Әлемдегі ең алып айсберг еріп жатыр: одан қандай қауіп бар?
Әлемдегі ең ірі әрі ең ұзақ уақыт сақталған айсбергтердің бірі – A-23A жуық арада толықтай жойылуы мүмкін. Ғалымдардың болжамынша, ол алдағы бірнеше аптададе еріп кетуі ықтимал, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұған айсбергтің Оңтүстік жартышардың жылы суына қарай жылжуы, ал бұл аймақта қазір жаз мезгілінің басталуы әсер етіп отыр.
NASA деректеріне сәйкес, A-23A соңғы уақытта айтарлықтай өзгерген: айсбергтің бетінде еріген судан пайда болған көгілдір дақтар байқалып, құрылымдық әлсіреу белгілері анық көріне бастаған. Қазіргі таңда оның ауданы шамамен 1,2 мың шаршы шақырымды құрайды.
Айсберг неге тез еріп жатыр?
CTV News мәліметінше, A-23A қазір Оңтүстік Георгия аралына жақын маңда, Оңтүстік Американың ең шеткі тұсында дрейф жасап жүр. Бұл өңірде ауа мен су температурасы жаз мезгілінде айтарлықтай жоғарылайды. Қазіргі таңда айсберг шамамен 3°C температурадағы суда орналасқан, ал мұндай жағдай мұздың еру процесін бірнеше есе жылдамдатады.
2025 жылдың желтоқсанында NASA жариялаған спутниктік суреттер айсбергтің бетінде көлемді еріген су көлдерінің пайда болғанын көрсетті. Ғалымдардың айтуынша, бұл көлдердегі судың салмағы мұз қабатындағы жарықтарды кеңейтіп, айсбергтің ішкі құрылымын әлсіреткен.
Сонымен қатар спутниктер A-23A бетінде көк және ақ жолақтардың кезектесіп орналасқанын анықтаған. АҚШ Ұлттық қар мен мұз деректері орталығының аға ғалымы Уолт Мейердің түсіндіруінше, бұл іздер жүздеген жыл бұрын айсберг әлі ірі антарктикалық мұздықтың бір бөлігі болған кезде қалыптасқан.
Бұл жолақтар мұз ағысының бағытымен пайда болып, ұсақ ойықтар түзілген. Қазір сол құрылымдар еріген судың қозғалысын күшейтіп отыр, – дейді Уолт Мейер.
NASA сондай-ақ айсберг шетінде жарық пайда болып, еріген судың тікелей мұхитқа ағып жатқанын тіркеген. Ғалымдар мұны A-23A-ның толықтай бөлшектенуінің айқын белгісі деп бағалап отыр.
40 жылдық тарих: алып мұз қалай кішірейді?
A-23A айсбергінің тарихы 1986 жылы, ол Батыс Антарктида жағалауындағы Фильхнер-Ронне мұз сөресінен бөлініп шыққан сәттен басталады. Ұзақ жыл бойы айсберг Уэдделл теңізінің таяз бөлігінде тұрып қалып, қозғалыссыз жатқан.
Тек 2020 жылы A-23A орнынан қозғалып, ашық мұхитқа бет алды. 2023 жылдың шілдесінде оның айына шамамен 150 шақырым жылдамдықпен жылжи бастағаны белгілі болды. Алайда 2024 жылдың тамызында айсберг мұхит құйынына тіреліп, уақытша тоқтап қалған. Арктикалық және антарктикалық ғылыми-зерттеу институтының (ААҒЗИ) ғалымдары сол кезде айсберг Антарктикалық айналма ағыс әсерінен толық жойылғанға дейін айналуы мүмкін екенін айтқан.
Дегенмен алып мұз массасы бұл «тұзақтан» шығып, қозғалысын қайта жалғастырды. ААҒЗИ дерегінше, бір ғана жаз мезгілінде A-23A шамамен 1000 шаршы шақырым аумағын жоғалтып, бірнеше бөлікке бөлінген. Нәтижесінде айсберг бастапқы 4 мың шаршы шақырымнан небәрі 1,2 мың шаршы шақырымға дейін кішірейді. Бұл – оның аумағының 36%-ға қысқарғанын білдіреді.
2020 жылы айсбергтің салмағы 1 триллион тонна деп бағаланған. Алайда 2025 жылдың соңына қарай ол айтарлықтай жұқарып, көлемі кішірейді
Ғылыми және экологиялық маңызы
A-23A Атлант мұхитында еріген алғашқы айсберг емес. Ғалымдар бұл аймақты бейресми түрде «айсбергтер зираты» деп атайды. Соған қарамастан A-23A-ның 40 жылға жуық сапары ғылым үшін аса құнды деректер берді. Ол «суперайсбергтердің» қалай қозғалып, қалай ыдырайтынын түсінуге мүмкіндік берді.
Мамандардың айтуынша, мұндай ірі мұз массасының жойылуы:
- теңіз деңгейінің жоғарылауын жылдамдатуы,
- мұхит ағысының бағытын өзгертуі,
- теңіз экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін.
NASA мен ААҒЗИ ғалымдары A-23A-ның соңғы кезеңін мұқият бақылап отыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, айсберг қазір Оңтүстік Георгия аралынан шамамен 70 шақырым солтүстікте орналасқан және соңғы үш айда 930 шақырымды еңсерген.
Ғалымдардың пайымдауынша, ауа мен су температурасының жоғарылауы, одан қалды айсбергтің жылы ағыпен қозғалуы оның жойылу процесін тездетеді. Осылайша, A-23A жақын арада толықтай еріп, Антарктидадан басталған 40 жылдық тарихы аяқталмақ.
Мамандар бұл үдерісті климаттық өзгерістердің айқын көрінісі ретінде бағалап отыр. Ал алынған деректер болашақтағы мұздықтардың тағдырын болжауға және оның салдарын алдын ала бағамдауға мүмкіндік береді.

