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға